АҚШ Қытайдың 33 компаниясы мен ұйымына санкция салды

4771
Қытайлық стильге бейімделген мешіт алдында отырған тұрғындар. Құлжа қаласы. Көрнекі сурет.

Қытайдың 33 компаниясы мен ұйымына экономикалық санкция салған АҚШ оларды Пекинге "ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман топтарды аңдып, қудалауға көмектесті немесе Қытай әскерилеріне қолдау көрсетті" деп айыптады.

Бұл – АҚШ-тың Қытай компанияларына салған бірінші шектеуі емес. Соңғы рет былтыр қазан айында Вашингтон қытайлық 28 компанияны "қара тізімге" енгізген.

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастаған. БҰҰ мен адам құқығын қорғау ұйымдары Қытай билігі Шыңжаңдағы миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін елдің солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.

Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.

22 мамырда АҚШ-тың сауда департаменті "қара тізімге" енген ұйымдар мен компаниялардың атын жариялады. Оларға үкіметтің арнайы рұқсатынсыз АҚШ-тың технологиясын пайдалануға тыйым салынады.

Тізімге енгендер арасында қытай үкіметіне қарасты ұйым және 8 компания бар.

Сауда департаментінің айтуынша, Қытайдың қоғам қауіпсіздігі министрлігіне қарасты қылмыстық сараптама институты және Ақсу Хуафу текстиль компаниясына (Aksu Huafu Textiles Company) "адам құқығын бұзу және өкілетін асыра пайдалануға атсалысқаны" үшін санкция салынады. Қалған жеті ұйым Шыңжаңда "тыңшылық жасауға жағдай жасағаны үшін" жазаланбақ.

"Бұл тоғыз ұйым Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде ұйғыр, этникалық қазақ және өзге де мұсылман топ өкілдерін жаппай заңсыз қамап, күштеп еңбекке жеккен, жоғары технологияның көмегімен аңдыған" Қытайдың қудалау кампаниясы кезінде адам құқығын бұзу және билік өкілетін асыра пайдалану ісіне дем бергені үшін тізімге енгізілген" делінген сауда департаментінің мәлімдемесінде.

Барлық тоғыз ұйымның АҚШ-тан экспорт жасауына шектеу қойылған.

Сауда департаменті сонымен бірге 24 үкіметтік және коммерциялық ұйымның атын жариялады. Олар "АҚШ-тың сыртқы саяси мүддесі немесе ұлттық қауіпсіздігіне қарсы әрекетке араласқаны үшін" тізімге енгізілген. Тізімге енген компаниялар жасанды интеллект және адамның бет-жүзін танитын технология бойынша маманданған.

Қоғам қауіпсіздігі көрмесі кезінде адамның бет-жүзін танитын технологияны сынақтан өткізу. Қытай, 2017 жыл.
Қоғам қауіпсіздігі көрмесі кезінде адамның бет-жүзін танитын технологияны сынақтан өткізу. Қытай, 2017 жыл.

"Тізімнің толығуы АҚШ-тың мүддесіне қайшы келетін тауарлар мен технологияны пайдаланбау туралы міндеттемесіне адал қалғанын айғақтайды" деді сауда министрі Уилбур Росс.

Бұған дейін Қытай Гонконгтегі демократиялық қозғалыстардың жұмысына кедергі келтіретін ұлттық қауіпсіздік туралы заңды талқылауға шығарған.

АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирустың таралуына бірнеше рет Қытайды айыптағаннан кейін АҚШ пен Қытай арасында жағдай ушыға түскен.

Пікірлер
Редакция таңдауы