Айдана БЕЙСЕН: Жүрмісіз үн-түнсіз күйзеліп...

797

Сіз үшін

Пойыздар жүйткиді зымырап,

Беймаза күй кешіп көргісіз.

Ішінен өзінше тынып ап,

Сіз де бір ойлармен жүрмісіз?

 

Жүрмісіз үн-түнсіз күйзеліп,

Жүректің әуенін сала алмай?

Сіз-дағы көріңіз сезініп,

Тағдыр да тербеліп барады-ай...

 

Неліктен көңілсіз қалыпта,

Отырсыз жабырқау жүзбенен?

Қараңғы сіз үшін жарық па,

Сағынтып қалған ба күз деген?

 

Сыр тұнған әлемге құмартар,

Күттіріп қойды ма сары дала?

Мұң шалған көңілді жұбатар,

Сіз үшін ақ жауын ғана ма?

 

Жол ұзақ.

Көресіз жалғасын

Ауырды, жеңілді арқалап.

Сіз үшін ұмыт боп қалмасын,

Көз жетпес қиырлар... шартарап.

 

Ақ таңдар

Арайлап атқан ақ таңдар –

Жүрекке сәуле жаққандар!

Үміт пен сенім оятып,

Күнбатыс жаққа батпаңдар!

 

Сендермен бірге оянам,

Сәулеңе сенің тоя алман.

Мезгілдің жылдам өткенін

Білгізді маған ой-арман.

 

Қуанам ақ таң атқанда,

Ұйқыдан тұрып жатқанда.

Ғажайып әсем дүние

Шұғыла – көзін ашқанда.

Айдана БЕЙСЕН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология және әлем тілдері

факультеті студенті, «Уақыт және

кеңістік» атты өлеңдер жинағының авторы

Пікірлер
Редакция таңдауы