Асықты пайдалану тарихына шолу

43112
Adyrna.kz Telegram

Кіріспе

Асық... Бала кезімізде барлығымыз да қой, ешкі, сирек жағдайда ақбөкен асығын, арқардың құлжасын алып, топталып, жердің шаңын шығарып, айтысып-тартысып, санап-есептеп, ойнап өстік. Таң сәріден бастап ақ пен қараны ажырата алмайтын уақытқа дейін осы асық ойынының құмарына кіріп, ұтсақ мерейіміз үстем болып, ұтылсақ қай жерден қателестім деп іштей өзімізді «түтіп жеп», қайтушы едік үйге.  Ойын барысында ұтқан асықтарымызды жинап, санына қарап, кімнің бұл ойынды жақсы ойнай алатынын анықтайтын едік. Мен туып өскен ауылда (Түркістан обл. Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылы) өзім қатарлы жігіттер жас кезінде 500-ден 2000 данаға дейін асық ұтып жинағанын білемін (Информаторлар тізімі). Байқап отырсақ, осы асық ойынында үнемі ұтысқа ие болған жігіттердің басым бөлігі, бүгінгі өмірде де көп жетістіктерге жетіп отырғанына куә болып отырмын.

Біздің балалық шағымыздың жарқын сәттерінің бірі осы асық ойынымен байланысты өрбіді. Ал қазір ше? Қазіргі таңда асық ойыны ұмыт болып, жас жеткіншектер арасында асық ойыны ойналмақ түгілі, тіпті асықты ажырата алмайтын жағдайға жете бастағанымыз қынжылтады. Бүгінгі өскелең ұрпақ үшін сол бір жануар сүйегіне негізделген дәстүрлі ойынға қарағанда, ұялы телефон мен компьютерге жазылған ойындарды ойнау тиімді. Себебі ұлы телефон мен компьютер ойындары оңай, ешқандай күш қажет етпейді, артық ойлану да қажет емес. Ойындардың басым бөлігінің мазмұны кездейсоқ жағдайлардан шығуға негізделген. Ол үшін ұзақ ойланып, оны өне бойыңмен сезіну де керек емес. Ойында қателестің бе, қайтадан бастай бересің...

Жалпы адамзат жаратылысында еріншектікке, жалқаулыққа бейім, жаман нәрсені тез жұқтырғыш, жаман сөздерді тез жаттағыш келеді емес пе! Бұл кеселдерді үйреніп, жаттығудың да қажеті жоқ, айналаңдағы бірнеше адам осыны істесе, сенде соны қайталап шыға келесің. Ал жақсы дүниені үйрену қиынның қиыны, алынбайтын қамал іспеттес. Мәселен, спортпен айналысудың орнына жатып демалған тиімдірек, маңызды кітап немесе мақала оқудан көрі, арзанқол, жеңіл нәрсені қарау, теледидар, телефон шұқылау, сондағы бітпейтін суреттер мен сөздерді сүзіп шығу. Байқап отырсақ, қазіргі бүкіл қоғамда осы дерт қалыптасты. Үлкеннің де жастың да төртбұрышты терезеге телміріп қарап отыруы заңдылыққа айналып бара жатқан секілді. Тіпті еңбектеген балаға дейін сәл жылап қалса болды қолына телефон ұстата қоямыз, әрі қарай оның сенімен ісі жоқ, өзіне керегін тауып алып, бөлек әлемге еніп кетеді. Ең өкініштісі балалар өзара қарым-қатынасты виртуалды түрде жасайтындығы. Меніңше бұл әлеуметтік-психологиядағы қауіпті дерттің бірі. Виртуалды өмір адамның бойындағы туа бітті қасиеттерді тұншықтырып, белгілі бір шартты шеңбермен жүруге мәжбүрлейтін секілді. Айналамызға көз жүгіртіп қарасақ, жетістікке жеткендердің барлығы дерлік еңбектің күшімен, бойындағы қасиеттерді дамыту арқылы ғана жүзеге асырғанын байқаймыз. Ал жеке қасиеттерді төрт бұрышты терезеге қанша уақыт телмірсең де жетілдіру мүмкін емес. Айта берсек, мұндай қордаланған мәселені мыңдап тауып, оның түбіне жете алмай кететін секілдіміз. Біздің айтпағымыз, өскелең ұрпақ үшін жоғарыда аталған телефон, компьютер ойындарын, қазақтың дәстүрлі ойындарымен қалай алмастыра аламыз? Оның қандай тиімді жолдары бар ма? – деген сұрақтардың төңірегінде болмақ

Тарихқа көз жүгіртсек...

Ұлы Даланың қожайыны болған, шығыс пен батыстың күре тамырын бақылауында ұстаған, әлемдік тарихқа «көшпелі өркениет» ұғымын енгізген бабаларымыздың саналы ғұмыры мал шаруашылығын жетілдіріп, оған қатысты ғұрыптарды, салт-дәстүр мен түрлі жосындарды өмірге әкелгені белгілі. Бүгінгі ұрпақтың міндеті осы бір ғасырлар бойы қалыптасқан, санамызға сіңген дүниені сақтап қалу десек, бұл міндетіміздің ойдағыдай орындалып жатқанына күмән көп. Әрине бұл өкініштің сырын заманның ағымы, ақпараттық технологияның өрістеуі, жаһандық даму үдерістерінен іздеп, барлық кінәні осы жағдайлармен байланыстыруға болады. Дегенмен «заманың қасқыр болса түлкі болып шал» - деген халық мақалы осы бір түйіткілге жауап бергендей әсер қалдырады. Технологияның жетістігін халық дәстүрін қайта тірілтуге пайдалану қажет. Өкінішке орай бұл жерде де әттеген-айлар бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Себебі тарихи-этнографиялық зерттеулерде асықпен байланысты мәліметтер аса көп емес. Ғаламтор бетіндегі асықпен байланысты мәліметтер де ілуде біреуі болсама, көбісі бір-бірін қайталаудан ары бармайды. Осы мәселенің орнын толтыру үшін кешенді тарихи, археологиялық, этнографиялық, палеозоологиялық зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, түрлі ақпарат көздері арқылы халықты хабардар етіп отыру қажет. Жер бетіндегі тірек-қимыл жүйесі дамыған барлық жаратылыс иесінде асық кездеседі. Бірақ қазақ халқы төрт түліктің асығын, оның ішінде қой және ешкі асығын, сирек жағдайда сиыр асығын да ойынға пайдаланған. Түйе асығының анатомиялық және морфологиялық құрылымы сиырға жақын болғанымен, қолға икемсіз, пішінінде ауытқушылықтар бар, әрі өте ірі. Жылқы асығы құлан, есек асықтарымен бірдей. Бірақ қазақ жылқы асығын қолға мүлдем икемсіз болғандықтан ойын құралына қолданбаған. Бірақ археологиялық зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, бетінде әртүрлі торкөз секілді сызықты белгілері бар жылқы асықтары көршілес аймақтардан кездескен.

Асық ойынының бірнеше ондаған түрлері бар. Бірақ археологиялық зерттеулерге назар аударатын болсақ, көбіне бірнеше ойынның дамығандығын байқауға болады. Оны көбіне шік, тәйке жағы егеліп, тегістелген және шік жағы тесіліп қорғасын немесе сым-темірді бұрап кіргізген асықтардың табылуына қарап айта аламыз. Әрине дәл сол кезеңде мұндай белгісі бар асықпен қатысты ойынның қалай аталғанын айту қиын. Дегенмен, біздің ойымызша алыстан атып ойнайтын «омпа», «иірмешілік», «үштабан» секілді ойын түрлері дамыған секілді. Әсіресе жоғарыда аталған тесігі бар, егелген және қорғасынмен ауырлатылған асықтар ортағасырлық қалалардан жиі табылады. Ал ерте кезеңдерде (қола, темір дәуірлері) асықтар көбіне «мұрындықталып» тесілген, боялған секілді белгілермен кездеседі. Біздің ойымызша асықтың алғашқы функциясы оның «алты қырлы» және куб пішінінде болуына қарай – ғұрыптық жосындармен байланысты болған. Оның ішінде адам жолға шығарда бал ашу, болашағын білу секілді жорамалдар жасауға қатысты болуы әбден мүмкін.

Археологиялық зерттеулер...

Сырдария бойындағы антикалық ескерткіштерге жататын Бәбіш мола қаласын 2018 жылы қазған кезде (экспедиция жетекшісі т.ғ.д. профессор Ж.Құрманқұлов), бір жерден шыққан 80-нен астам ақбөкен асықтары табылған. Асықтарды археозоологиялық зерттеу барысында, бірқатарының тәйке (тауқа немесе зоологиялық терминде медиальды қыры) жағы егеліп, тегістелген, бір қырынан мұрындықталып тесілгенін байқадық.

2017 жылы Алакөл өңіріндегі ортағасырлық Жайпақ қаласын зерттеу барысында (экспедиция жетекшісі т.ғ.д. профессор Ә.Т. Төлубаев) бір бөлмеден 70-тен аса қой асығы табылған. Аталған асықтардың ішінде бірқатарының шік жағы (дорсальды беті) тесілген немесе шұңқырланған.

Талғар қаласына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде (экспедиция жетекшісі академик К.М. Байпақов) үй жануарының асығынан ірі, бірақ пішіні қой асығына ұқсас асықтар тобы табылған. Мұны зерттеушілер арқардың асығы болуы мүмкін деп тұжырымдаған.

Жалпы мұндай мысалды ортағасырлық қалаға жүргізілген қазба жұмыстарының барлығынан да кездестіре аламыз. Бірақ асықтарды зерттеуде төмендегі ерекшеліктер жиі көрініс табатыны анықталып отыр:

- Асықтардың бірқатары қызыл қынамен боялған (ортағасырлық Қастек – Алматы облысы, экспедиция жетекшісі А.Ә. Нұржанов; қола дәуірінің обасы – ШҚО, Абай ауданы, экспедиция жетекшісі Ұ.Үмітқалиев);

- Асықтардың бүк жағы (кейде барлық шеті) егеліп тегістелгені (мұндай асықтарды барлық ескерткіштерден кездестіре аламыз);

- Асықтардың бір қырынан тесілген болуы (қола дәуірі, Бәбіш мола, Шірік рабад, Қастек, Раң, Созақ);

- Асықтардың шік жағына қорғасын құйылуы, кейде темірді иіп әкеліп, сол тесікке жабыстырғаны да анықталған (Талғар, Тараз, Отырар, Раң);

- Асықтардың бетіне түрлі сызықты өрнектер бедерленуі (кейінгі палеолит, энеолит дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірі, ортағасыр).

Осы мақаланы жазу барысында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қорында сақталған материалдарға (Отырар, Раң, Талғар, Қойлық, Ақтөбе (Баласағұн), Шу өңіріндегі қалалар тобы, Тараз, Жаушықұмтөбе, Бәбіш мола, Шірік Рабад материалдары бойынша)  талдау жасалып, барлығында да жоғарыда аталған белгілердің кездесетінін байқадық.

Асыққа қатысты ғылыми тұжырымдар...

Қазақ халқында жануар сүйектерімен байланысты сенімдер мен салт-жоралғылар көптеп ұшырасады. Оның ішінде «жауырынмен бал ашу», «кәрі жілікпен» байланысты ғұрыптар, қыз балаға құйымшақ, тоқпан жілік, ұл балаға асықты жілік ұстату секілді ғұрыптарды айта аламыз. Қазақтың дәстүрлі қолөнерін зерттеген Х.Арғынбаев, Қ.Қасиманов, Д.Шоқпарұлы, Б.Хинаят және т.б. ғалым-зерттеушілер өз зерттеулерінде «сүйек ұқсату» өнерінің қазақ тұрмысында жоғары бағаланғанын жазады. Бірақ сүйек өңдеу өнері басқа қолөнер түрлері секілді жеке бөлініп шықпаған, көбіне ағаш, тері өңдеу секілді қолөнер түрлерінің бір бөлігі ретінде қарастырылған дейді. Ал жануар сүйектері, оның ішінде асықтардың археологиялық зерттеулерде кездесуі туралы пікірлерді біз үшке бөліп қарастыра аламыз.

Бірінші, асықтардың көне замандарға тән жерлеу орындарында, бөлмедегі ошақтың жанынан табылуы және асықтардың түрлі қырынан тесілген және боялған немесе бетінде әрқилы сызықты белгілердің болуы, сонымен қатар жерленген адамның жас ерекшеліктері және т.б. белгілеріне байланысты ғұрыптық мақсатта пайдаланған.

Екінші, асықтардың өңделуі, егелуі, тесілуі және боялуына (көбіне ортағасырларда) байланысты және асықтың түрлері мен пішіндеріне байланысты көне заманған тән ойын түрлеріне пайдаланған.

Үшінші, асықтарды тері илеу, қыш құмыра жасаудағы жылтыратумен байланысты тұрмыстық мақсатта пайдаланған.

Асықтарды пайдалану ерекшеліктеріне қатысты жоғарыда аталған пікірлерді біз, Л.А. Макарова, Ұ.Үмітқалиев, А.Ә. Нұржанов, З.Ө. Ибадуллина, Б.Сиражева және т.б. белгілі отандық және шет елдік археолог, этнограф, палеозоолог және трасолог ғалымдардың еңбектерінен кездестіре аламыз.

