Кешегі дұшпан - бүгін дос. Мәскеу тәліптерге мұнай өндіріп, МӨЗ салады

801
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/12/img_6567-960x500.jpeg?token=e59001b6c6d8d1bba10de82560c01c1b

Ресейлік «Интеко Групп» энергетикалық компаниясы Ауғанстанда мұнай өндіру және мұнай өңдеу зауытын  (МӨЗ) cалу бойынша «Талибан» қозғалысының өкілдерімен келісімге келді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы РИА Новости-ға сілтеме жасап.

Келісімшарт Қазан қаласында өткен 16-шы Халықаралық экономикалық форум барысында «Талибан» уақытша үкіметінің өнеркәсіп және сауда министрі міндетін атқарушы Нұруддин Азизи мен «Интеко Групп» өкілдері арасында жасалды.

«Компания мамандары Ауғанстан аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп қойды. Енді бұрғылау жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, таңдалған жерде мұнай өңдеу зауытын салу қатар жүреді. Бұл орын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған», – деді Ауғанстандағы ресейлік іскерлік өкілдіктің басшысы Рустам Хабибуллин.

Мұнай өндіру жөніндегі келісімнен бөлек, форумда «Талибан» өкілдері мен ресейлік кәсіпкерлер көлік, авиация және сауда салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты тағы бес өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Алайда бұл құжаттардың егжей-тегжейі жария етілген жоқ.

Сондай-ақ, Нұруддин Азизи ресейлік компанияларды Ауғанстандағы кен өндірісі мен электр станцияларын салуға инвестиция салуға шақырды.

Форумға қатысқан делегацияны басқарған «Талибан» үкіметі экономика министрінің орынбасары Абдул Ғани Барадар Татарстан президенті Рустам Миннихановпен және Мордовия басшысы Артём Здуновпен кездескенін мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздерде ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін экспорттау, кеден мәселелері және екіжақты сауданы оңтайландыру шаралары талқыланған.

«Бұл форум біздің экономикалық қарым-қатынасымызда жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті», – деді Барадар делегация сапарының қорытындысы бойынша.

"Талибан" - Ресейде және басқа да бірнеше елде ұзақ жыл тыйым салынып келген саяси қозғалыс. Соңғы жылдары тәліптерді террористік ұйымдар тізімінен шығару үрдісі байқалады. Олардың арасында Ресей де бар.

Комментарии