Оқпен бірге от кешкен...

532

1932-1933 жылдар, «қолдан жасалған аштық» нәубетінің қазақ жерін шарпыған кезі еді... Көрші ауылдан 7-8 жасар баласын жетектеп келген әйел жолай бір үйге кірді. Пеш үстіндегі қазанның буы бұрқырап жатыр, ішінде талғажау етер нәрсе бар сияқты. Содан дәм етті ме, әлде жаяулатқан ұзақ жолдан қажыды ма, екеуі осында аялдауға үй иесінен рұқсат сұрады. Рұқсатын бергенімен, біршама уақыттан кейін үй ішіндегілердің өзара ымдасулары күдік туғыза бастады. Олармен әр нәрсені сөз етіп отырғанда кенеттен буы бұрқырып жатқан қазаннан жас баланың қолы сап ете қалды. Мұны көрген әйел есі шығып, баласының қолынан ұстай сала далаға ұмтылып тұра қашты. Артына қарамастан қашып келеді. Әлгі үйдегілер екеуінің соңына түсіп, қуып келеді. Жаны көзіне көрінгенде адам желден жүйрік болып кетеді емес пе, біраз жерге дейін қуып, жете алмаған соң, бағанағылар қолдарын бір сермеп артта қала берді. Олар – аштықтың салдарынан, адамгершіліктен алыстап өлместің күніне көшкен «адам жегіштер» еді...

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен-ау. Осы адам жегіштерді өз көзімен көріп, екі өкпесін қолына алып қашқан кішкентай бала біздің атамыз – Қожахан Мәдіғалиұлы болатын. Ол 1925 жылы 15-қазанда қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы, Құрақсу ауылы маңындағы Жіңішке деген мекенде дүниеге келген және сол жылдардағы өз қатарластары сияқты «орташа» өмір сүрген. Ақсу ауданы, Матай станциясындағы №58 қазақ орта мектебінде оқыған. 8 класты бітірген жыл сұрапыл соғыстың басталған жылымен тұспа-тұс келді. Бұл туралы суыт хабар ел арасында таралып, соғысқа жарамды азаматтар әскерге алынып жатқан уақытта, атамыздың жасы әскерге баруға толмағандықтан, Сталин атындағы колхозда (қазіргі Сағабүйен ауылы) жер жыртып, егін бастырып, шөп шапты.

1942 жылы тамызда Ақсу ауданынан 1924 жылы туғандарды әскер қатарына алу басталды. Негізінен, атамыз 1925 жылғы болса да, соғысқа бару үшін өзінің туған жылын 1924 жыл деп жаздыртып алған. Ауданнан іріктеліп алынған 25 бала Молалы станциясынан эшелонмен Алматыға келіп, Тастақтағы 21-атқыштар дайындайтын полкта қатардағы жауынгер атанды. Сол жылы қазан айының басында жаңа киім беріліп, оларды майданға жіберуге әзірлей бастайды. Арада екі-үш күн өтпей жатып жаңағы жаңа киімдерді жинап алып, ескі, жамалған киімдер беріп, аяқ астынан эшелонға тиеп Сібір жаққа алып кете барады. Туып-өскен жер Жетісуды кесіп өтетін Түрксіб теміржолымен ұзақ жол басталады. Содан 30-қазанда бір эшелон солдат Новосибирскіден берірек орналасқан Бердск деген жерге әкелініп, орман арасындағы әскери бөлімшеге жайғастырылады.

