Павлодарда даңқ ескерткішінің жанында би билеген екі мектеп оқушысына айыппұл салынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Желіде 9 мамыр қарсаңында жарияланған "саябақты қорлаймыз" деген жазуы бар видео қазақстандықтардың ашуын туғызған еді. Кадрлардан төр қыздың би билегені байқалған.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 2 мамырда шамамен сағат 16:00-де 2008 және 2009 жылы туған кәмелетке толмаған Ж. мен И. есімді қыздар Даңқ ескерткіші мен мәңгілік алау маңында әдепсіз би билеген. Бұл әрекеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 4-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша құқық бұзушылық болып танылады.
Сотта қыздар кінәсін толық мойындап, хореографтың шақыруымен Жеңіс күніне арналған видеоролик түсіруге келгендерін түсіндірді.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Ж. есімді қыз бұл идеяны TikTok-тағы трендтен кейін ойлап тапқанын, түсірілімнен кейін Instagram-дағы жеке парақшаға "саябақты қорлаймыз" деген жазумен жариялағанын айтқан.
И. есімді екінші қыз да 9 мамыр мерекесіне байланысты видео түсіру ниеті болғанын, алайда таңдалған контент пен оның берілуі орынсыз болғанын мойындаған.
Сот 16 жасқа толған екі қызға 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ал қалған екі қыз әкімшілік жауапкершілік жасына толмағандықтан, олардың ата-аналарына қатысты құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.
Еске салайық, 9 мамыр қарсаңында қазақстандық мектеп оқушы қыздар Жеңіс саябағында "тверк" биін билеп, бейнежазбаға "Жеңіс саябағын қорлаймыз" деген жазу қойған. Бұл әрекет әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, көпшілік мұны Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың рухына тіл тигізу деп бағалап, жауапқа тартуды талап етті.
Другие материалы
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз