Су тасқыны мамыр мерекелеріне де әсер етті

636
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақмола облысы ішкі саясат басқармасынан.
Фото: Ақмола облысы ішкі саясат басқармасынан.

Аймақтағы су тасқынынан туындаған күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, барлық мерекелік іс-шараларды ұстамды форматта өткізу ұсынылып отыр. Барлық іс-шараларды қоғамдық-маңызды және әлеуметтік-пайдалы бастамаларды іске асыру қажеттілігіне ерекше назар аудару маңызды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев мәлім етті.

Басқарма басшысы орынбасарының  айтуынша, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеу әскери дәстүрдің сабақтастығымен, мемлекеттің бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға және насихаттауға бағытталған.

Отан қорғаушылар күнін мерекелеу аясында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге өзара көмек көрсету, қолдау, гуманитарлық көмекті жинау және жөнелту хроникасы, қарапайым азаматтардың күшімен тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру тәрізді сюжеттер мен бейнероликтерді белсенді түрді көрсету және тарату қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының қатысуымен су тасқынын жоюға белсенді қатысқан азаматтарды қолдау және көтермелеу бойынша салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Отан қорғаушылар мен Жеңіс күнін мерекелеудің бірыңғай меркелік атрибуты қоғамда кең қолдауға ие болған мемлекеттік Ту түсіндегі патриоттық «Жеңіс лентасы» болып табылады. Биыл біздің қаһарман батырларымызды еске алуға арналған «Ер есімі – ел есінде» атты онлайн акциясы осы мақсатта арнайы құрылған платформада өткізілетін болады. ТМД елдеріндегі және жалпы әлемдегі қазіргі қиын геосаяси жағдайды ескере отырып, аймақта бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін «Мәңгілік полк» шеруі болмайды. Еріктілер мен жастар ұйымдарының белсенділері соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдау үшін «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акцияларын өткізеді. Мәдениет ұйымдарында тақырыптық көрмелер, экспозициялар, әскери-патриоттық тақырыптағы қойылымдар ұйымдастырылады. Білім беру ұйымдарында соғыс ардагерлері мен әскери қызметшілердің қатысуымен «Ерлік сабақтары» өткізіледі. Бұл қазақстандық батырлар туралы барлық ақпаратты жинақтауға мүмкіндік береді», - деді Жандәулет Қылышбаев.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне біржолғы төлемдер беріледі. Сонымен бірге, соғыс ардагерлерін және оларға теңестірілген адамдар санаттарын кешенді әлеуметтік-медициналық тексеру айлығы басталады.

Мереке қарсаңында Ақмола облысының әкімі соғыс ардагерлері мен олардың отбасыларына, сондай-ақ, мемлекеттің қамқорлығында қалғандарға барып кездеседі.

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай әлеуметтік желілерде соғыс ардагерлері мен қазіргі заман батырлары туралы тақырыптық жобалар мен бағдарламалар, көркем және деректі фильмдер, сюжеттер жарияланады.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері туралы тақырыптық материалдар, мақалалар, сұхбаттар, сондай-ақ алдағы мерекелік күндерге арналған арнайы айдарлар мен телебағдарламалар жарық көреді.

Жастар ұйымдарының, мәдениет өкілдерінің, блогерлер мен журналистердің және қоғам белсенділерінің қатысуымен әлеуметтік желілерде патриоттық акциялар іске қосылады.

Пікірлер