Инфляция жеп қойған халықтың қаржысын қайтару үшін не  істеу керек?

2840
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын биыл да көтеру туралы тапсырма берді.

Оның айтуынша, бұл шешім бір миллионнан астам азаматтық және мемлекеттік қызметшінің жағдайының жақсаруына тікелей әсер етеді.

Еске сала кетсек,  бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 30 процентке көбейтуді тапсырған болатын.

Ал 2019 жылдың екінші тоқсанындағы деректерге жүгінетін болсақ, елдегі бұқараның кірісі 9,3 пайызға артқан.  Былтыр дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 113,7 мың теңге болса, қазір 121,7  мың теңгеге өсіпті. Бірақ осы кірістің 6 пайызын инфляция жеп қойып отыр.

Рас, бізде зейнеткерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге,  тұрмысы төмен отбасылардың алатын жәрдемақысына жыл сайын мемлекет тарапынан қажетті үстемақы қосылып отырады. Бірақ үстемақы қосылған сайын қымбатшылық та халықты қыса түседі. Мәселен, деректерге жүгінсек,  2015 жылы халықтың кіріс көзі республика халқының әрқайсысына шаққанда 76,575 теңгені құраған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 99,3 мың теңгеге өссе,  2017 жылы 113,7 мың теңге болған. Дегенмен жыл сайын кірісі өсіп отырса да, әлеуметтің әлеуеті айтарлықтай жоғары емес.

Менің ойымша,  біздегі орташа жалақы көлемі 120 мың теңгенің айналасында.  Ал енді қазір бір айға ең аз дегенде азық-түлік сатып алуға 70 мың теңге кетеді. Қала халқының төлейтін коммуналдық қызметақысы бар. Ауыл халқының жем-шөбінен бастап отын-суына дейін қымбаттаған. Алдағы уақытта да қымбатшылықтың өспейтініне қатысты ешбір инстанция кепілдік бере алмайды. Біз қазір әлеуметтік аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз.. Соңғы бес жылда халықтың ақшаны тамақтан үнемдеуі көп нәрсені аңғартады.

Дамыған елдермен біздің орташа жалақы мөлшерін салыстырудың өзі ыңғайсыз. Бірақ біз өркениетке ұмтылған ел болғандықтан олардың жақсы жағын алып қалуға тырысуымыз керек. Бірқатар дамыған елдерде орташа жалақы мөлшері 4500 долларды құрайды. Адам капиталын дамытуды қолға алған мемлекеттер қазір ұтылмайды. Сондықтан бізге де осы бағытты ұстану керек»

Инфляция жеп  қойған халықтың қаржысын қайтару керек. Ол үшін не істеу керек?

А)  Инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайтуы үшін орташа жалақы көлемін өсіру керек. Бұл әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс.

Ә) Үкімет монополистерге шектеу қоя білуі керек. Тариф бағасын қолдан көтеруге, газ, жанар-жағармай бағасын орынсыз қымбаттатуға жол берілмеуі қажет.

В) Халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болуы үшін мемлекетік арзан дүкендер желісі ашылса жөн болады. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққан өз бағасымен жеткізіліп отырса анағұрлым арзан болады.

Міне, Үкімет өсірген жалақыны инфляция жеп қоймауы үшін алдымен осы іспетті шараларды орындауға мән беру керек. Бұл әрі тез, әрі ұтымды бағыт болар еді..

Экономика ғылымының докторы,

 профессор Жұмаділда Баяхметов,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер