Абдулхамит Райымбергенов: «Мұрагер» бағдарламасына мемлекет назар аударуы тиіс

3574
Adyrna.kz Telegram

- «Қазақстан» ұлттық арна­сынан осы маусымда ашылған «Саз толғау» бағдарламасын жүр­гізе бастадыңыз. Жаңа жобаның жаңалығы неде?
- «Саз толғау» бағдарла­ма­сына көптен бері телеарнада тер төгіп, осыған дейін «Дала думан», «Аманат», «Сегіз қырлы» бағдар­ламаларын ашқан ұлттық мәде­ниетіміздің жанашыры, музы­ка­танушы, ғалым Сағатбек Қалиев шақырған еді. Өздеріңіз көріп жүргендей, ұлттық классикалық өнерге арналған «Сегіз қырлы» хабарының телевизиялық түсі­рі­ліміне көбіне жастар, студент­тер қатысады. Кейінгі кездері ғана өнер биігінде жүрген таны­мал орындаушыларымыз шақы­ры­латын болды. Ал «Саз тол­ғауда» көрермен біраз уақыттан бері эфирден жоғалтып алған, бү­гінде Астана қаласындағы Қа­зақ Ұлт­тық өнер универси­тетінде дәріс беретін дүлдүл әнші Қайрат Бай­бо­сынов, Түркістанда еңбек етіп жат­қан Қазақстанның халық артисі Қажыбек Бекбосынов, Маң­ғыстаудағы жыр-терменің майталманы Амандық Көмеков, бал бармақ күйші Сержан Шә­кіратов сияқты дәстүрлі өнердің жүгін арқалап жүрген майтал­мандарымызбен қауышады. Халық алдыңғы толқыннан, олар­дың ізін өкшелей басып келе жатқан орта буын өкілде­рінен қол үзіп қалғаны рас. Кезінде Ға­рифолла Құрманға­лиев, Жүсіпбек Елебеков, Ма­нар­бек Ержанов­тарды ел-жұрт радиодан тыңдап, құлағдар бол­са, қазіргілерді кім іздеп барып, жазып жатыр? Біздің мақсатымыз — сол кісілерді ха­лыққа көрсету, шығармашылы­ғын насихаттау, ұлттық өнерімізді дәріптеу.
- Көпшілік түсіне алмай жүр, студиядағы көрермен неге орын­ды-орынсыз жиі қол шапалақ­тайды?
- Біздің қонақтарымыздың өнерлері көрермен көңіліне ұнап, арасында өздері де бағдар­ламаға атсалысып, қолпаштап отырса, түсірілім қызықты әрі көңілді өтеді. Егер, керісінше бірі теле­фонын шұқылап, бірі аспанға қарап, сағызын шайнап немесе бір-біріне әңгіме айтып отырса, «Саз толғауға» келген адамның да, көрген адамның да іші пысып кетпей ме?
- Әрине, жастардың белсен­ді­лік танытқаны дұрыс қой. Дүй­сенбек Өмірәлиев Кенен ата­мыз­дың «Көк шолағын» келістіріп айт­­қанда, оған қол ұрып, қоше­мет­теп, ықылас танытпай қарап отыра алмайсың. Бірақ Айгүл Үл­кенбаева орындаған Динаның «Бұлбұлы» мен Біләл Ысқақов тарихын тарата айтып, тартып берген Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйі көңіл көтеретін күй емес қой…
- Көрерменге «Сіздер қол шапалақтамаңыздар, қойы­ңыз­дар, доғарыңыздар» деп айтуға бол­мас. Дәстүрлі өнерді ұйып тың­дап жүрген азаматтарға бұл оғаш көрінуі де мүмкін. Бірақ дегенмен де бағдарламаға ғылы­ми түп-тамырын тереңнен ала­тын мәдениетімізді күрт өзгертіп жіберетін дүние деп қарамаған жөн. Бұл — телевизиялық бағ­дарлама, эфирге шыққаннан ке­йін, он мыңдаған адам көреді. Тартымды, бірден кісіні үйіріп әкететіндей музыкалық шоу болуы тиіс. Мен де дәстүрдің ішін­де та­лай жылдан бері біте қай­насып келе жатқандардың бі­рімін. Егер сол орындаушылардың бір өзін ортаға отырғызып қойып, бір сағаттық концертін жаздыртсақ, 15-20 минуттан кейін, «Басқа ар­на­ларда не болып жатыр?» деп қы­зығырақ бірдеңе іздеуіңіз кәдік. Шынайы өнерге берілген адам болса, әрине, ол рахаттанып тама­шалайды. Біз батысқа еліктеп бара жатқан басқа да тыңдаушының назарын ұстап тұруымыз керек қой. Көрермен тарту қажет. Қазіргі жас буын тек шетелдік музыкалық арналарды көреді. Құрманға­зының, Дәулеткерейдің, Тәттім­бет­тің күйін, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбы­райдың әндерін тың­дап, құлағына сіңіріп жатыр деген сөзді маған се­німмен айтыңызшы…
Бізде бір ұлттық дүние жар­қырап шықса, соны бәрі жан-жақ­тан «анаусы опақ, мынаусы сопақ» деп сынай бастайды. Титтей бағ­дарлама мәдениеттің бүкіл жүгін көтеретіндей… Ал егер ол болмаса «Бізде түк жоқ» деп тағы айғайға басады. Сондықтан қайталап айта кетейін, бұл — тек телевизиялық жоба. Сол арқылы ұлттық өнердің туын көтеру.
- «Жоқтан бар жақсы» дейсіз ғой…
- Әрине, «Сегіз қырлы» ең ал­ғаш тұсауын кескен кезде де бүкіл өнер адамдары «Бұл не?» деп тү­сінбеген. Бірақ уақыт өте келе, ха­лық оған қанығып, жай-жап­са­рын бағамдап «Мынау бір керемет дүние екен ғой» деп, құлақ түре бас­тады. Жалғыз «Саз толғау» емес, кез келген бағдарламаның жа­ңадан басталған кезде, ой-шұ­қы­ры бо­лады. Сосын өзіндік жо­лын қа­лыптастырғаннан кейін, өзімен-өзі жайлап бір ізге түсетін күн туады.
- «Арнау» бөлімі жақсы ойлас­тырылған екен…
- Жалпы, бағдарлама «Бастау», «Арнау», «Самғау», «Толғау» деп ата­­латын төрт бөлімнен тұрады. Бір әнші, бір күйші шақырылады. «Бастауда» әр орындаушы өзінің төлқұжатына айналған шығар­мадан бастаса, «Арнауда» әріпте­сі­­нің болмысына, мінезіне, жасына сай келетін өз ре­пер­туа­рындағы бір туындыны арнайды. «Самғауда» көрермендердің сұ­рағына жауап беріп, «Толғауда» тол­ғандырып жүр­ген, көптен кө­кейлерінде жүр­ген көкейкесті ой­ларын ортаға са­лады. Өнер иесінің біз білмейтін қырлары ашылады. Әнші мен күй­ші бір-біріне деген, шығарма­шы­лығына деген көз­қарастарын, құр­меттерін көрсе­теді.
Ұлттық музыкамыздың төңі­регінде сөз қозғалып, әніміз ай­тылып, күйіміздің тартылып жат­қаны жаман ба?! Біз осындай бағ­­дарламалар арқылы кейінгі толқынның санасына сәуле түсі­реміз. Дәстүріміз бен мәдение­тімізге ертеңгі тыңдарманның на­зарын аударамыз. Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелейміз.
- Әңгімеміз өз-өзінен ұрпақ тәрбиесіне ойысып келе жатқан тәрізді. Сіздің ұлттық «Мұрагер» бағ­дарламаңыздың жүзеге асу ба­рысы қалай?
