11 мамыр түнде Ресей президенті Владимир Путин Украинаға 15 мамырда Стамбулда алдын ала шарттарсыз тікелей келіссөздер өткізуді ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, мұндай келіссөздердің басты мақсаты – қақтығыстың түпкі себептерін жою және тарихи перспективаға бағытталған ұзақ мерзімді әрі берік бейбітшілікті орнату. Путин келіссөздер барысында нақты атысты тоқтату жөнінде жаңа келісімдерге келуге болатынын да айтты.
Сондай-ақ ол 12 мамырда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөздерді Стамбулда өткізуге көмектесуін сұрайтынын мәлімдеді. Алайда Украина тарапынан ұсынылған, 12 мамырдан бастап 30 күнге атысты тоқтату бастамасына Путин түсініктеме бермеді.
Осыған байланысты президенттің көмекшісі Юрий Ушаков Ресей делегациясының құрамын жақын арада жариялайтынын, бірақ алдымен Украина тарапынан жауап күтіп отырғанын хабарлады. Ол: «Келіп, келіссөз бастау керек. Егер адамдар мұны қаласа, әрине», – деді.
Бұған дейін Путин Украина Қарулы күштерін Ресей ұсынған түрлі уақытша бітімдерді бұзды деп айыптаған. Оның айтуынша, наурыз–сәуір айларында жарияланған энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау туралы мораторийді Украина сақтамаған, ал 8–10 мамыр аралығындағы Пасхалық бітім кезінде бес рет шекараны бұзып өтпек болған. Сонымен қатар Путин Киевтің 9 мамырда Мәскеудегі әскери парадқа қатысқан шетелдік делегацияларды қорқытпақ болғанын да алға тартты.
Өз кезегінде Украина тарапы да Ресей әскері Пасха бітімін бұзды деп мәлімдеген еді. Сәуір айының соңында 30 сағатқа жарияланған атысты тоқтату кезінде шабуылдар жасалғанын айтып, президент Владимир Зеленский азаматтық инфрақұрылымға дрондар мен зымырандар арқылы соққы беруге 30 күндік мораторий енгізуді ұсынған болатын.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 10 мамыр күні CNN телеарнасына берген сұхбатында Кремль Украинаның 30 күндік атысты тоқтату бастамасына «ойлануға дайын» екенін жеткізді.
«Біз бұл туралы ойлануымыз керек. Бұл – жаңа жағдай. Бізде өз ұстанымымыз бар», – деді ол.
Сонымен бірге Песков «Ресей кез келген қысымға өте төзімді. Біз диалогқа және Украинадағы жағдайды реттеу жолындағы әрекеттерге ашықпыз. Дональд Трамп әкімшілігінің делдалдық әрекеттерін бағалаймыз. Бірақ бізге қысым көрсету – нәтижесіз», – деді.
Батыс елдерінің басшылары да Украинадағы жағдайға байланысты бірлескен үндеу жасады. 12 мамырдан бастап кемінде 30 күнге жер, әуе және теңіз кеңістігінде «толық әрі сөзсіз атысты тоқтату» режимін енгізуді Украина президенті Владимир Зеленский, Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Польша премьері Дональд Туск бірлесіп талап етті.
Германия канцлері Мерц Ресей бұл бастамадан бас тартқан жағдайда қатаң салдарлар болатынын ескертті.
«Ондай жағдайда Ресейге қарсы санкциялар айтарлықтай күшейтіледі және Украинаға әскери әрі экономикалық көмек артады», – деді ол Киевтегі мәлімдемесінде. Сонымен қатар ол Дональд Трамптың да Путинге қатысты шыдамдылығы азайып келе жатқанын айтып, Кремль аталған ұзақ мерзімді бітім туралы ұсынысқа жауап беруі тиіс екенін қосты.