Президент президенттік басқару жүйесі сақталатынын айтты

1095
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/photo_2025-05-28_16-40-39-960x500.png?token=b076850669bfcc7a9eb680f882fbc8bb

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Президенті, Саар федералды жерінің Премьер-министрі Анке Релингермен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік басқару жүйесі сақталатынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Кездесу барысында Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктесі деп атап өтті. Тоқаев бұл елді еліміздің экономикасына жетекші инвестиция құйып отырған мемлекеттердің бірі ретінде бағалады.

"Германия – біз үшін маңызды ел. Сіздердің мемлекетпен ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Жуырдағы Германияға сапарымда Президент Штайнмайер мырзамен келіссөздер жүргіздім. Парламентаралық байланысты да нығайтуға мүдделіміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға, көлік-логистика мен ауыл шаруашылығын өркендетуге күш салып отыр.

Президент соңғы жылдары елде ауқымды саяси реформалар жүргізілгенін айтып өтті. Ол Конституция мен заңнамаға енгізілген өзгерістер Қазақстанның жаңғыру жолындағы қадамдарын нақтылай түсетінін жеткізді. Сонымен қатар, құқық қорғау және сот жүйесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен президенттік басқару жүйесі сақталады деп мәлімдеді.

Анке Релингер кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтып, Қазақстанды Германия үшін маңызды серіктес деп бағалады.

"Федералдық Президент Штайнмайер – Қазақстан мен Орталық Азияның шынайы досы. Екі елдің игілігі үшін ортақ мақсаттарды ілгерілетуге дайынбыз", - деді Германия Бундесратының Президенті.

Кездесуде Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Комментарии