- Мен — педагогикалық және концерттік қызметті бірге алып жүргеніммен, негізінен көп жылғы еңбегімді білім саласына арнаған адаммын. 1985 жылдан бастап, зерттеу жұмыстарымен айналы­сып, жалпы білім беретін мектеп­терде оқушылардың бойына ұлттық мәдениетті сіңірудің озық әдіс­темелерін ойлап тауып, әлі күнге жалғастырып келе жа­тыр­мын. «Мұ­рагер» бағдарлама­сын түсіндіру үшін бастапқыда он жыл­дан астам уақыт мектептерге барып, ақысыз жұмыс істедім. Телеарнаға бала­ларды тасып, «Домбыра үйренейік» бағдар­ла­масын аштым. Осы із­деністердің нәтижесінде «Мұрагер» бағдар­ламасы бойынша оқулықтар, әдістемелер жасалып, мұғалімдерге арналған көмекші оқу құралдары жарыққа шықты.
Бір сөзбен айтқанда, біз қазақ мектептеріне арналған ұлттық музыка кітабын дайындадық. Бұл кітап арқылы оқушылар домбыра үйреніп, жыраулардың терме-толғауларымен танысып, тұрмыс-салт жырларын, айтыс өнерін, халық композиторларын бү­ге-ші­­гесіне дейін біліп шығатын бо­лады. Сондай-ақ әлем халық­та­рының музыкасын, түбі бір туы­с­тас, түркі тектес халықтардың эпостық жыр­ларының сырын ашады. Әлем халықтарының би өнері арқылы олардың дәстүрі мен мінез-құлқын таниды. Көптеген музыкалық аспаптардың сырлы үнін естіп, сән-салтанаты жарас­қан ең озық опера театрларына са­пар шегеді. Опера мен балет өне­рін түсінуді үйренеді.
Алайда бізді мемлекет емес, халықаралық «Ага Хан» қоры қар­жыландырып отыр. Осы бағдар­лама авторларының бірі» — жыршы Ұлжан Байбосынова Америкаға концерттік сапармен барған ке­зінде, ұйым өкілдерімен танысып, жобаға тартып, сол кісілердің кө­мегінің арқасында соңғы 10-15 жыл­да сексеннен аса мектепке дом­­быра жасатып, кітапта­ры­мызды тараттық. Электронды оқу­лықтарымыз, СД дискілеріміз жазылды. Қазіргі есебіміз бо­йынша, еліміздің 80 білім оша­ғын­да 15 мың бала «Мұрагер» бағ­дар­ламасымен оқытылып жүр.
Тіпті осы «Мұрагер» бағдар­ламасы негізінде Өскемендегі бір мектеп бір сыныпты алып, экспе­ри­мент жасапты. Психолог ма­ман­дардың арнайы зерттеуі мен са­раптамасы біздің әдістемемен оқи­тын балалардың бүкіл пәннен отыз пайыз жоғары деңгей көрсет­кеніне көз жеткізіп отыр. Яғни бас­қалармен салыстырғанда, бұл ба­лалардың шығармашылық қа­білеті жоғары. Мейлі, олар ертең физик, химик, биолог, математик болсын, шығармашылық ізденісі бәрібір басқалардан бір саты биік болады. Жаңалық ашады. Түбінде жарып шығады. Мұның бәрін біз оңайлықпен жүзеге асырып отыр­ған жоқпыз. Қиындығы көп.
- Басты қиындық неде бо­лып тұр?
- Біздегі ең қиын проблема — қазір осыны мемлекеттік стан­дартқа енгізу. Мемлекет бұл жұ­мыстарды өз мойнына алмаса, біз қашанға дейін осылай әр шетел­діктен ақша сұрап, «Қазақтың қа­ракөз­деріне домбыра жасап беріңізші, оқулыққа көмекте­сі­ңізші» деп жалынып жүреміз?! Бұл мемле­кет­тің ісі емес пе?! Ұлты­мыздың ісі емес пе?! Жылда ми­нистр ауы­сады. Министрліктің та­бал­дыры­ғын тоздырып болдық. Бірі­не же­тем дегеніңше, екіншісі келе­ді. Осыны бір жолға салып, жо­ғ­а­ры жақта проблема қылып кө­те­ріп, де­­пу­таттық сауал жолдап, қол­да­нысқа енгізу керек.
- Жалпы білім беретін мек­теп­тің 5-сыныбына арналған Му­зыка оқу­лығын ашып қарасақ: - «Ержүрек Гагарин мен Титов­тардай, Төрінде космостың шарық­таймыз» деген өлең жүр. Яғни қа­зіргі білім жүйесі балаларға Тоқтар Әу­бәкіров пен Талғат Мұсабаевты емес, әлі күнге кеңестік батырларды үлгі етіп келеді. Бұған не дейсіз?
- Менің шырылдайтыным осы ғой. «Жаһандану заманы» деп көрінгеннің көшіне ілесіп кете берсек, бір ұрпақтан кейін мәңгүрт елге айналамыз.
«Музыка тілі — ортақ» дей­тіндер бар. Менің ойымша, бұл пі­кір дұрыс емес. Әрине, тың­дай­сың, қызығасың, бірақ неге біз Қы­тайдың, Жапондардың туын­дыларын үйде рахаттанып жатып, тыңдай алмаймыз? Себебі қа­ны­мызда жоқ. Біз ұлттық мұрамызбен ғана рахаттана аламыз.

Төл музыкамызды балала­ры­мыз 12 жасқа дейін бойына сі­ңір­месе, әрі қарай зорласаң да қа­был­дай алмайды. Осыны білетін жа­пондар 12 жасқа дейін ұл-қыз­да­рына тек өз музыкасын тың­да­тып, өз тілінде оқытады екен. Біз­дің де баламыз өз мәдениетін, өз та­рихын оқысын. Тілдің проб­ле­масынан дәстүр мен музыканы бө­лек алып қарауға болмайды.

Елбасы Өскеменге жұмыс са­парымен барған уақытта «Мұ­рагер» бағдарламасы бойынша оқи­тын 1000 бала Президенттің ал­дында «Сарыарқа» күйін орын­дапты. Осындай деңгейге жеткен баладан ертең жамандық шыға ма?! Ақтамберді, Бұхар, Базар, Нұр­туған, Ақтан жырауды жаттап өскен ұрпақ ұрлық жасап, біреудің ала жібін аттай ма?! Қырғыздар, тә­жіктер, өзбектер біз жасаған әдіс­темелерін келіп алып, естері шығып жатыр. Біздікілер болса, үн-түнсіз. 20 жылдан бері сынақтан да, тә­жірибеден де өтіп, сақадай-сай да­йын тұр. Тек нұсқау болса, бол­ғаны. Әзірге жабулы қазанның қақпағын ешкім ашқысы келмейді. Жоғары жақтан ешкім осыған бел шешіп, кіріскісі жоқ. Ахмет Бай­тұрсынов, Тұрар Рысқұлов сияқты алаш арыстары өз ортамыздан табылмай ма, сонда? Қайда барып айтсақ та жаңғырық шықпайды. Баяғы жартас, сол жартас.
- Қазіргі министрге бұл жайт­ты жеткізуге тағы бір ұмтылыс жа­сап көрмедіңіз бе?
- Бізді министрдің қабыл­дауына кіргізбейді ғой. Жазған хатың жетпей, жарты жолдан қай­тады. Ондағы мамандар «Неге Бет­ховен, Шостакович жоқ?» деп шы­ғады. Миы қалыптаспаған балаға Шостаковичті қалай оқы­тасың? Сондықтан ендігі үміт — БАҚ өкілдерінде. Әріптестеріңіз осы мәселені дүркін-дүркін жа­зып, дүмпу жасаса, сонда сең қоз­ғалып қалар…
- Кешіріңіз, мен бір нәрсені тү­сінбей отырмын. Егер министр­лік­тің рұқсаты жоқ болса, 80 мектептегі 15 мың баланы сіздер қалай осы бағ­дарламамен оқытып жатыр­сыздар?
