Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Сара Назарбаева қайтыс болды деген ақпаратқа байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ertenmedia-ға сілтеме жасап.
«Жалпы, түсініксіз оқиға болды. Иә, бұрынғы президенттің әйелі болса да, ол да адам ғой. Бұл жерде не құпия бар? Егер адам қайтыс болса, оны анық әрі ашық хабарлауымыз керек. Егер аман болса, оны да жасырмай жария ету керек. Құзырлы органдар халық алдына шығып, нақты мәліметті неге бермейді? Неге Сара Алпысқызының өзі халық алдына шығып, аман-есен екенін көрсетпейді? Бұл жерде түсініксіз нәрсе көп», – деді ол.
Депутат Қазақстанда ешбір азамат туралы, оның қоғамдағы мәртебесіне қарамай, ақпарат жасыруға болмайтынын мәлімдеді. Айтуынша, әлдебіреулердің ақиқатты бүркемелеуге тырысып жатқаны байқалады.
«Сірә, осы мәліметті жария еткісі келмейтін әлдебір ықпалды күштер бар сияқты. Олар қандай мақсат көздеп отыр, неге шындықты жасырғысы келеді, түсіне алар емеспін. Егер адам шынымен тірі болса, ел алдына шығып, хал-жағдайын айтуы керек қой. Ал тиісті органдар соны растап, ресми түрде хабарласа болды. Егер адам өмірден өтсе, ол да заң жүзінде бекітілуі тиіс. Осы мәселенің жасырын қалғаны дұрыс емес, бұл қалыпты жағдайға жатпайды», – деп толықтырды депутат өз пікірін.
Бақытжан Базарбек - Сара Назарбаеваның өлімі туралы алып-қашпа мәліметке билік тармақтарынан алғаш реакция білдіріп отырған депутат. Еске сала кетейік, 14 мамыр күні Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда бұл ақпаратты Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ресми түрде жоққа шығарды. Бірнеше күннен кейін желіде Назарбаевтар әулетіне тиесіші қорымда жаңа зират пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Жаңа бейіт марқұм Болат Назарбаевтың қабірінің дәл жанында орналасқан. Қабірде ешқандай жазу, белгі жоқ. Бұл жағдай қоғамда Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы болжамдарды күшейтіп отыр.