Атамыздың естеліктерінен: «Біз атақты гвардиялық миномет дивизиясына осылай келіппіз. Осы жерде машинаға орнатылған «Катюшаның» өзін көрдік. Оқтары бірнеше түрлі болады екен, ең кішісі «М-8», салмағы 8 килограмм, бір жәшікте 4-тен жатады. Кинолардан көріп жүрген оты жарқ-жұрқ ұшып жататын оқтар осылар. Оларды жаяу әскерді жою үшін пайдаланады. Одан кейін «М-13», оның салмағы 39 кг, бір жәшікте 2-ден жатады, оны ірі бекіністерді атқылау үшін қолданады, «М-20», «М-30», «М-31» деген маркалары бар, олардың салмағы 93 кг, жәшігімен 150 кг. Бұларды ірі жер асты бекіністерін жоюға қолданады. Біздікі оқтарды жәшіктермен жеткізіп «Катюшаға» оқтап беру, ал ату жағы офицерлердің еншісі. 20-25 күн оқу-жаттығуды сәтті аяқтап, 500 солдат алғы шепке кетуге дайындыққа кірістік. Москвадан хабар күтудеміз. Түн ішінде әскери дабыл қағылып, түнімен жаяу жүріп отырып бір жерге алып келді. Совхоздың МТМ (машина трактор шеберханасы) сияқты бір-біріне іркес-тіркес орналасқан екі үлкен ғимаратқа келіп тоқтадық. Аңғал-саңғал, есік-терезесі жоқ, қабырғалары мен төбесі ғана жабық. 500 Солдат соның ішіне жайғастық. Содан бізді сапқа тұрғызып: «Мынау «Катюшаның» оғын шығаратын зауыт болады, үш айдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтау керек» деп жоғарғы әскери қолбасшының бұйрығын оқып берді. Сол күннен бастап сол жерге теміржол тарттық, есік-терезе салдық, еден төседік, оқ-дәрі жасайтын столдарды құрдық. Күн-түн демей, қарлы боранмен алысып-арпалысып, бірде тоқ, бірде аш жүріп, әлгі зауытты белгіленген уақыттан жарты ай бұрын, яғни екі жарым айда іске қостық. Ол зауытта негізінен әскер қатарында емес жай азаматтар жұмыс істейді деп межелеген, бірақ ондай адамдар жинала қоймады. Сондықтан алғашқы оқтарды құрастыру солдаттарға жүктелді. Цехтың ішінде істеуге іріктеліп алынғандар «лаборанттар», ал сырттағылар жүк тиеушілер болып бөлінді. Жүк тиеушілер әкелінген оқтардың бөлшектерін ішке кіргізіп, дайындап болғандарын эшелонға тиеп алғы шепке жөнелтіп отырады. 500 солдат екі ауысымға бөлініп, күндіз 250 адам, түнде 250 адам оқ жасап, жөнелтуге кірісіп кеттік. Алғашында шығарғанымыз «М-8» деген шағын оқ, 12 сағатта бір ауысым ішінде 2000 оқ шығардық. Бізге қатарлас цехта «М-13», «М-30», «М-31» құрастырылады. Зауыт директоры қорғаныс министріне телеграмма салып, зауыт түпкілікті дайын, майданға 4-5 эшелон оқ жібердік, ал мына солдаттарды алмастыратын адамдар дайын емес, сондықтан осы әскер қатарындағыларды осында қалдырыңыз деген өтініш білдірді. Мамыр мерекесінің қарсаңында жоғарғы қолбасшы Сталиннен телеграмма келді. Онда № 105 зауыттағы солдаттарды ерекше бұйрық шыққанша өз алдына жеке әскери бөлім ретінде толықтырып, жасақтап, оқ дәрі шығару ісінде қалдырылсын делініпті. Содан бізді № 12 техникалық жұмысшы-әскер бригадасы деген атпен сол кездегі жойқын қарудың оғын шығарушы тобы етіп жасақтады.

Ерекше бұйрық 1945 жылы маусым айында келді. Бізді енді эшелонмен басқа жаққа алып кетті. Бұл жолы майданда атылмай қалған, бұрын өзіміз жасаған және басқа зауыттар жасаған оқтарды қайтадан бөлшектеп, майлап қоймаларға жинадық. Ол № 2056 әскери қойма болатын. Сол жерде 1947 жылдың ақпан айына дейін әскери қызмет атқардым. Ақпан айында Жарлық шығып, әуел баста Ақсудан әскерге алынған 25 баланың төртеуі ғана елге қайттық. Олар Дәулетхан Меңлібаев, Жұмағали Өтентаев, Тәңірберген Ыбыраев және мен. Бізге Ұлы Отан соғысына қатысқандармен теңестірілген деген куәлік берілді».

