Алматы облысындағы зауытта орын алған жарылыс салдарынан зардап шеккендердің барлығы қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы «АзияАгроФуд» АҚ басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«23 мамырда Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» АҚ құрама жем зауыты аумағында болған қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміз қаза тапты. Бұл қайғылы жағдай бүкіл компаниямыз үшін үлкен соққы болды. Біз жай ғана қызметкерлерімізді емес, ұжымды біріктіріп, адалдығы мен адамгершілік қасиеттерімен із қалдырған жандарды жоғалттық», – делінген хабарламада.
«АзияАгроФуд» АҚ қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көмек көрсетілетінін айтты.
«Сақтандыру төлемдерінен бөлек, компания тарапынан қосымша материалдық көмек көрсетіледі. Қаза тапқан әріптестеріміздің жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығындарды өз мойнымызға аламыз, сондай-ақ олардың қарыздық міндеттемелерін толықтай өтейміз. Әр отбасыға психологиялық және құқықтық көмек ұсынылады», – деп көрсетілген хабарламада.
Компанияның айтуынша қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі таңда оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында тергеу жүріп жатыр. Біз мемлекеттік органдармен және жедел қызметтермен белсенді ынтымақтастық орнатып, технологиялық және ұйымдастырушылық процестердің барлығына ішкі тексеру бастадық. Басты мақсатымыз – тек шындықты анықтау ғана емес, мұндай трагедиялардың қайталануына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Алматы облысында орналасқан «АзияАгроФуд» құрама жем зауыты аумағында ұн тозаңының жарылысы болып, оқиға салдарынан 4 адам зардап шеккен еді.