"Біздің төл мәдениетіміз эстрада, джаз, рок, симфония емес қой"

2395
Adyrna.kz Telegram

Рамазан СТАМҒАЗЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, әнші, ұстаз:

- Өткен ғасырда құрылған үлкен өнер бірлестіктері, орталықтар, кітапханалар жабылды. Бұл біздің жанымызды жейтін нәрсе. Өйткені, Елдің бәрі Алматыдан Астанаға көшіп кеткен жоқ. Алматыда негізін қалаған адамдардың тұғырлық дүниесін кейінгі ұрпаққа жеткізетін саналы ұрпақ отыр. 62 тамырында өнердің ұлттық рухы жайылған жастарымыз бар. Өнер академиясында, консеруаторияда бәленбай бала оқиды. Ендігі ауыз салу –соларды қысқарту, қазіргі мемлекеттің мақсаты. Оларды қысқартса ғасырдан келе жатқан жыр, терме, дастан, халық және халық композиторларының әндерін кім айтады? Ошағымыздың ұлттық алауын өшіргеннен не пайда? Қазір халық «сендерден кейін кім бар?» – деп сұрайды. Неге жоқ? Бар. Бірақ, олардың шығатын, көрінетін жері жоқ. Ал олардың бізге керегі жоқ десек, ертең қазақ кім болады? Олардың тамырына балта шапсақ ертең кім боламыз? Қазіргі жастар жай жастар емес, орындаушылық мәдениетімен қоса ғылыми ізденісі жасайтын жастарымыз бар.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша барлық деңгейден өтіп жоғары оқуды толық аяқтағанша өнерпаздарымыз 30-35 жасқа келеді. Ал концерттік, өнер бірлестіктері адам қабылдағанда «18-20 жас аралығындағы жастар қабылданады» деген шарт қояды. Сонда сонша жыл оқу оқып, еңбек етіп, ғылыммен айналысқан, үлкен өнер адамдарының тәлім-тәрбиесін алған, ұстаздарының мұраларын жинаған адамдар қайда бару керек? Олар өгейден туып па еді? Неге олар қайыр тілеп базарға кету керек? Мамандығын ауыстыру керек па? Қазақтың қастерлі, күміс көмей ақ домбырасын іліп қойып неге басқа мамандыққа кету керек? Біздің мемлекет неге соған қарамайды? Мәдениет министрлігі қайда қарайды? Біздің қазіргі мәдениетіміз эстрада, джаз, рок, симфония емес қой. Біз қазақ болу үшін өзіміздің ұлттық дүниеміз керек...


Жазып алған Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ

20-сәуір күні "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөсіпірмдер театрында ұлттық өнер мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында айтылған өзекжарды ой-пікірден үзінді.

 

Пікірлер