Былтыр шілде айында қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Гүлстанның анасы Гүлстан Қамит полиция тарапынан қысым көріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, оған Астананың Алматы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері хабарласып, үйіне полицейлерді жіберетінін айтып, қандай да бір бейнежазбаны беруді талап еткен.
Марқұмның анасы барлық видеоны бергенін айтып, өзін мазаламауды сұраған. Бірақ полиция қызметкерлері қоңырау шалуын тоқтатпаған.
«Маған өзін Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған азамат маған қоңырау шалып, менде желіде тарап жүрген екі видеоның түпнұсқасы бар екенін, оларды менен алуға Алматы қалалық полиция департаментіне отырған әріптестері тапсырма беріп жатқанын айтты. Мен ол кісіге оқиға болған күні қайғыдан қан жұтып, көкірегім қарс айырылып жүріп, туысқандарыммен бірге оқиға болған жердегі видеоларды және іске қатысты барлық дәйектерді, дәлелдерді, фактілерді түгелімен адвокатым арқылы өтінішхатпен сол кездегі Бостандық аудандық полициясындағы тергеушіге тапсырғанымды айттым. Тергеу амалдары Бостандық аудандық полициясында жүрмей, үш айға созылып, бұл іс Алматы қалалық полиция департаментіне келгеннен кейін де тағы да сол дәйек-дәлелдерді, видеоларды, аудиоларды, барлық іске қатысты материалдарды Алматы қалалық полиция департаментіндегі тергеушінің қолына екі адвокат арқылы өтінішхатпен тапсырғанымды жеткіздім. Қалай түсіндірсем де, маған қайта-қайта басқармадан қоңыраулар келе берді»,—дейді Гүлстан Қамит.
Ол қазіргі таңда өзінен не талап етіп отырғанын түсінбейтінін жеткізді. Марқұмның анасы қызының ісімен айналысып жатқан құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен істі әділ, объективті жүргізуді сұрап, заңсыз қысым жасамауды өтінді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.
<View this post on Instagram