2006 жылы Иманғали Тасмағамбетов қол қойған жер телімі туралы келісім сот шешімімен жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
2006 жылы Алматы қаласының Түрксіб ауданынан көпқабатты тұрғын үй салу үшін сатылған жер телімі туралы келісім 20 жылдан кейін заңсыз деп танылды. Бұл келісімге сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қол қойған болатын.
2024 жылы Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті аталған келісімнің заңдылығына күмән келтіріп, әкімдіктің 2005 жылғы қаулысы мен кейінгі келісімдерді сотқа берді. Талап-арыз Алматы әкімдігіне, «Казахтрансстрой» ЖШС-не және жердің қазіргі иесі Денис Колесниковке қарсы бағытталды.
Даулы жер телімінің көлемі 0,0851 гектар, мекенжайы – Чернышевский көшесі, 2.
Жер бастапқыда тұрғын үй салуға және пайдалануға арналғанымен, сот отырысында 2006 жылы бұл аумақта жатақхана болғаны, оның кей бөлмелері жекешелендірілгені анықталды. Соған қарамастан, жер ғимаратсыз сатылған, бұл заң талаптарына қайшы деп танылды.
Сот талап қою мерзімінің өтіп кетпегенін атап өтіп, Түрксіб ауданының прокуратурасы мен Жер ресурстарын басқару департаментінің уәждерін негізді деп тапты. Нәтижесінде, сот 2006 жылы Иманғали Тасмағамбетов пен «Казахтрансстрой» ЖШС арасында жасалған сатып алу-сату келісімін жарамсыз деп таныды.