Археологиялық параллельдер...

С.В. Сотникова қола дәуіріне тән ескерткіштердің ішінде жас балалар жерленген қабір шұңқырынан табылған асықтарды саралап, асықпен көму дәстүрін баланың жас ерекшелігіне қарай бөлінетінін айтады (Сотникова, 2015, с. 21-30).

Ұ.Ү. Үмітқалиев қола дәуіріне тән жерлеу орнынан мұрындықталып тесілген асықтардың кездесуі, түркі халықтарында кездесетін, асықты тұмар ретінде тағумен байланысты деген жорамал жасайды. Яғни мәйітті жерлеуге келген туыстары мен жақындарының топырақ салудың орнына, тұмар ретінде мойындарында жүрген асықтарын, жерлеуге барғанда жібін үзіп қимасына берген (Үмітқалиев, 2016, б. 111-116).

А.Ә. Нұржанов асықтардың латеральды немесе медиальды қырларының егелуін және дорсальды бөлігіне жасалған тесіктерді  қазақтың дәстүрлі «асық ойындарымен» байланыстырады (Нуржанов, 2014, с. 462-471).

А.И. Юдиннің ойынша ешқандай сызықтық белгілері мен өрнектері жоқ асықтар «ешқандай ғұрыптық мақсатта пайдаланылмаған, тек асықпен байланысты белгілі бір ойынға арналған», ал бетінде бедері немесе сызықты өрнектері бар асықтар жерленген адамның белгілі бір әлеуметтік мәртебесін білдіреді дейді (Юдин, 2009, с. 146-170).

Жалпы жерлеу орындарынан табылатын асықтар оның ішінде уақ малға тиесілі асықтар тек ойын түріне ғана арналмаған, сонымен қатар басқа да ғұрыптық іс-шаралар шеңберіне қатысты болатыны жөнінде этнографиялық мәліметтерді кездестіре аламыз. Мәселен иран халықтарында асықтар әйелдер босану кезінде, жаман күштерді қуу ғұрыптарында қолданатын болған (Цимиданов, 2001, с. 215-248).

Асықты пайдалану мәселесі...

Жоғарыдағы археологиялық зерттеулерден байқағанымыз, асықтарды белгілі бір салт-дәстүрмен және ойын түрімен байланыстырған. Бірақ археологияның трасологиялық әдістері негізінде жүргізілген зерттеулер, асықтардың тері илеу, қыш ыдыстардың сыртын тегістеу ісінде де пайдаланғанын көрсетіп отыр. Осы жөнінде белгілі Ресейлік трасолог т.ғ.к. И.В. Горащукпен пікір алмасқанда, аталған ғалым асықтарды терінің белгілі бір бөлігін беткі шелінен тазарту ісінде жиі қолданғанын айтады.

Тарихи сабақтастық...

Асық – ойын құралы ғана болып табылмайды. Асықтың куб тәріздес пішінге ие болуы көне дәуірден бастап ақ, белгілі бір ғұрыптық жосындарда қолданғанын көреміз. Үстірттегі палеолит тұрақтарынан табылған ақбөкен және қой асықтарының бетіндегі сызықтар осыны дәлелдейді.

Қола дәуіріндегі мұрындық секілді тесігі бар асықтар мойынға немесе белге тағып жүргенін көрсетеді. Тіпті түркі халықтарында жас балалар белгілі бір жасқа дейін асықты моншақ секілді мойынға таққан. Бала жеткіншек жасқа келгенде барлығымыза белгілі инициация (бағыштау) ғұрыптарынан өтіп, асықты жіптен айырады. Оның үстіне археологиялық зерттеулерден белгілі болып отырғандай, жас балалардың жерлеу орынына тесігі бар асықтарды салу дәстүрі кең таралғаны, асықтың баланың жасымен байланысты болуы мүмкін деген болжамның дұрыстығын айғақтай түседі.

Бірақ ортағасырларда аталған ғұрыптар жоғала бастаған. Бұл кезеңде асық ойын түріне негізделе бастаған. Әрине қола және темір дәуірінде де асық ойыны болғаны анық. Бірақ ол кезеңде ойынға қарағанда оның тұрмыстық мақсаттағы еңбек құралы және ғұрыптық зат ретінде ролі үлкен болған секілді. Этнографиялық кезеңде асықтар тек ойын ретіндегі қолданыс аясы кеңейгені анық. Мұны біз асықпен байланысты ондаған ойын атауларының сақталғанынан көреміз.

