Көлік құралы өлім құралына айналды ма? «Апаттан ажал құшу қалыпты  жағдай емес»

988
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынған
Фото: видеодан алынған

Елде жол-көлік оқиғалары жиілеп, небір өкінішті оқиғаларды жаны ашымастан хабарлау, оны сол күйінде қабылдау әдетке айналып кетті. Мәселеге үйреншікті оқиға ретінде қараудың салдарынан адам шошитындай статистика саны өсіп келеді. Осының алдын алу үшін мамандар не дейді?

Соңғы кездері елімізде жан түршігерлік жол апаттары жиіледі. Құқықтық статистика порталының мәліметтеріне сүйенетін болсақ,ан жыл басынан бері 2635 жол-көлік апаты тіркелген. Салдарынан 3334 адам жарақаттанып, оның 242-сі қаза тапқан. Бұл өткен жылғы алғашқы үш аймен салыстырғанда 53,3 пайызға артық

ҮЙРЕНШІКТІ СЕБЕПТЕР – ӨКІНІШ ӨЗЕГІ

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жол ережелерінің сақталмауы. Жүргізушілер тәртіпке бағынбағандықтан және қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарайтындықтан бұндай оқиғалардың соңы қайғылы аяқталуда.

Апатқа әкелетін тағы бір себеп ретінде кейбір жүргізушілердің көлік жүргізу куәлігіне заңсыз қол жеткізуін айтсақ болады. 2023 жылы Антикор тексеріс барысында осындай жағдайларды анықтағандықтан, жүргізуші куәлігін алу ережелері едәуір күшейтілді. Мәселен, бұған дейін теориялық емтиханды жеке компаниялар ұйымдастырған болса, өзгерістен кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекетік корпорациясы мойнына алды.

Тағы бір өзгеріс емтиханға басқа адамның кіруіне жол бермеу мақсатында биометриялық тексеріс енгізілді. Сонымен қатар, емтихан барысы толығымен камера арқылы бақыланады. 2 рет емтиханнан құлаған үміткер тек 1 айдан кейін ғана дайындалып қайтадан тапсыра алады.

Әрине, жол апатының себебі мұнымен шектелмейді. Бұл тұста жол сапасын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, әлем бойынша ең сапалы жолдар рейтингінде көш бастап тұрған Сингапур елінде апаттан қаза болатындар саны аз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, адам өлімі бойынша 179 елдің ішінде Сингапур 174 орында тұр. Яғни, 100 мың адамға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші 2,1 адамды құрайды.

Ал жол сапасы бойынша 190 елдің ішінде 93 орынға жайғасқан елімізде бұл көрсеткіш 12,7 адамға тең. Бұдан жол сапасының жақсы болуы апаттың және оның салдарынан болатын өлім-жітімнің азаюына әсер ететінін байқай аламыз.

АҚСАҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Транспорт инженері, қалалық көлік маманы Гаухар Достанованың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының 70 пайыздан астамы елді мекендерде орын алады. Оның негізгі себебі – жолдың сапасыздығы мен инфрақұрылымның жай-күйі.

- Жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі ретінде мен жаяу жүргіншілер үшін жол инфрақұрылымының (жаяу жүргіншілер жолағы мен белгілердің) дұрыс құрылмауын айтар едім. Әріптестермен құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталының елордадағы жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтерін саралай келе, Астанада адам өлімі байқалатын жол-көлік оқиғаларының жартысына жуығында жаяу жүргінші зардап шегетінін анықтадық. Республика бойынша бұл көрсеткіш 25 пайызды құрайды, - дейді маман.

Гаухар Достанованың айтуынша жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылып, айыппұл сомасы ұлғайтылған. Сонымен қатар, камералардың көмегімен заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу енгізілген.

- 15-20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жолдың сапасын көтеру бағытында өзгерістер бар. Халықаралық деңгейдегі компаниялар жол құрылысына инвестиция салып жатыр. Оның дәлелі "Нұрлы Жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасы және "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық дәлізі. Жолдарды жөндеу мен жаңа жолдар салу бізге қандай пайда береді дейтіндерге айтарым, бұл – апат қауіпін төмендететін жоғары сапалы жол инфрақұрылымын қалыптастыруға жәрдемдеседі, - дейді қалалық көлік маманы Гаухар Достанова.

«ЖОЛ АПАТЫ ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗҒАНЫ ЕМЕС»

Жол тәртібіне бағынбағандарды қандай жаза күтіп тұрғаны туралы айта кетсек. Апатқа себеп болып, жол жүру қағидаларын бұзған жағдайда 10 АЕК айыппұл салынады. Материалдық шығын келтірген болса, 6 айға дейінгі мерзімде көлік құралын басқарудан шектеледі немесе 20 АЕК мөлшерінде ақша төлеу міндеттеледі. Егер де апат барысында адамды жарақаттап, денсаулығына жеңіл зиян тигізсе, 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, болмаса 9 ай көлемінде көлік айдау құқығынан айырылады.

Жаза жол апатын азайтудың жалғыз жолы емес екені анық. Қазіргі таңда елімізде көлік апатынан болатын өлім мен ауыр жарақаттардың нөлдік деңгейіне жетуге бағытталған Vision Zero тұжырымдамасы жұмыс атқаруда.

