Алаштың бір ардағы

4189
Adyrna.kz Telegram

«Біздің көбіміз – универсальмыз, көп білгендіктен емес, көп міндет жүктегендіктен», – деген болатын Ғаббас Тоғжанов. Заманының өзі көп міндет жүктеген Алаш қайраткерлерінің бірі – Қошке Кемеңгерұлы. Ол негізгі мамандығы дәрігер болғанмен, бірнеше ғылым саласының қалыптасуына қомақты үлес қосты.

Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде Омбы уезі, Теке болысы, №9-ауылда дүниеге келеді.

Приходская школаны, ветеринарлық-фельдшерлік мектептің 2-класын бітірген ол 1913 жылы 1 тамызда Омбы ауыл шаруашылық училищесінің ауыл шаруашылығы бөліміне оқуға түседі.

Кемеңгерұлының Омбы сынды үлкен қалаға білім іздеп келуінің өзінде үлкен мән бар. Бұл кезде Омбы қаласы өнер-білімге ұмтылған қазақ жастарының орталығына айналған еді. Мұнда тұңғыш жастар ұйымы – «Бірліктің» ашылғаны да тарихтан белгілі. Ол жөніндегі деректерді біз Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінен» білеміз. Осы кітапта сол ұйым туралы көп айтылған, онда Кемеңгерұлының да ұйымға белсенді мүше болғаны жайында қызықты деректер бар.

«1913 жылы Омбыда ең әуелі жасырынып, жастар ұйымы «Бірлікті» ашқанымызда Шаймерденді ұйымның басқармасының төрағасы қылып сайлап едік» дейді Сәкен Сейфуллин. Жастардың осы ұйымның ашылуы туралы дерек екі түрлі. Бірі, яғни Сәкен, 1913 жылы десе, екіншісі, яғни Смағұл Садуақасұлы, 1914 жылы дейді. Мұның екеуінің де жаңсақтығы жоқ. «Бірлік» 1913 жылдан жасырын ұйымдасқан да, 1914 жылдан бастап жария болған.

Туған елінің әдебиеті мен мәдениетін көтеруді мақсат еткен ұйымның негізгі міндеттерінің бірі – ұйымның журналын шығару болады. Көп кешікпей олар «Балапан» атты журнал да шығарады. Ал Қошке осы журналға редактор болып, үлкен үйымдастырушылық қызмет атқарады. С.Садуақасұлының айтуынша, 1916 жылдан шыға бастаған «Балапан» журналы бірден-ақ ауызға ілініп, оқырман арасында аса зор беделге ие болады.

1917 жылы 1-4 қазан аралығында «Бірліктің» кеңейтілген жиылысы өтеді, Жиналыстың төрағалығына және «Бірліктің» үні – «Балапан» журналының редакторлығына енді М.Жұмабаев сайланғандығын тарихшы  ғалымдар М.Қойгелдиев, Т.Омарбековтер растап отыр.

Алғашында Қошке, кейін Мағжан редакторлық еткен «Балапан» журналының күн көріс халі мәз емес еді. Ауыр жүкті көтерген бұл журналдың өмір суруі де жеңіл болмағанға ұқсайды. «Балапанның» сол кездегі жай-күйін ақын Мағжан Жұмабаевтың мына бір жазғанынан да көруімізге болады:

 

«Балапан қанат қақты ...

Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты.

Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті.

Ұшып орманға барып еді, күні кеше күбірлесіп, күлімдесіп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып еді, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебінін жамылып, тоғай тұрмады.

Балапан баспана таба алмады.

Балапан қанат  қақты»...

Қошке Кемеңгерұлы Омбыда жүрген кезінде «Айқап» журналының шығуына да белсене ат салысады. Сол кезде оның журналдың бірнеше санында «Солған гүл», «Жазғытұры», «Сонда ...» атты өлеңдерімен қатар «Пайғамбар» (Пушкиннен), «Сәскелік көлдің жағасында» (Никитиннен) аудармалары да жарияланып, көпшілікке таныла бастайды. Омбыда оқуда жүрген алаш жастарының ұйымына айналған «Бірлік» 1918 жылы мамыр айында «Жалпы жастар сьезін» өткізеді.