ХІХ ғасырда қазақ жеріне жүргізілген зерттеулер, халқымыздың дәстүрлі спорт ойындарымен қатар, балалар арасында асық ойындарының кең таралғанын көрсетіп отыр.

Кеңестің кезеңде өкінішке орай «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар...» деген оймен, төл өнеріміздің дамуына көп көңіл бөлінбеді.

Тәуелсіздіктен кейін асық ойыны біршама дамып, жетілгенін біздің бала күнгі ойындарымыз дәлелдей түседі. Бірақ соңғы он жыл көлемінде технологияны дамуы бұл жағдайды кейінге ысырып, қазақтың дәстүрлі ойындарының ұмыт болуына әкеліп соқты.

Тығырықтан шығу...

«Өткенді білмей, болшаққа қадам жасай алмайсың» - деп Әл Фараби бабамыз айтқандай, қазақтың дәстүрлі ойын түрлерін қайта жаңғыртуымыз шарт. Егер күнделікті өміріміз бір терезеге (телефон, теледидар) үңілумен өте берсе, болашақта маригиналды санаға өтіп, дайын тапсырманы орындайтын роботқа айналарымыз сөзсіз. Адам жан-жақты болуы керек. Үнемі қозғалыс, ізденіс қана – қатарыңнан озып шығуға жетелейді. Осы жерде маған В.Познердің «Бір қабатты Америка» деген еңбегінде айтылған ойлар ерекше әсер еткенін айтқым келеді. Автор АҚШ-тың бірқатар қалаларында бір қабатты үйге көшу үдерісі жаппай өріс алуына талдау жасай отырып, адамдардың стандартты жағдайдан қашатынын айтады. Расында қазір барлығы цифрлану, стандарттау жүйесіне тереңдеп ене бастады.  Өміріміздің барлығы да стандарттарға негізделген. Неге ғалымдар, шығармашылықпен айналысатын адамдар табиғатқа шығуға, адамдардан бөлек кетіп қалуға құмар. Себебі стандартты жағдайда тұрған адам, сол айналадағы белгілі шеңберіндің аясында ғана ойлайды. Одан әрі оның керемет жаңалық ойлап табатынына күмән көп. Өкініштісі біздің балаларымыз да осы стандарттар мен шарттардың шеңберінде қалып бара жатқандай көрінеді. Бір бөлмеде отырып шүйіркелесіп сөйлесу, арпалысып ойнаудың орнына, қасыңдағы адаммен виртуалды байланыс жасап, жеке-жеке, бөлек әлемде отырады. Осылай кете берсек, енді біраз жылда қазақ баласы өзінің атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлерінен қол үзіп қалары анық.

Осы тығырықтан шығудың басты жолдарының бірі бұл ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрлі ойындарымызды қайта жаңғырту. Оның ішінде балалардың арасында асық ойындарын жетілдіру. Асық ойынын соңғы кезеңде спорт ойындарының қатарына қосып жүргені жүрекке ерекше қуаныш ұялатады. Дегенмен насихатталуында кемшіліктер көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын, ҚазҰУ-да бірге оқыған досым Түркия еліне барғанда, Стамбулдағы оқу орнының алдында қазақ балалары жиналып «асық пати» өткізгенін айтты. Ең қызығы осы ойынға барлық шет елдік жастар ерекше қызығушылық танытып, ойынға араласқан. Байқап отырсақ, асықпен тікелей байланысы жоқ елдің балалары да «іс-қимыл», «қабілет», «дәлдік», «ойлау қабілеті», «таңдау жасау» секілді қасиеттерді бойына жинаған «асық ойынына» жоғары баға беріп отыр. Меніңше асық ойынын балалардың арасында кеңінен насихаттау қажет. Мүмкін мектеп деңгейінде болса да. Мәселен жапон елінде мектеп қабырғасында өздерінің ұлттық құндылықтарына, дәстүрлеріне қатысты сабақтар өткізіледі. Неге бізге де солай жасамасқа. Қазақтың жерінде атам заманнан бері өшпей, тарихи сабақтастыққа ұласып келе жатқан салт-дәстүр, ғұрып,  ойынмен байланысты асықты ақпараттық технологияда пайдалану өте тиімді. Осы ойынға қатысты арнайы бағдарлама ұйымдастыру қажет. Мәселен, отандық бір телеарнада тек «балық аулауға» да қатысты бағдарлама жүргізіледі. Байқағаным, осы бағдарламаны көретіндер де көп екен. Осы секілді бағдарлама жасалса құба-құп болары сөзсіз. Асыққа қатысты да мультфильмдер түсіріп, мектеп бағдарламасындағы кітаптарға да енгізу қажет секілді.

Қорытынды

Асық көне заманнан бері жоғалмай келе жатқан ерекше зат. Қазақ болмысына терең сіңген, тәжірибеден туындаған дәстүр іспеттес. Қазақтың қазақ болып қалуының бір жолы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту, асықты бүгінгі жастардың ойын құралына айналдыруда. Адамның білімі, қарым-қабілеті тәжірибеден жинақталады, соның негізінде ақыл-ой қалыптасады. Меніңше дәстүрлі ойын түрлерін күнделікті өмірге терең енгізе алсақ жастардың қазақ мәдениетіне, ұлттық ерекшеліктерімізге деген құрметі артары сөзсіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Сотникова С.В. Детские погребения с наборами астрагалов как отражение половозрастной стратификации в обществах эпохи бронзы на территории евразийских степей (по материалам памятников синташтинско-петровского, потаповского, покровского типов) // Вестник пермского университета. Выпуск 1 (28). История. Пермь: С. 21-30.
  2. Ұ.Ү. Үмітқалиевтің «Асық баланың ойыны емес – бабаның мұрасы» атты мақаласынан оқи аласыздар // Қазақстанның тарихи-мəдени мұраларының өзекті мəселелері: өткені, бүгіні мен болашағы: тарих ғыл. докторы, профессоры Мадияр Елеуовтың 70 жылдық мерейтойына арналған халықар. ғыл.-тəж. конф. матер. (Алматы, 6 мамыр 2016 ж.). / Жауапты ред. А.Б. Қалыш. Алматы: Қазақ университеті, 2016. I-бөлім. 111–116-бб.
  3. Нуржанов А.А. Некоторые результаты палеозоологических и палеоботанических исследований на городище Кастек // «Марғұлан оқулары – 2014»: Академик Ә. Х. Марғұланның 110-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы – Павлодар: 2014. 544 с.
  4. Юдин А.И. Погребения с астрагалами из Новопокровки-II: служители культа или «игроки»? // Археология Восточно-Европейской степи. Вып. 7. Саратов: Научная книга, 2009. С. 146–170.
  5. Цимиданов В.В. Астрагалы в погребениях степных культур эпохи поздней бронзы и раннего железа // Археологический альманах. №10. Донецк: ООО «Лебедь», 2001. С. 215–248.

Информаторлар тізімі

  1. Жүсіпұлы Бақытжан (34 жаста)
  2. Досалыұлы Мұхтар (33 жаста)
  3. Съездұлы Тимур (32 жаста)
  4. Еркінұлы Орынбасар (33 жаста)
  5. Әскербекұлы Рахат (33 жаста)
  6. Сейілбеков Ержан (34 жаста)

ҚОСЫМША

 

Сурет 1. Ортағасырлық Қастек, Қосқұдық қалаларынан табылған асықтарды талдау. М.С. Шагирбаев және П.А. Косинцев (фото Е.Ш. Ақымбек бойынша)

Сурет 2. Жануар асықтарын талдау. Палеозоолог – П.А.Косинцев

(фото М.С. Шагирбаев бойынша)

Сурет 3. Асықтарды археозоологиялық талдау. М.С. Шагирбаев

(фото Ж. Уралбаев бойынша)

Сурет 4. Бүк жағында сызықты белгісі бар асықтар.

Бәбіш мол қаласынан табылған.

(автордың фотосы)

Сурет 5. Тесігі бар және егелген асықтар.

Ортағасырлық Талғар, Раң және Ақыртастан табылған.

(автордың фотосы)

 

Сурет 6. Мұрындықталған асықтар.

Бәбіш мола және Тараз қаласынан табылған.

(автордың фотосы)

Сурет 7. Өңделген асық сызбалары. (сызба Ө.Доспембетов бойынша).

Сурет 8. Өңделген асықтар кешені. Қола дәуірі.

(В.А. Подобедов бойынша)

Сурет 9. Өңделген асықтар кешені. Қола дәуірі. (А.З. Винников бойынша)

 

Шағырбаев Мәмбет Сапарбекұлы

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология 

инстиутының кіші ғылыми қызметкері

Алматы қаласы

Пікірлер