Ресей музейі керек пе? Депутат Қазақстанда ұлттық қару музейін ашуды ұсынды

945
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/07/img_1396-960x500.jpeg?token=645a790db4327d4871d1ccf3c60219c3

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи елімізде Ресейдің әскери-тарихи музейінің филиалының ашылуы төңірегіндегі жағдайды сынға алып, Қазақстанда Ұлттық қару-жарақ музейін ашуды ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

"Мемлекеттің тәуелсіздігін бейнелейтін ресми рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұраннан бөлек, ұлттық болмысты айқындайтын қосымша маңызды нышандар бар. Мысалы, Ұлттық музей, Ұлттық академия, Ұлттық кітапхана, Ұлттық театр және т.б. Сол сияқты жас ұрпақты ата-баба ерлігі мен отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, елдің бірегейлігін көрсететін орталық қалыптастыру мақсатында бізге ерекше таным орны қажет. Ол – Ұлттық қару-жарақ музейі немесе Ұлттық қару-жарақ палатасы болуы мүмкін", - деді Ермұрат Бапи депутаттық сауалын ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдай отырып.

Депутат мысал ретінде Франциядағы Орта ғасырлардан бері келе жатқан Париж әскери музейін, сондай-ақ өзге елдердің тәжірибесін келтірді.

"Лондондағы Корольдік қару-жарақ палатасы мен Империялық әскери музей – британ рухы мен ерлігінің айшықты көрінісі. Ресейдегі Кремльдің қару-жарақ палатасы әлемге әйгілі. Көршілес Өзбекстанда Әмір Темір музейінің бір бөлігі қару-жараққа арналған. Әзербайжандағы Көшпенділер музейі түркі дүниесінің қару-жарақ мәдениетін насихаттау орталығы саналады. Ал бізде, тәуелсіз Қазақстанда ұлттық бояуы бар қару-жарақ музейі мүлде жоқ. Біз – ғұндар мен сақтардан бастау алатын түркі халықтары қоныстанған құрлықтың дәл ортасында өмір сүріп жатқан қазақ халқы, ғасырлар бойғы жорықтарда Ұлы даласын сақтап қалған ұлтпыз. Ендеше, неге бізде Ұлттық қару-жарақ музейі жоқ? Арбаның ағаш дөңгелегінен бастап, ауыздық пен үзеңгіге дейін – мұның бәрі де қару-жарақ мәдениетінің бір бөлігі", - деді депутат.

Сондай-ақ, ол қазақтың ауызша мұрасында жебенің жасалған материалына қарай атаулар да ерекшеленгенін атап өтті.

"Сонымен қатар, техникалық сипаттамасына қарай “сарыжа”, “сарсадақ”, “қандауыр садақ”, “көнсадақ”, “бұқаржақ” сияқты түрлері болған. Ал “сақ етер”, “сілбі” деген атаулармен белгілі найза, қылыш, шоқпар сияқты қарулардың бірнеше түрі бар. Мысалы, Доспамбет жыраудың “Сақетер тиді саныңа, сақсыраң толды қаныңа” деген жолдарында айтылатын “сақ етердің” бірнеше үлгісі – небәрі үш бөлмеден тұратын ағайынды шеберлер – Күлментегілердің шағын үй-музейінде сақтаулы тұр. Батырлардың “аймауыт сауыт”, “көбе сауыт”, “қанды көбе”, “кебенек”, “торғайкөз” сияқты қару-жарақ киімдерінің де көптеген түрі болған. Айтып өткен атауларымның көпшілігі өзбекстандық Әмір Темір музейінде де, әзербайжандық көшпенділер музейінде де жоқ. Ендеше, “Бұлар қайда қалды?”, “Қазақ жауынгерлерінің көне қаруларын қайдан табамыз?” деген заңды сұрақ туындайды. Жауабы дайын! Күлментегі ағайындылары жылдар бойы қазақтың қару-жарақ мәдениетін зерттеп, Қазан, Мәскеу, Петербор архивтері мен музейлерін аралап, қажетті барлық деректерді жинаған", - деді Бапи.

Ол сонымен бірге кеңестік кезеңдегі әскери техникаға да тоқталды.

"Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов өз қаржысына Т-34 танкін жасап, майданға сыйға тартқан. Сол секілді Қарағандылық қыздар отырған танкі де қару-жарақ музейінің құнды экспонатына айналар еді. Кейінгі Ауған соғысында аты әйгілі “Қара майор” Борис Керімбаев күзеткен “Шилка” зениттік пулеметі, Кеңес Одағының Батыры Николай Кримёныштың АК-74 автоматы мен лейтенант Сержан Қазақбаевтың жауға шапқан кезде алған, “Батыр” атағының орнына Қызыл Жұлдыз ордені берілген тапаншасы да музей сөресінде тұруға лайық. Қазақта “Өзінікі жоқ ел – өзгеден қалғанға тәуелді болады” деген сөз бар. Жақында елімізде Ресейдің әскери-тарихи музейінің филиалы ашылды. Бұл не қажеттілік соншалық?" - деді депутат.

Ол ұлттық мүдде мен егемендік жайлы мәселелерді тек билікке телу – қоғамда белең алып келе жатқан жаман үрдіс екенін айтты

"Қазақстанда шетелдік әскери музейдің ашылуы өз елінің патриоты санайтын азаматтардың жағымсыз реакциясын туғызып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент депутаттарына сынның қарша жаууына себеп болды. Алайда мұндай қоғамдық дүрбелең бізге керек пе еді? Қазір көрші елдермен геосаяси ахуал теңселіп тұрған тұста, бұл музейдің ашылу қажеттілігі қайдан туды? Осы сұрақтар негізінде Қазақстанда Ұлттық қару-жарақ музейін ашу мүмкіндігін қарастыруларыңызды және депутаттарға нақты әрі дәлелді жауап беруіңізді сұраймын. Бұл жауап Ресей музейі айналасында туындаған негізсіз қоғамдық кернеуді азайтуға сеп болады деп сенемін", - деп қорытындылады Ермұрат Бапи.

Бұған дейін Астана қаласында Ресейдің әскери-тарихи қоғамының (РӘТҚ) өкілдігі ашылғаны туралы жазған едік. 

Комментарии