Жалпы, Қожахан атамыз әскер қатарында 5 жыл болған. Ол “Ұлы Отан соғысының Жеңіс” медальдары, “Еңбек ардагері”, “Лениннің 100 жылдық” мерекелік, “Жуковтың 100 жылдық” мерекелік медальдарының иегері.

Соғыстан кейін бейбіт өмірдің майданына кірісіп, 40 жылдан астам теміржол саласында қызмет істеді. Жан жары – Дария әжеміз екеуі 60 жыл бірге отасып, 11 бала өсіріп-тәрбиелеген.

Сол 11 баланың бірі – біздің әкеміз Нұрхан болатын. Өкінішке орай, әкеміз өмірден ерте озды. Анамыз үнемі айтып отырады: «Әкелеріңнен ерте қалғанымыз қос ата-әжелеріңнің бар болғандығынан білінген жоқ», – деп. Анамыздың сөзінің жаны бар, себебі өз ата-әжеміз де, нағашы ата-әжеміз де біз есейгенше ортамызда болды. Осындай көне көз қариялардың көзін көріп, тәлімін алу бағы маңдайымызға жазылғандығы үшін Жаратқанға сансыз шүкір дейміз!

Атамыз соғыс ардагері болса да, табиғатынан сабырлы, момын, көп сөйлемейтін еді, бірақ көп жазатын. Ата-әжеміз тұрған үлкен үйден ешқашан қонақ арылмайтын. Ол кезде баламыз, түсінбейміз. Сөйтсек, сыйлап, ауыл ақсақалы деп, соғыс ардагері деп, жан-жақтан сұқбаттасуға, амандасуға келіп жатады екен ғой. Ол күндер келмеске кетті. Атамыз енді жоқ... Бірақ, көзін көріп, батасын алғанымызға қуанамыз. Кейде, «Неге ата-әжелерімізбен көбірек сұқбаттасып, айтқандарын жинақтап жазып ала бермегенбіз?!» деп өзімізге ұрысып қоямыз. Көп нәрсе айтылмай кетті ғой солармен бірге. Атамыз көп күнделік жазып жүргеннің өзінде де өз өміріне қатысты жайттарды, басынан кешкендерін, көрген-білгендерін жазып кетпепті. Оның жазғандарының ішінен мұндай біз үшін құнды дүниелер табылмады. «Не үшін жазбады екен?» деген сұрақ келеді. Бала кезден анасынан және туған аға-інілерінен ерте айырылған, балалық шағы ашаршылықпен тұспа-тұс келген, жас шағында соғысқа аттанған және баршамызға белгілі Кеңес үкіметінің қилы кезеңдерін көрген ол «бұл қиын кездерді ұрпағым білмей-ақ қойсын, алаңсыз тек алға, биікке ұмтылсын, бейбіт өмірдің құшағында бақытты болсын» деген ниетпен айтпаған да шығар деп ойлаймыз.

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Жыл өткен сайын елі үшін, жері үшін, келешек ұрпақ үшін белуардан қан кешіп, толарсақтан саз кешіп, ойланбастан қан майданға аттанып, жанның құнымен Ұлы Жеңісті сыйлаған (Алланың қалауымен) асыл ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатқандығы жанға батады...

Оларды Жеңіске жетелеген «Тәуелсіз, бақытты келер ұрпақ үшін!» деген ұран мен ізгі ниеттері, қайсар амалдары. Олар аңсаған бақытты келер ұрпақ – қазіргі жастар, иә, біз келдік. Енді осы жолды абыроймен бізден кейінгі ұрпаққа жалғап дұрыс жеткізу – біздің еншімізде. Қаншама арыстарымыздың өз жандарын құрбан етулерімен келген Ұлы Жеңісті, Тәуелсіздікті бағалайық!

 

Немерелері:

Айжан Мадыгалиева және Жансая Қожахан,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Басқа материалдар