- Vision Zero-ның мәні – жолдағы апат салдарынан қаза болудың қалыпты жағдай мен  тағдырдың жазғаны емес екендігін түсіндіру. Сонымен қатар, апаттың алдын алуға болатынын көрсету, - дейді Vision Zero тұжырымдамасына сәйкес жол қозғалысын үйлестіру жөніндегі маман Азиза Таласпаева.

Vision Zero жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясы алғаш рет 1997 жылы Швецияда қабылданды. Ол уақытта Швецияда жол-көлік апат салдарынан  жылына 800-ге жуық адам қаза тапқан болса, 2011 жылы 314 адамға дейін азайған. 2019 жылғы мәлімет бойынша өлім көрсеткіші 100 адамға шаққанда 2,1 адамға дейін төмендеген. 2007 жылдан бері әлемнің өзге де елдері Vision Zero тұжырымдамасын қабылдап, апат құрбандарын азайтуда. Vision Zero жобасының басты мақсаты - инженерлік, архитектуралық және технологиялық шешімдерді қолдану, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру арқылы көліктегі өлім мен ауыр жарақаттарды минимумға дейін азайту.

30 ЖЫЛДА 83 МЫҢ АДАМ НЕ ҮШІН ҚАЗА ТАПТЫ?

Қазақстанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Vision Zero-ны өнеркәсіп орындарындағы жазатайым оқиғалар мен өлімнің алдын алу үшін 2019 жылы қабылдап, іске қосқан болатын. Қазіргі таңда жолдағы өлім оқиғаларын азайту мақсатында да қолданылып жатыр.

Азиза Таласпаева Vision Zero тұжырымдамасын жай ғана қағаз жүзінде қабылдап, қалдыра салуға болмайтынын алға тартып, бұл әрекетті қажет ететін тұжырым екенін ескертті. Маманның айтуынша, бізде жүргізушілердің жайлылығына баса мән беріледі. Vision Zero-ның атқаратын жұмыстарының бірі жүргізушілердің ғана емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілердің, мүгедек адамдардың, балалардың, қарттардың, сондай-ақ қоғамдық көлікті пайдаланушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне назар аудару.

- Біз қазір тең құқылы адамға бағытталған жобалауға көшуіміз керек. Жүргізушілер артықшылықтарға үйреніп қалғандықтан, оларға теңдік қысым сияқты сезіледі. Оған қарамастан заңды күшейту қажет, - дейді жол қозғалысын ұйымдастырушы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, елімізде соңғы 6 жылда жол апатынан 13 мың 541 адам қаза тапқан. Бұл бір шағын қаланы жоғалтумен тең. Бұдан бөлек, жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 19 мыңнан астам адам мүгедек болып қалуда.

- Vision Zero-ның жол қауіпсіздігін ұйымдастырудың әдеттегі тәсілінен басты айырмашылығы – Vision Zero мәселелерді шешуде пәнаралық тәсілді алға тартады. Мысалы, дәстүрлі тәсілде негізінен көлік инженерлері мен жол полициясы ұсынған шаралар ескеріледі, ал Vision Zero жоғарыда аталған мамандардың ғана емес, денсаулық сақтау мамандарының, саясаткерлердің және басқа да мүдделі тұлғалардың пікірлерін біріктіреді, - дейді транспорт инженері Гаухар Достанова.

Vision Zero жобасының ең негізгі атқаратын қызметтері: Жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын жақсарту, қиылыстарда қауіпсіздік жүйелерін орнату және жол жарығын жақсарту сияқты қауіпсіз инфрақұрылымдық жол қозғалысы шешімдерін әзірлеу және енгізу, жол қозғалысына қатысушылардың, соның ішінде автокөлік жүргізушілерінің, жаяу жүргіншілердің және велосипедшілердің хабардарлығы мен жауапкершілігін арттыру.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде құқық қорғау органдарына жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруды тапсырған еді. Сонда кейінгі үш жылда жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өскені, салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алғаны айтылған.

Статистикаға сүйенсек, елде 30 жыл ішінде жол-көлік апатынан 83 мыңнан астам адам қаза тапқан. Кейінгі үш жылда Қазақстан жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жыл сайын ұдайы 6 пайызға өсумен келеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай апаттардың 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен болады.

Сол кезде депутат Наурыз Сайлаубай бұған жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендігі, қарапайым жол қозғалысы ережелерін білмеу және жүргізуші куәлігін беру процессіндегі жемқорлық себеп болып отырғанын айтқан.

- Бірнеше рет емтихан тапсыра алмаған азаматтар амал жоқтан мәселені жеңіл шешудің жолдарын іздейді. Заңды айналып өтуге тырысады. Әлбетте,  мұның салдары сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Көлік жүргізу куәлігін алу қиындап кеткені де халық арасында наразылық туғызып отыр, - деген Наурыз Сайлаубай теориялық емтиханды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекетік корпорациясы мойнына алғанына меңзеп.

Мерей Мырзағалиқызы

Пікірлер