Қазақстанның кей ғалымдарына Ресейге кіруге тыйым салынғаны белгілі болды

1173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/09/whatsapp-image-2024-09-03-at-11.38.12-960x500.jpeg?token=030b1f0eea17f6b66b2aa549fcd54312

Ресей Федерациясына кіруге тыйым салынған тұлғалар қатарында саясатқа қатысы жоқ көптеген қазақстандық бар. Бұл тізімге беделді зерттеу институттары мен университеттердің ондаған ғалымы мен қызметкері енгізілген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Азаттық» радиосына сілтеме жасап.

Тарихшы ғалымдардың бірі БАҚ-қа берген сұқбатында Ресейден бірнеше жыл бұрын шығарылғанын айтты. Оны әуежайда бірнеше сағат ұстап, кейін елге кіруге тыйым салу туралы құжат табыстаған. Ғалым ғылыми жұмысына материал жинауды жоспарлағанымен, өз қаражатына кері билет алып, Ресейден ұшып кетуге мәжбүр болған.

«Неге мені кіргізбей жатқанын сұрадым. Олар ештеңе түсіндірмеді. ФҚК қызметкерлері: «Сіз бәрін өзіңіз білесіз»,—деді»,— дейді зерттеуші.

Тарихшының айтуынша, бұндай жағдайға оның көптеген әріптесі де тап болған.

«Ғалымдарды «Ең жақын рейспен кері қайтыңыз» деп кері қайтарады. Кіруге тыйым салынғандар тізімінде шамамен 70 ғалымымыз бар»,—дейді ол.

Әртүрлі институттың бірнеше зерттеушісі Азаттық Азияға берген сұқбатында Ресейдің бірнеше атақты қазақстандық ғалым-тарихшыларды, филологтар мен өнертанушыларды қара тізімге енгізгенін жеткізді. Бұл қатарда 77 жастағы академик, сталиндік қуғын-сүргін және Алаш ордасы туралы еңбектердің авторы Мәмбет Қойгелді де бар. Ғалым бұның себебін білу үшін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының басшылығына жүгіну керектігін айтты. Азаттық журналистері институт директоры Зиябек Қабылдиновке хабарласты. Алайда ғалым жауап бермеді. Бейресми деректерге сүйенсек, оған да Ресейге кіруге тыйым салынған.

Ал институт директорының орынбасары Шәмек Тілеубаев Ресейге кіруге ешқандай кедергі жоқ екенін жеткізді.

«Былтыр Санкт-Петербургке барып, архивте жұмыс істедім. Қазір басқа әріптестеріміз де баруға дайындалып жатыр. Бізге рұқсат береді. Иә, талаптар күшейтілді. Қазір Росархивке (федералдық архив агенттігі — ред.) хат жазып, рұқсат алу керек»,—деп түсіндірді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ресей тарапының саясаттанушылар Досым Сәтбаев пен Димаш Әлжанов, қоғам белсенділері Мұхтар Тайжан мен Тоғжан Қожалы, сондай-ақ мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи мен Айдос Сарымды қара тізімге енгізгенін жазған едік.
Комментарии