- Министрліктің рұқсаты бар. Бірақ осы оқулықты стандартқа енгізіп, қаржыландырмай отыр. Біз қашанғы шетелден де­меуші із­деуіміз керек?! Мұны ай­налып кел­генде, мемлекет қолға алуы керек. Жылда жүздей мұ­ғалімдерді өзіміз жинап, семи­нар­лар өткіземіз. Бағ­дарламаның ба­рысын талқы­лаймыз. Ұстаздардың біліктілігін көтереміз. Оқулық ке­регіне оқу­лықпен, домбыра ке­регіне дом­бырамен қамтамасыз ете­міз.
Алдағы 7-8-9 қарашада №172 мек­тепте «Мұрагер» бағдарламасы бо­йынша кезекті семинар ұйым­дастырмақшымыз. Сол жерге егер БАҚ өкілдері келіп, наси­хат­таса, қоғамға ой салса, билікті оятса, мықты болар еді.
- Ал музыка пәнінің мұғалімдерін даярлайтын жоғары оқу орын­да­рында, арнайы музыкалық мектеп­тер­де қай аспапта ойнаса да неге фор­тепиано мен хор міндетті түрде қа­тар жүреді? Олардың орнына дом­быраны міндеттеуге не ке­дергі?
- Мен осы мәселені айтып келе жатқалы қай заман?! Соңғы кезде түсінгенім, жоғарыда айтып кет­кенімдей, мұны тек қана БАҚ ар­қылы көтеру қажет. Қазір көтер­месек, ертең кеш болады. Біз да­йын­даған Музыка оқулығын ашып, қарап көріңіздерші, ішінде біреуіміздің әніміз немесе күйіміз бар ма? Өз шығармаларымызды тық­палап жатқан жоқпыз. Ға­сырлар бойы келе жатқан туын­ды­лар. Ауыз әдебиеті мен халық әні­мен, күйімен тәрбиеленген ұлт­пыз, сонымен өстік. Кешегі арыс­тар, қазіргі Елбасының өзі ұлт­тық қай­нарымыздан сусындап, қанып ішкен. Кеңес кезіндегі кітаптан, кеңестік оқыту жүйесінен арылып, өз мұрамызды, өз кітабымызды оқытуға неге құлықсызбыз, осыны ұға алмаймын. Кімнен, неден қорқамыз? Неге стандарт бойынша фортепиано мен хорды алдыңғы орынға шығарамыз? Неге стандарт бойынша домбыраны үйренуге болмайды? Осы сұраққа менің де жауап алғым келеді.
- Домбырашы, қазақ дәстүрлі му­зыкасын зерттеуші және жинақ­таушы ретінде тағы қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?
- Консерватория бітіргеннен кейін, біраз уақыт зерттеушілікпен айналыстым. Қазанғаптың «Ақ­же­лең» атты күйлерінің жинағын шы­ғардым. Ұлттық ән-күйлер ай­на­ласында француз тілінде бір кі­­тап басылды. Францияда ав­тор­лық дискім жарық көрді. «Аме­рикада, Испанияда, Италияда кон­церт бердім» деп, осындай толып жатқан жетістіктерімді тізбелеп айта бер­сем болады. Бірақ оның барлығы менің қарақан басымның шаруасы, жеке шығармашылығым. Ал менің бар арманым — дәстүрлі өнер ар­қылы ұлтжанды ұрпақ тәр­биелеу. Бүкіл қазақ мектебін өз оқу­лы­ғымен жұмыс істету.


Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

Пікірлер