Ешкімді мәжбүрлемей тіліміздің тұғырын нығайта береміз — Тоқаев

866
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың отырысы басталды. Қазір Құрылтай мүшелері секцияларда айтылған ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салып, өз ойларымен бөлісіп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі»,—деп сөзін бастады президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне деген сұраныстың жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты.

«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным.

Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық.

Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.

Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек»,—деді ол.

Пікірлер