Перизат Қайрат ісіне қатысты тергеу аяқталуға жақын

969
Adyrna.kz Telegram
Фото: instagram/01pk
Фото: instagram/01pk

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжілісте Перизат Қайратқа қатысты тергеудің соңғы кезеңге жеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салуға қаражат жинауға байланысты тағы бір іс анықталғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Елемесовтің айтуынша, материалдық дәлелдерді қоспағанда іс 100-ден астам томнан тұрады.

"Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) және 218-бабы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша тергелуде. Бірнеше эпизод қарастырылуда. Бұған дейін біз оның Палестина мен су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық ретінде қаражат жинағаны туралы хабарлаған едік. Ал қаңтардың соңында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын құру үшін ақша жинаған істі тіркедік. Ол 22 млн теңгеге жуық қаражат жинап, оны өз қажетіне жұмсаған", – деді Жеңіс Елемесов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Перизат Қайрат қамауда. Тергеу наурыз айының басында аяқталып, содан кейін іс материалдарымен танысу процесі басталады. Бұл тізімде блогердің анасы да бар.

"Қайрат Перизаттың анасы – Алашбаева да алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша күдікке ілінді. Әзірге оған нақты айып тағылған жоқ және бұлтартпау шарасы қолданылмады", – деді агенттік басшысының орынбасары.

Еске салсақ, волонтерлік қозғалыстың белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты тергеу басталғаны өткен жылы белгілі болған. Ол 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп күдікке алынған.

Пікірлер