Екі рет мәдениет және спорт вице-министрі болған шенеуніктің ұсталғаны хабарланды

2640
Adyrna.kz Telegram

Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов ұсталды. Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Қазақстан Республикасының бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды.

Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша қамау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жалғасуда»,—делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпараттың жария етуге жатпайтыны айтылады.

Ерлан Қожағапанов Мәдениет және спорт вице-министрі қызметін екі рет атқарды. 2017-2019 жылдары ол Министр Арыстанбек Мұхамедиұлына, кейін 2021 жылы бірнеше ай Министр Дәурен Абаевқа орынбасар болды.

Ал 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың сәуір айына дейін Премьер-министрдің кеңесшісі қызметін атқарды.

Арыстанбек Мұхамедиұлына "бөтеннің мүлкін ұрлауды ұйымдастырғаны және оған көмектескені үшін" деген айыппен ақпан айының соңында 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Оған сот “Өз орынбасарларымен алдын ала сөз байласу арқылы 2017-2019 жылдар аралығында "Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі" халықаралық көрме жобасын іске асыру шеңберінде "Э." ЖШС директорының орынбасары мен бухгалтерінің көмегімен 1,5 млрд. теңге сомасына бағаны көтеру жолымен, қызметтер көрсетуді және тауарды тиеп-жөнелтуді іс жүзінде орындамай, аса ірі мөлшерде жұмсау жолымен қаражатты жымқырған” деген айып таққан.

Ал бір кезде Мәдениет және спорт министрі болған Дәурен Абаев - қазір Қазақстанның Ресейдегі елшісі.

Антикор ұсталған Ерлан Қожағапановқа қатысты оның кейінгі қызметін көрсетпей, вице-министрлік кезеңін атаған.

 

 

Пікірлер