Әрбір екінші қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін - сарапшылар

2742

© pixabay.com

Қазақстандық бизнесмендер кредитін төлей алмай отыр. 2,5 мың жеке кәсіпкер ТЖ режимі мен карантинге байланысты төлем уақытын кешіктірген, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, сұлулық салон иелері, қызмет көрсету саласындағы жұмысшылар, сондай-ақ, сауналар мен массаж салондары қарызға белшеден батқан. Жалпы қарыз 147 миллион теңгеге жеткен.

Ал жақында ғана бизнесмендер өз қызметкерлеріне де ақша төлеуге міндеттелді. Жақында күшіне енген жаңа Еңбек кодексі бойынша 42 500 теңгені енді жұмыс беруші төлейтін болды. Бұл норма ТЖ жағдайында болмады, бірақ 12 мамырдан бастап барлық кәсіпорын мәжбүрлі демалысқа жіберген адамдарға ең төменгі жалақы төлеуге міндеттелді.

Жаңа бап, сарапшылардың пікірінше, жұмыстан босату толқынын тудыруы мүмкін дейді.

"16 наурыздан бастап Алматыда қоғамдық тамақтану саласы жұмыс істемейді. Бүгінде кәсіпкерлеріміз сатылым жоғалып, табыс түспей, 12 мамырдан бастап жұмысшыларына ең төменгі жалақы төлеуге мәжбүр. Бұл, әрине, келісімшарттарды бұзуға әкеп соғады. Жергілікті деңгейдегі өңірлік палата Республикалық деңгейде бұл мәселені қайта қарауға шақырады", - деді Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

Сарапшылар коронавирус күзде оралса, әрбір қазақстандық тұрақты табысынан айырылуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Алып тасталған ТЖ көптің күткеніндей болмады. Карантин шаралары сақталып отыр. Ал бұл дегеніміз көптеген қазақстандық жұмыссыз отыр деген сөз. Сарапшылардың болжамы көңіл көншітерліктей емес. Карантинге дейін жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға тең болса, енді бұл көрсеткіш 15 немесе одан да көп пайызға өсуі ықтимал.

"Пессимистік көзқарасты айтар болса... Біз күз және қыс мезгілдерінде қатаң карантинге жабылып, жұмыссыздық 50 пайызға жетуі мүмкін", - дейді Қазақстандық қоғам пікірі мен нарықты кәсіби зерттеу қауымдастығының президенті Наталья Оспанова.

Карантин уақытында алматылық жұмыспен қамту орталығына 5 мыңға жуық адам келген. Оның 1200-і ғана жұмыс тапқан. Шенеуніктер қазір вакансияда таңдау аз дейді.

"150 мың немесе одан да көп жалақы алғысы келеді. Мамандығы немесе тәжірибесі бойынша жұмыс істегісі келеді. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі уақытта қызмет көрсету, сауда, клининг қызметі, дезинфекторлар қажет. Жалақы деңгейі 85-120 мың аралығынла. Сондықтан беріп тұрған жұмысты алуға кеңес беріп жатыр", - дейді Алматы әкімдігі Халықты жұмысен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Ауталиф.

Ол енді компаниялар кеңселерде үнемдеп, алыстағы жұмыс форматын тәжірибеде қолданатын болады деп санайды. Ал жұмыс кәсіптері мен қызмет көрсету саласы аман қалады.

Сарапшылардың пікірінше: елді жаппай жұмыссыздықтан қорғау үшін шағын және орта бизнесті жедел құтқару керек. Ол үшін салық төлеуден кем дегенде бір жылға босатылуы тиіс кәсіпорындардың тізімін кеңейтуді ұсынылады.

Еске салайық, 15 наурызда Тоқаев коронавирус пандемиясына байланысты ТЖ режимін енгізген болатын. Ал 11 мамырда 00 сағат 00 минутта ТЖ режимі аяқталды.

Пікірлер
Редакция таңдауы