Өзбекстан Ресей СІМ өкілінің сөзіне байланысты мәлімдеме жасады

644

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың мемлекеттік тілде іс жүргізу туралы Өзбекстан заң жобасы жайлы сөзіне байланысты мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде Захарованың аты-жөні аталмаған, бірақ "кейбір шетелдік шенеуніктер" деген сөзден кімді меңзейтіні байқалған.

Өткен аптада Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі "Өзбекстанның жаңа заң жобасын қолдайтындар азшылық" деп санайтынын білдірген.

Захарованың сөзі "Өзбекстанның ішкі ісіне араласу" ретінде бағаланған.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі "мемлекеттік тілді реттеу мәселелері мемлекеттің ішкі ісі болып саналады, оған араласуға жол берілмейді" деп мәлімдеді және 1995 жылы қабылданған "Мемлекеттік тіл туралы" Өзбекстан заңының 9-бабына сай мемлекеттік билік органдарының жұмысы мемлекеттік тілде жүргізілетінін еске салды.

Таяуда "Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік кодексінің 42-бабына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы қоғам талқылауына шығарылған. Жобада мемлекетттік органдар мен мекемелер жұмысында мемлекеттік тіл туралы заң талаптары сақталмаса, жауапты лауазымды тұлғаларға 446 мыңнан 1,1 миллион сумға дейін ($44-108) айыппұл салу мәселесі қарастырылған.

Заң талқылауға шығарылғаннан кейін Өзбекстан әділет министрлігінің баспасөз хатшысы Севара Уринбаева "Ресейдің кей ақпарат құралдары мен Өзбекстандағы кейбір орыс тілді сайттарды министрлік ұсынған заң жобасын бұрмалап түсіндірді" деген болатын.

Севара Уринбаеваның сөзінше, бұл бастаманың тек қана мемлекеттік органдарға қатысы бар, одан ешкімнің құқығына нұқсан келмейді, Өзбекстанда тұратын азаматтарға өзге тілде сөйлегені үшін айыппұл салынбайды.

centralasian.org

Пікірлер
Редакция таңдауы