Геосаясаттың шиеленіскен шағында Қазақстанның жаһандық кеңістікте нық орнығуына инновациялық экономика ғана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан еңбек нарығы да әсер етеді. Бұл бағытта, әсіресе, университет ғылымының "қайта жаңғыруы" тиіс екенін баршамыз түсініп отырмыз. Халықаралық ахуалдың аумалы-төкпелі кезеңінде университеттің сапалы маман даярлауы өз алдынан, білім беру компоненті мен зерттеу қызметін тоғыстырып, ел мүддесін ілгерлетуге ат салысуы да қажетті бағдар.
Университетті білім беру және ғылыми ұйым ретінде қарастыра отырып, қызметтің екі бағыты да тұрақты кәсіби негізде жүзеге асырылуы керек екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, бұл бағыттардың ауқымы түрде қамтылып, университет үшін бірдей деңгейде жүзеге асырылуы керек. Университеттегі білім мен ғылым ұлттық экономикамыздың қос қанаты, біз одан шеткері кетіп дамудың даңғыл жолына түсе алмаймыз.
Жоғары білім сапасының қажетті шарты ретінде танылған университет қызметіндегі ғылым мен білімнің өзара байланысына профессор-оқытушылар құрамы ғана жауапты емес. Сонымен қатар, озық ойлы, қағілез, туындыгер студенттерді де университеттің ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға қатыстыру, тарту аса маңыды. Өйткені университет қабырғасында ғылыми жобаларға қатысқан студент ширайды, ғылыми пайымдауы жетіледі және сыни санасы артады. Бұл жердегі басты проблема – ғылым мен білімнің арасындағы байланыстың мешеулігі. Көптеген университетте ғылыми-инновациялық вектор өз дәрежесінен аз дамығаны жасырын емес.
Студенттердің ғылыми жұмыспен аз қамтылуының негізгі себептері:
- ғылыми жұмысқа жеткілікті уақыт бөлінбеуі және білім берудің үстемдігі;
- студенттер қатыса алатын ғылыми жобалардың аздығы (университет тартқан қаражаттың аздығы және меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобалардың жетіспеушілігі);
- нақты ғылыми біліктілігі бар (тек оқытушы біліктілігі ғана емес) және жоба жетекшілері ретінде студенттермен ғылыми зерттеулер ұйымдастыруға және жүргізуге қабілетті ғылыми-педагогикалық кадрлардың тапшылығы;
Дастан Қастай
Журналист