«Кеңес үкіметін тану, танымау» мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, сьезде қызу айтыс-тартыс туған. Жастар пікірі үшке бөлінген. Кеңес үкіметінің саясатына «Бірліктің» басшылары – «оң» (правое) пікірлі Қ.Кемеңгерұлы, С.Садуақасұлы, Ғ.Тоғжанұлы және басқалар қарсы шыққан. Осы сьезден кейін Қ.Кемеңгерұлы Қызылжарда  жабылып қалған Көлбайдың газеті – «Үш жүздің» орнына «Жас азамат» газетін шығарушы болып сайланады. Ол қоғамдық іске осылай белсене араласумен қатар білімін жетілдіруге де уақыт табады. Қошке Омбы политехника институтында, Сібір ауыл шаруашылық және өндіріс институтында, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқып, білімін жетілдіреді.

1925 жылдың басында Қазақстандағы жағдай күрт өзгеріп, Қазақстан өлкелік партия комитетін басқаруға Ф.И.Голощекин келеді. Ол келген күннен бастап, қазақтың оқыған азаматтарының соңына шам алып түседі. Қазақ зиялыларының жүрген жолы мен істеген ісінен «тырнақ астынан кір іздеу» басталады.

Осы жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты әдеби үйірме құруды көздеп, оның бағдарламасын жасаған. Онда тоғыз жолдың торабында тұрған қазақ әдебиетінің өткен тарихы, оның бүгіні мен болашағы кең сөз болады. Қаламгер бұл ұйымның оқушы жасқа жөн сілтейтінін, адасқандарды жолға салатынын айта келіп, қазақ әдебиетінің болашағын ойлар әдебиетші, тума таланттарды осы ұйымға мүше болуға шақырады. Осы үйымның құрылуына ат салысқан Мұхтар Әуезов, Даниял Ысқақұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Абдолла Байтасұлы сынды қазақ әдебиетінің ірі өкілдері солшыл саясаттың қырағы сынына түсті. Жандайшаптардың қолына түскен осы бағдарлама жоғарыдағы аты аталған қаламгерлердің әрқайсысының басына бес батпан сор болып жабысты. Пролетариат мәдениетін пролетарлар ғана жасау керек деген ұранның салдарынан бұл тұста Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Даниял Ысқақұлы, Жанша Досмұхамедов, Қошке Кемеңгерұлы сынды әдебиет майталмандары «жолбикелер» қатарында кете барды. Бұл топқа 1928 жылдары Бейімбет Майлин, Илияс Жансүгіров, 1932 жылы Сәкен Сейфуллиннің де ілінгені мәлім.

Голощекиннің атышулы: «Қазақ ұлтшылдары Байтұрсынов, Әуезов, Дулатов, Кемеңгеров, Омаров, Жұмабаев, Аймауытов, Жұматаев, Сейфуллин бұрынғы заманды мадақтап, жаңа заманды жамандап, өздерінің жебелерін кеңес үкіметіне қарсы жіберіп жатыр» деген сөзінен кейін, жау табуға жандайшаптар жан сала кіріседі. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ қазақ елінің бір туар білімді азаматтарына жала жабылып, қоғамдық істерден аластатыла бастайды. Оларға жаңа өмірге, яғни кеңес өкіметіне қарсы деген қатаң айып тағылады. Жиналыстар жиілеп, халық жауларын» жатып кеп жамандаушылар көбейеді.

1929 жылдың Қазақстан үшін аса ауыр болғаны тарихтан мәлім. Жеке адамға табыну зардаптарының алғашқы нышаны біліне бастаған осы бір тұста-ақ отызға жуық қазақ оқығандары Алматы түрмесіне қамалады. Бұдан кейін де зиялыларды қаралау, қамау қызыл шеке қырғын науқанға айналып, толас таппайды.

Бұл кезде М.Әуезов пен Қ.Кемеңгерұлы аспирантурада оқып жүрген болатын. Сол жылдардағы сталиндік жаппай жала жауып, мін тағудың қармағынан бұл таланттар да шет қалмайды. Мұхтар мен Қошке ұсталып, оқудан қуылады.

Құрамында М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков бар қырықтан астам қазақ зиялылары түрмеге қамалып, жазаға тартылады. Бес жылға жер аударылғандардың ішінде Қ.Кемеңгерұлы да бар еді.

Бір жақты қоғамдық пікір тудыруда саясаттың сұр семсері – комсомол ұйымдары да жала жауып, тіл безеуден алдарына жан салмады. Қазақстан комсомол ұйымының VI конференциясы: «Көркем әдебиет негізінен соңғы кезге дейін Алашорда идеологиясының творчествосы болып келді. Көркем әдебиеттегі басшылық орындарды өз қолдарына ұстап келген алашордашылар өткен жылдарда бірқатар ұлтшыл-коммунистердің (Қожанов, Садуақасов) қолдауына сүйене отырып, өз әдебиетін бұқараға енгізумен болды. Жастар негізінен Жұмабаев, Әуезов, Аймауытов, Дулатов, Кемеңгеров, Байтұрсынов және басқалардың шығармаларынан нәр алды», – деп байбалам салды.

Сталиндік солақай саясат сілтеген сойылдың зардабы Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Халқының қамын ойлап, болашағына болжау айтқан терең ойлы, ақыл-парасаты мол зиялыларын жазда жауған бұршақтай жайпай салды. Олардың қарақан басына ғана емес, айналасыңдағыларға да, ағайын-туғандарына да, жора-жолдастарына да бұлтты, бұршақты ауыр күн туды. Қазақ жазушыларын қуғындау, әсіресе 1932 жылы 10 қаңтарда ВКП (б) Қазақ, өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хаты жарияланғаннан кейін мүлдем асқынып кетті. Республика көлемінде ресми нұсқау ретінде басшылыққа алынған бұл құжат қазақ әдебиетінің ұлттық кадрлары үшін аса қауіпті рөл атқарды. Біздің өткен тарихымыздың, соның ішінде әдебиетіміздің теріс бағалануы осы қаулыдан кейін тым өршіп, өрістеп кетті.

ҚАЗАПП-тың 1932 жылғы съезінде өлкелік партия комитетінің хатшысы М.Кахиани өз сөзінде әдебиеттің қай бағытта жүру керектігін кесіп, пішіп:

«Литература, написанная о Казахстане, в значительной своей части является не марксистской, сохраняет на себе влияние алаш-ордынской, кондратьевской и прочей враждебной марксизму-ленинизму иделолгии. Необходимо наряду с разработкой проблем социалистического стройтельства в Казакстане подвергнуть марксистко-ленинской критике все великодержавно-шовинистические и т.д. теории, проникшие в литературу о Казакстане.

Особое вимание должны привлечь вопросы казахской художественной литературы и литературной критики, которые далеко еще не стоят на уровне требований и задач переживаемого этапа соцстроительства в Казакстане и полностью еще не освободились от алаш-ордынских влияний» деді.

Осындай қатал сынға іліккен сол кездегі әдебиет сыншылары ішінде Аймауытов, Әуезов тағы басқалармен қатар Қ.Кемеңгерұлы да бар еді.

Съезд өзінің кезекті міндеттерін белгілеген кезде, оның бірінші міндеті етіп: «Байшыл-ұлтшыл әдебиетті ортаға салып, талқылап, ең соңғы түрде бетін ашып салу үшін – А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М. Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Садуақасов, С.Торайғыров, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмағамбедов және басқаларының шығармаларын тексеру» деп нұсқау берді. Сөйтіп, жоғарыда аты аталған қаламгерлер төл туындыларында халық мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны үшін байшыл-ұлтшыл жазушылар болып танылды. Олардың халықтың болашағын толғаған рухани мол мұралары өздерін қуғынға ұшыратып, бастарына бәле болып жабысты.

Қаулы жарыққа шыққаннан кейін көп ұзамай-ақ Қошке Кемеңгерұлы НКВД-ның тұзағына екінші рет түседі. Содан қамаудан аман-сау құтылмай, 1937 жылдың 21 қарашасында Омбы түрмесінде атылады.

«Ақын-жазушыларын жазалап, соттап, айдатып, атқызып жіберетін өкіметі болған елдің мандайындағы соры бес елі ғой. Ақын-жаушыларын жәбірлеген өкімет адамдары ше? Әне, халқының жауы – солар! Солар, солар!» – деп, академик жазушы Ғ. Мүсірепов айтқандай, біздің де мандайымыздың соры бес елі ел болдық қой. Замана тізгіні халқының нағыз жауы, яғни өкімет адамдарының қанды қолында болған XX ғасырдың алғашқы 30 жылы тарих парағынан ешқашан да өшірілмек емес.

Елуінші жылдардың орта тұсында қоғамдық ойдың құрсауы босап, баспасөз беттерінде жұртшылық пікірі ашық, айқын айтыла бастады. Мұндай жағдайдың болуына СОКП XX съезінің (1956) әсері болды. Осыдан соң-ақ караңғы қапаста шаң басып жатқан құжаттарға қол тиіп, сәуле түсіп, ақ-қарасы ажыратыла бастады.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ халқының әдеби-поэзиялык, және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудыц жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» қаулысы жарияланғаннан кейін, яғни 1957 жылдың 17 тамызында Қошке Кемеңгерұлы да мыңдаған қуғын-сүргін құрбандарымен бірге ақталды.

Қошке Кемеңгерұлы ресми ақталғаннан кейін зайыбы Гүлсім апайдың ізденімпаздығының арқасында шығармалар жинағы 1965 жылы жарық көрді. Бұл көп талқыға түскен, қаншама қысқартуға мәжбүр болған қаламгер туындыларының оннан бір нұсқасы ғана еді. Қайта жариялауға мүмкіндік болғанмен, кезінде шығармаларын қолға түгел түсіре алмай, әзірге жоқтан бар құрауға негіз болды. Қаламгер мұраларын оқып көрсек, ол кісінің аз жылдың ішінде жемісті еңбек еткені көрініп-ақ тұр. Ол әдебиет, тіл білімі, тарих, журналистика, педагогика сынды әр алуын салада тебірене тер төгіп, қалам тартқан екен.

Сол кездегі қазақ зиялыларының түрлі салада еңбек етуі ел қажеттілігінен, заман талабынан туған еді. Халқының болашағын ойлаған азаматтардың алдында сан-алуан міндеттер тұрды. Кемеңгерұлының тіл саласында жазған еңбектері тіл мәселесі жөнінде көкейтесті мәселелерді қозғады. Ол тілмаштардың бірінші конференциясында «Тілшілердің міндеті мәнісі туралы» («Ақ, жол», 1925, сәуір) көлемді баяндама жасады. «Жат сөздер туралы» ( Қызыл Қазақстан», 1926, №11, 14, 138 – 143-б.), «Қотыр сөздер» («Жаңа мектеп», 1926. №14, 15) мақалаларын жазумен қатар. «Қазақша-орысша тілмаш» (М., 1925), «Жағрапия үшін оқу құралы» ( Т., 1928, 1-том., Қызылорда, 1929) атты еңбектер жазды. Сондай-ақ алғашқы кітабының соңынан сол кітап жайында «Қазақша-орысша тілмаш» туралы («Еңбекші қазақ», (24, XI, 1926) мақала жазғанын да еске сала кеткенді жөн көрдік. 1927 ЖЫЛЫ «Жаңа мектеп» журналының бетінде  «Жат тіл оқыту әдісі» атты көлемді ғылыми-әдістемелік еңбегі де жарық көрді.

Тілші ғалымдар Қошкенің тіл білімін дамытудағы көлемді зерттеу еңбектерін қалыс қалдырған жоқ. Қ.Есенов «Еленбей келген оқулық» («Қазақстан мұғалімі») атты мақаласын жазса, Б.Хасанов 1987 жылы жарық көрген «Казахско-русское двуязычье» атты еңбегінде Кемеңгерұлының есімін аса зор құрметпен атап, оны С.Аспандияров, Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев сияқты атақты тілшілермен қатар қояды. Өкінішке орай, тілші мамандар кейінгі кезде бұл тақырыпты ұмыт қалдырып жургенге ұқсайды.

Кемеңгерұлының тарихи-танымдық еңбектері де аз емес. «Қазақтың тарихи тұрмысынан» («Темір қазық»,№2, 3, 53 – 68-б.) мақаласында қазақтың өткен замандағы жайы мен әскердің, сот, оқу және жер мәселесі, ру жайында талдау жасайды. «Қазақ тарихынан» (М., 1924) атты еңбегінде қазақ халқының Ресейге қосылудан бұрынғы жайма-шуақ өмірінен бастап, кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі (1923-24 жылға дейін) жағдайларға шолу жасайды. Кітап үлкен-үлкен төрт тараудан тұрады.

«Бұрынғы езілген ұлттар» (М., 1925) атты зерттеу кітабында патшалық Ресейдің езгісіне ұшыраған 36 ұлттың тұрмысы (тарихы, жер-суы, мәдениеті, шаруашылығы, қоғамдық-әлеуметтік жағдайы) кең түрде қаралады. Бірақ, оның бұл зерттеу еңбектері тарих мамандары тарапынан арнайы талдау, зерттеу күні бүгінге дейін кешеуілдеумен келеді. Жасыратыны жоқ, тарихшы ғалымдар бүгінге дейін Қошкенің өмір жолы мен қоғамдық қызметтерін ғана сөз етіп келеді.

Ғұлама ғалымдығымен қатар Қошке журналист ретінде де жұртқа жақсы танылды. Кеңес қызметкерлері туралы» (сұрауларымыз, жауаптар, анкеталар, «Ақ жол»,№5, 9. XII), «Мектеп қай тілде болу керек?» («Еңбекші қазақ», 1926, № 25), «Дұрыс па?, Бұрыс па?» («Еңбекші қазақ», №24 9,) «Қызмет адамдарының қонақасы» («Еңбекші қазақ», 1926, №237), «Ұмытшақтық» («Жас азамат», 19, XI, 1918. №11), «Ел газеті қандай болу керек» («Ақ жол» тілшілерінің бірінші конференциясы» жинағында) мақалаларымен қатар «Жол әсері» («Қазақ тілі», 1924, №91) очеркі арнайы талдауды, зерттеуді қажет ететін құнды дүниелер демекпіз. Мысалы, соңғы «Жол әсерінде» де қаламгер 20-жылдардағы Семей үйезінің Бұғылы, Шыңғыс, Мендеш, болыстары, Қарқаралы үйезінен Ағанды, Кент, Абыралы, Ақсары, Дастар, Ақбота елді мекендерінің тұрмысынан жан-жақты хабар береді. Олардың тазалық жайы, жалпы жайы, денсаулық жайы, кооператив жағы, салық жағы, отырықшыл жағы сөз болады.

Қ.Кемеңгерұлы – халық мұрасын жинауға да үлес қосқан қаламгер. Ол «Абайділдә хан айдаудан келгенде Орынбай ақынның айтқаны» («Сана», 1924, №2 – 3, 120, 121-б.), «Қалмақ-қырғыз», «Мұрат ақынның сөздері» («Сана», 1924, №2, 3), «Есепбике қыз бен жылқышының айтысқаны» («Әйел теңдігі», 1926, 2 – 3, 40-б.) сынды мұраларды да аса құнды дүниелер демекпіз.

Оның «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», І,ХІІ, 192 б,), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927, №23) және «Қазақ тарихынан» зерттеуінің III бөлімі (XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басындағы қазақ әдебиеті) – Кемеңгерұлының сауатты да сындарлы әдебиетші екендігін танытқан еңбектер.

Ал жазушы ретінде поэзия, проза, драматургия салаларына елеулі үлес қосты. Ол «Солған гүл» («Айқап», 1915, №14, 207 – 208-б.), «Жазғытұры» («Айқап», 1915, №7-8, 112 – 113-6.), «Сонда...» («Айқап», 1915, №12), «Ашығып үш күн болды арығаныма», «Қайғыланба қамығып», «Сүйікті сәулем», «Нұрмағамбет тілмашқа», «Атаң менен анаңды», «Бұлбұл үнсіз, гүлсіз бе?», «Жаздым сәлем жаныма», «Бала-шаға, серік жоқ» өлеңдерімен қатар Пушкиннің «Пайғамбарын» («Айқап», 1915, №4, 58-59-б.), Никитиннің «Сәскелік көлдің жағасында» («Айқап», 1915, № 13, 198-199-б.) өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Драмалық туындылары: «Алтын сақина» (1925), «Парашылдар» («Жаңа мектеп», 1926, №7-8), «Ескі оқу» («Жаңа мектеп», 1927, №1), «Бостандық жемісі» (1919), «Қасқырлар мен қойлар» (1920), «Күнәсіз күйгендер» (1930) атты пьесалар жазды.

Прозалық туындылары: «Жетім қыз» («Жас қайрат», №6, 17-19-б.), «Момынтай» («Лениншіл жас», №3 – 4-5, 2-7-б.), «Отаршылдық ұсқындары» («Әдебиет термесі», 1925, №1, 81-83-б), «Қанды толқын» («Еңбекші қазақ», 1926, №3), «Дүрия» («Әйел теңдігі», 1927, №12-13, 40-б.), «Қазақ әйелдері»

(«Әйел теңдігі», 1927, №4, 60-6 1-б.), «Қарашаш» («Әйел теңдігі», 1928, №4, 83-84-б.), «Назиқа» («Әйел теңдігі»,  1928, №4, 83-84-б.), «Ерлік жүректе» («Сана», 1924, №2-3) әңгімелері баспасөз беттерінде жарық көрді.

Егемен ел болған санаулы жылдардың ішінде әдебиет зерттеуші ғалымдарымыз өлгенімізді тірілтіп, өткенімізге өмір бере бастады.

Қошкетанудың көш басында жүрген Рәзия Рүстембекова апай өзінің еңбекқорлығының арқасында қаламгердің шығармалар жинаған 1995 жылы Қазақстан Республикасы мәдениет қоры жанындағы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу және баспа орталығы жанындағы «Тұлға» жекеменшік өндірістік фирмасынан шығарып, тот баспаған асылдарды көпшілік оқырманға тарту етті. Соңғы жылдары әдебиетші Д.Қамзабекұлы да осы тақырып төңірегінде көп ізденіп, нәтижелі еңбектеніп жүр. Ол мерзімді басылым беттерінде бірнеше мақала жариялады және екі бөлімді «Қазақтың Қошкесі» атты деректі фильм түсірді. Сондай-ақ қаламгердің таңдамалы еңбектерін 1996 жылы «Қазақстан» баспасынан кітап етіп шығарды.

Ал М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қазақ әдебиет тарихының көп томдығын жасау ісін қолға алды. Осы үлкен іс жөнінде академик М.Қаратаев: «Көп томдық тарихта XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттің әлі зерттелмей келе жатқан немесе аз зерттелген проблемаларына назар аударылатын болады. Бұл тұста аты шулы «ақ таңдақ» проблемасын шешу үстінде жекелеген ақын-жазушылардың идеялық-эстетикалық ізденістеріне, шығармашылық әдістеріне, шеберлік ерекшеліктеріне көбірек ден қойылар деп білеміз. Әдеби мұраны тарихи-нақтылық принципімен зерттей отырып, барды барша көрсету арқылы аталған кезеңдегі рухани байлығымыз едәуір молыға түседі-ау деп топшылаймыз», – деген еді. Аталмыш көп томдықты жасау үстінде бүкіл әдеби-тарихи процестің жеке дәуір, кезеңдерін түгелдей қайта қарап, қайта ұғынуға тура келетіндігі белгілі.

Осы институтта «1920-30 жылдардағы қазақ әдебиетін зерттеудің жаңа міндеттері» атты ғылыми-методологиялық конференция болған еді. «1920-30 жылдар әдебиетін зерттеудің методологиялық жайы туралы» профессор М.Базарбаев баяндама жасаған болатын.

«Жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстар» хақында баяндаманы филология ғылымының кандидаты әдебиетші Б.Дәрімбетов жасады. Баяндамашы 1920-30 жылдар аралығындағы көркем әдебиет туралы айтысқа кеңінен тоқталды. Мұнда Қошке Кемеңгерұлының сол айтысқа ерекше үлес қосқаны баса айтылды.

Тағдыр тәлкегіне ерте ұшырап, өмірден қыршын кеткен Қошке Кемеңгерұлының ғұмырының ұзын-ырғасы осылай болған десек те, оның екінші өмірі өшпейтін, өлмейтін әдебиет саласында. Оның драматургиясы туралы Б.Құндақбаев, С.Ордалиев, аудармасы жөнінде С.Сейітов, әңгімесі жайында Р.Рүстембекова танымдық мазмұнға бай еңбектер жазды. Көп сөз болып, көп назар аударылған саласы – әдебиет.

Жиырмасыншы жылдары қоғам өмірі күрт өзгерістерге толы болды. Бұл өзгерістерден көркем әдебиет саласы да қалыс қала қойған жоқ. Қызу айтыс-тартыс идеология майданында ерекше көрініс тапты.

Қазақстан топырағында әдебиет мәселесі 1922-23 жылдардан бастау алды. «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет», «Ақ жол», «Шолпан», «Темір қазық», «Сана», «Лениншіл жас» секілді газет, журналдарда әдебиет мәселесі қызу талқыға түсті. Осы талқылау кезінде көркем әдебиет төңірегіндегі шиеленіскен айтыстарға қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері белсене араласты.

Әдеби айтыстар әдеби мұраға да өз көзқарастарын білдірмей қоймады. «Әдеби мұраға қалай қарау керек, қазақ әдебиеті қай бағытта даму керек, ақын кім, ол кімнен үлгі алу керек, қазақ әдебиетінде қанша бағыт бар?» т.б. мәселелер төңірегінде айтыстар туды. Бұл салада өз ойларын ортаға салған Сәбит Мұқанұлының «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 14-15-қазан, 1926), «Қошкеге жауап» («Еңбекші қазақ», 1927, №23, 31-қаңтар), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірім» («Қызыл Қазақстан», 1 927, №1), «Әркім өзінше ойлайды» («Жаңа әдебиет», 1928, №3-4), Қошке Кемеңгерұлының «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926, I, XII), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927, №3), Ыдырыс Мұстамбайұлының «Көркем әдебиет туралы» («Қызыл Қазақстан», 1927, №2), «Сын мен баспасөз туралы» («Еңбекші қазақ», 19281), «Біздің таластарымыз» («Жаңа әдебиет», 1928, №5-6), Ш.Тоқжігітұлының «Әдебиет мәселелері» («Қызыл Қазақстан», 1927, №3-4,) Екеудің «Көркем әдебиет туралы» «Еңбекші қазақ», №8- 9, VIII, 1927),  Смағұл Садуақасұлының «Әдебиет әңгімелері» («Еңбекші қазақ», 15-16, II, 1927.) т.б. мақалаларын айтыс мақаланың үлгілеріне қосуға болады. Бұлардың біразы маман әдебиетшілер болса, енді біреулері ұлтын сүйген, оның тарихын жетік білетін, өресі биік қоғам қайраткерлері еді.

Пікір сайыстың бірден жанданып, қуат алып кетуіне Сәбит Мұқановтың 1926 жылы 14-15 қазанда «Еңбекші қазақта» жарияланған «Көркем әдебиет туралы» деген мақаласы себеп болады. Сәбит Мұқанұлы мақаласында таптық ұстаным тұрғысынан келіп, пролетариат әдебиетін дамытуды ұсынды. Оған жоғарыда аталған авторлардың барлығы дерлік қарсы шығып, пікір таластырды. Әсіресе, Қошке Кемеңгерұлы Сәбиттің айтқандарын «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ» 1 желтоқсан 1926) мақаласында батыл сынап, онымен ашық айтысқа түсті.

Сәбит өз мақаласында Қазақстанда кеңес өкіметі орнағаннан бергі алты жыл ішінде қазақ әдебиетінде ештеңе істелген жоқ деп, үзілді-кесілді сын айтады. Бұлай болуға үш түрлі себеп бар деп, оларды санамалап керсетеді.

Көріп отырғанымыздай, Қошке Кемеңгерұлы ұлттық әдебиеттң поэзия, проза, драматургия жанрларының, көркем аударма, әдебиеттану мен әдеби сынның кәсіби деңгейге көтерілуіне қыруар үлес қосты.

 

Гүлжаһан Жұмабердіқызы ОРДА,

М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

 әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

 филология және әлем тілдері факультеті, қазақ әдебиеті

және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер