Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты іс. Халықаралық тергеу сұрауы жолданды

856
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/nigmy-960x500.jpg?token=d3807d067d71b1573e8dd09b1cda22c1

Экс-мәжіліс депутаты Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық іс бойынша халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елешов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінде рейдерлік фактісі бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды. Қазіргі уақытта ешкімге күдікті ретінде процессуалдық мәртебе берілген жоқ. Бірқатар мән-жайлар анықталуы керек. Біз қазір оны күдікті ретінде емес, куәгер ретінде тергейміз. Басқа да фактілерден кейін ғана құқықтық баға берілуі мүмкін. Менің білуімше, ол қазір ел аумағынан тыс жерде», – деді Елешов.

Нұржан Нұрланов 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына дейін, нақтырақ айтқанда, 2019 жылдың ақпан айынан бастап «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған. Оған дейін, 2018 жылдың қаңтарынан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі болған. Бұдан да бұрын ол квазимемлекеттік секторда бірнеше «маңызды» лауазымдар атқарған.

Нұрлан Нығматулин мәжілістегі қызметінен 2022 жылғы 1 ақпанда  Қаңтар оқиғаларынан кейін кетті. Ол 2016 жылдан бастап төменгі палата спикері болған, бұл оның екінші рет төрағалық етуі еді.

Алғаш рет 2012-2014 жылдары мәжіліс төрағасы болған. Бұған дейін ол Президент әкімшілігін басқарған және Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған.

Нұрлан Нығматулиннің егіз бауыры Ерлан Нығматулин де мәжіліс пен сенатта депутат болған.
Ал олардың үлкен ағасы Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты.

Нығматулиндерге бұған дейін де бірнеше рет рейдерлік әрекеттерге, қылмыстық құрылымдарға қатысы бар деген айыптар тағылған. Сондай-ақ қылмыстық істерді қолдан ұйымдастырды деген де күдік болған.

Алайда осы уақытқа дейін ағайынды Нығматулиндер бостандықта жүр.

Комментарии