"Жарылыстан соң балалары ауыра бастаған" арыстық әйелдер өтемақы талап етті

2969
Adyrna.kz Telegram
2 қазанда Түркістан облысы Арыс қаласының әкімдігіне отызға жуық әйел барып, "жарылыстан соң тұрғындар денсаулығының нашарлағанына шағымданып, өтемақы төлеуді" талап етті.

Үш баланың анасы Бану Құлжабаева бір жарым жастағы баласының жарылыстан кейін үздіксіз жөтеліп, іші өте бастағанын айтады. Ол "жарылыстан бері ауырмаған күніміз жоқ" деп кейіді.

"Апта сайын ауруханаға апарам, апта сайын басқа дәрі-дәрмек жазып береді. Одан нәтиже болмаған соң тағы барамыз. Сүйтіп келе жатырмыз. Бір жыл бұрын балам реанимацияға өкпе ауруымен түскен. Енді сол ауруы қайта асқынып бара жатыр. Іші тоқтамай өтеді. Дәріге де тоқтамайды. Жарылысқа дейін ондай болмаған. Дәрігерлер де түсінбей жатыр. Диагноз қоя алмай жатыр" дейді Бану Құлжабаева.

Қала тұрғындарының бірі Айгүл Дәулетованың айтуынша, жарылыстан соң балаларының денесіне жара шығып, мұрны қанайтын болған. Ол дәрі-дәрмек алуға қалтасы көтермейтінін айтып, үкіметтен көмек сұрады.

"Жарылыстан кейін қызымның денесіне жара шығып кетті. Өз қалтамыздан ақша шығарып, амалдап жазып алдық. "Жарылыстан соң экология бұзылмады" дегенге сенбейміз. Арыстың әрбір отбасына үкіметтен өтемақы төленсін" деді ол.

Көпбалалы жалғызбасты ана Айман Базарбаева да бес баласының денесіне жара шығып, қиналып жатқанын айтты. Оның айтуынша, жақында арнайы комиссия келіп, тексеріп кеткен. Үш баласының денесіне шыққан жараның беті қайтқанымен, екеуінің жарасы жазылмаған.

"Жалдамалы пәтерде тұрамын. Бес баламды бірдей емдеуге, дәрі алуға шамам жоқ. Үкіметтен алатын 21 мың теңгені қайда жеткіземін? Пәтерден пәтерге тентіреп жүрміз. Ең болмаса экологияға өтемақы берсе болады ғой" деді ол ашуланып.

Әкімдік алдына жиналған әйелдер бұған қоса бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына көңілі толмайтынын айтты. Арыс тұрғыны Бану Құлжабаеваның айтуынша, "жарылыстан жаңа салынған үйінің іші мен сыртына бірдей жарықшақ түскен, бірақ комиссия оны "жарылыстан бүлінді" деп танудан бас тартқан".

"Штабтан келген комиссия мүшелері мені мазақтап, ұрсып кетті. "Тамға жарылысқа дейін жарықшақ түскен, ескі там болса бір жөн" деді. Бүгін әкімдікте осы мәселені айттым" деді ол.

Наразы бір топ әйелді Арыс қаласының әкімі Қадырбек Мұрат әкімдік залында қабылдаған. Әйелдердің айтуынша, әкім оларға "экология үшін өтемақы төленбейтінін" айтып түсіндірген. Ал құрылыс жұмыстарына көңілі толмаған әйелдерге "жақын күндері сараптама тобын жібереміз, егер жөндеу жұмыстары қажет болса, құрылысшыларды жібереміз" деп айтқан.

Жиырмаға жуық әйелдің әкімдікке талап қойып, наразылық білдіргенін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбол Әлібек растады. Оның сөзінше, Арыс қаласы экологиялық аймаққа жатады. Сондықтан "жұмыс істейтін азаматтарға ғана өтемақы төленеді". Оның айтуынша, әкімдік алдағы уақытта әйелдердің арызын тексереді.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. Билік өкілдері жарылыстан бүлінген үйлерді жөндеуге мемлекет көмектеседі деп уәде берген.

Түркістан облыстық әкімдігі 9 қыркүйекте қалада 8600-ден астам тұрғын үй барын, 7 000-нан астам тұрғын және көпқабатты үйлерде құрылыс жұмыстары аяқталғанын хабарлаған. Бұған дейін де кейбір тұрғындар "құрылыстың баяу жүріп жатқанын", "сапасыздығын" айтып шағымданған.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер