“Халық тілектес болды”. Жүрсін Ерман жағдайы туралы айтты

896
Adyrna.kz Telegram
Бағдарламадан скриншот
Бағдарламадан скриншот

Бірнеше күн бұрын 73 жасқа толған ақын, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері біраз уақыттан бері төсек тартып, сырқаттанып қалған болатын. Қазірге кезде ақынның жағдайы жақсы, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл турасында ақын “Таңшолпан” бағдарламасында айтып берді. Оның айтуынша, бұл дерт – мүшел жасының сынағы.

"Қазақтың мүшел дейтін ырымы бар ғой, маған сол айнымай келеді де тұрады. 13 жасымда не болғанын білмеймін, бірақ 25 жасымда бір қойшының үйінде аттың үстінде отырған жерімнен құтырған ит қапты. 37 мүшелімде қолымды сындырып алдым, 49 мүшелімде шешемді алып кетті. 61 жасымда ауру айналдыра бастады. Осыдан аман-есен шығып кетсем, тағы біраз жүре тұратын шығармын деп ойлаймын. Туған күнде уайым басады, өмір заулап өтіп бара жатыр ғой. Туған күн тойлайтын бала емеспін, отбасылық мереке. Жан-жақтан келіндерім, туыстарым келіп, құттықтап жатыр. Екі-үш жылдан бері ауырып, арбаға таңылып едім. Қазір ептеп аяққа тұрдым. Соған қуанып жатыр”, – деп  ақын өз жағдайы туралы айтты.

Сондай-ақ ол сауығып кетуін халықтың тілегі және ақжарқын ниетімен байланыстырды. Оның айтуынша, дертіне шипа болған дәріні бір келіншек “түсімде аян берді” деп әкеліп берген көрінеді.

“Астана мен Алматыдан бөлек шетелде де ем алдым. Оны халық жақсы біледі. Бір қызығы, Алматының іргесінде күріштің қауызынан капсула жасайтын зауыт бар екен. Қарақат деген директоры тоғыз жылдан бері осы дәріні жасап шығарады. Бір күні маған хабарласып, “Түсімде мына дәріңді Жүрсін Ерманға апарып бер” деп айтты дейді. Маған әкеліп берді. Соны ішкелі қан қысымым түсіп, қан құрамынан қант азайып, аяғымды басып қалдым. Алысқа бара алмасам да, таяғыма сүйеніп, ептеп жүремін. Бір жағы ойлаймын, қаншама адам маған тілекші боп, саулығымды сұрап жатыр. Соның да бір әсері болған шығар”, – Қанша халық маған тілектес болып, саулығымды тіледі. Соның да бір әсері тиген шығар деп ойлаймын", - деді Жүрсін Ерман.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер