Тоқаев: Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады

832
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керектігін айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде Президент мәдени мұраны сақтап, оны дәріптеу керек екенін айтты.

"Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық Ұлыстың жерінде сан алуан этнос және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты.

Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында", - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Одан бөлек, Президент Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керегін атап өтті.

"Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек.

Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр. Фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі керек. Жалпы елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды", - деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жасалып жатқанын айтты. Құнды еңбекті жазу үшін 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылған.

Зерттеу тобының қатарында жақында өмірден өткен Ресейдің көрнекті тарихшысы Вадим Трепавлов бар.

"Өкінішке қарай, ол жақында өмірден озды. Бірақ Вадим Трепавлов өте құнды зерттеу материалдарын әзірлеп, оны көптомдықтың редакциялық алқасына табыстап кетті. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің тарихи мектептері арасындағы тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі", - деді ҚР Президенті.

Пікірлер