Серік Елікбай: Шайтан мен шайыр

910

(Сағыл әңгіме)

Ол өте талантты еді...
Өмірді сүйіп жыр жазды!
Жастай жетім қалған бозбала ренжіп, бүгіліп, өкініп көрген емес!
Жарқырап жанған көздері-жаратқанға жасаурамай қарайтын.
Ән салып жүретін.
Жыр жазып жүретін.
Әлдекімге көмектесіп бара жатады...
Әлдекімге көмектесіп келе жатады...
Сол түні, бір топ ақын жігіттер дуылдап бас қосты!
Бұны ортаға алған.
Ішсеңші, - деген.
Бұл; іше алмаймын, - деп еді.
Туысы көп, жазушылар одағында "мықты" ағасы бар көркөкірек жігіт-қасына бір қызды ертіп келіпті...
Есірік неме; қасында нәзік жан бар деген сезімнен ада-қысылусыз, қамсыз ауызбен боқтықты езіп құсады...
Үркек серігі, бота көз бала-ұялып алаулайды...
Түн ауа қыз "қайтамын" деді.
-Кете бер, - деген сенгені...
-Дұрыс емес ғой, -деді бұл...
-Емешегің езіліп тұрса, бар шығарып сал...
Бойы шағын бойжеткен бұған басында тосаң қарағанымен, шешіле келе әңгімелесіп кетті...
-Сіз, неге Алматыға кетіп қалмайсыз...
-Маған осы қала ұнайды.
-Алматыда жыр сүйер қауым бар ғой...
-Алматы да осы...мен кімге керекпін?
-"Қара түнде мына өмірмен қоштастым"... делінер өлеңіңіз керемет!
-Рахмет!
-Сізді, сізді бәрі жаман адам дейді...
-Иә, жаман дейтінін білемін...
Найзағай шатырлап жарқылдады. Бөтен қыз жабысып қысылды - кеудесіне.
-Кіріңіз, құрбы қыздармен ғана тұрамын. Шай ішіңіз...
-Рахмет!
Сағат екі болыпты, пәтерге қала ортасындағы орыс зираты ішімен тартты...
Үзеңгісі суық үрей-аяғын шідерлей береді.
Найзағай аспанды жырта жарылды...
Өн бойы жарқ етіп күйе ысыды.
Есін жиса, қарсы алдында қап-қара түнерген әлдекім отыр...
-Кімсің...
Бұл түк айта алмады.
-Сендер мені құртқан...деді Ол.
Жылады.
-Сөйле!
Не айтпақ?
-Өлең оқып берейін!
-Оқы!
...Өлең оқып өлем мен..
Өлерімнің алдында!
Ақ қағазға жазып кетем
Арызымды тағдырға...

Жалғыз молам басында,
Қазақ тілі тұрады!
Сонда болар
Әңкүр-мүңкір сұрағы...
-Тоқта, көңілді бірдемеңді оқышы!
-Бәрі өтеді!
Шыңғысханның қаһарындай таусылып..
Ар өтеді...
Арсыз күнін қаусырып...
Қазақ ғана қалады!
Аққан жасын іркіп-ап.
Кеудесінен жусан исі бұрқырап!
Шырқау көкте атқан оғы шырқырап...
-Ақынбысың?
-Білмеймін...
-Батырмысың?
-Жоқ!
-Ал, сіз кімсіз...
-Мен адамзат адасса - алып шығамын деп келіп ем! Мен адамзат қарайса-ағартамын деп едім...Мен адамның ақ туы болсам деп ем,айдынындағы аққуы болсам деп ем...
Жоқ, олар менен асты! Арсыздықтан да, алдаудан да...
...Бұл жұбатпаққа қол созған-саусақтары отқа тигендей тыз етті...
-Өлең оқышы!
-...Өлең оқы, қас үйінде дос үшін!...
Ұзақ өлеңдерін оқыды, сағаттар тоқтап қалған секілді!
Қаралы жанды бауырына тартты...
Күйіп барады!
Жанып барады!
Шыдау керек - ол үшін...
Жұрт үшін...
Таң атты.
...Қала зираты ортасында жас шайырдың мәйіті жатты. Қасындағы перизат жүзді періште оған қарап, өксіп жылауда екен!
Найзағай түскен денесі-қара қошқылданып кетіпті...
Ақынды көмген күні жаңбыр ұзақ жауды...
Достары; сол күні мас болып кеткенін айтты тергеушіге...
Полиция ғимараты үстінде аппақ періште отырды, оң бетіне қара дақ түсіп қапты...

 

Пікірлер
Редакция таңдауы