Көзге көрінбейтін өлім

2955
Adyrna.kz Telegram

31 шілде күні Ресей “Байқоңыр” ғарыш айлағынан кезекті рет «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырды.  Бұл зымыранның экология мен адам денсаулығы үшін тудырған залалына қарамастан Ресей айлақтағы ұшыру операцияларын әлі жалғастырып келеді. Осы жөнінде “Адырна” ұлттық порталы “Қазақстан” ұлттық телеарнасы, Digital Department директоры, саясаткер Аман Мәмбеталиевтың пікірін білді.

“Біз Протонға неге қарсымыз? Себебі зымыран жанармайының 60-65%-ын гептил құрайды. Бұл зат адамда қатерлі ісік ауруын тудырады. Сондықтан аталмыш өнімді әлемде еш жерде қолданбайды. Әлем мемлекеттерінің гептилді қолданудан  бас тартуы 1960 жылдан бастап, 1978 жылы аяқталған болатын. Ресейдің Плесецк, Восточный ғарыш айлақтары гептилден баяғыда-ақ бас тартқан. Ал Байқоңыр Ресей үшін эксперимент жасауға қолайлы орта болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ақбөкендердің қырылуы ауада таралған гептилдің әсерінен болған еді.

Әлемдегі алғашқы антигептилдік қозғалыстар 2000 жылы басталды. Содан бері біздің жеткен жетістігіміз мынау: Байқоңырда бұған дейін жылына 20-22 рет зымыран ұшырылған болса, кейіннен ол 8 рет қана ұшырылатын болды. Бірақ мұны жеңіс деуге де келмейді. Ғарыш айлағындағы операциялар санын азайтқанмен, халықтың денсаулығына, экологияға келетін зиянның мөлшерін төмендете алмай отырмыз”

Гептилді қолдануды қалай шектейміз?

Гептил - адамның ұлтына, дініне, лауазымына қарамай, бәрін бірдей жалмай беретін зор апат. Болашағына алаңдайтын, адекватты азамат гептилдің келтіретін залалын сезіне алуы керек. Космодромның басшылыға жолдаған хаттарымыз жауапсыз қалуда. Зымыран тасығыштар туралы жасалған көптеген аналитикалық зерттеулер бар. Әлеуметтік желілер арқылы сол мәліметтерді көбірек таратсақ, ісімізден нәтиже шығара аламыз. Сонымен қатар, заң аясында саяси митингілер өткізу де тиімді болмақ”

Апат жайлы эколог мамандар не дейді? Экологиялық одақ “Байтақ болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Қайрат Нұрханов гептилдің адамзатқа тигізетін залалы жайлы айтып берді.

“Гептил ауаға тарап, жайылымға қонса, топырақтың құнарсызданып, малдың қырылуына әкеледі. Таралған гептил жүздеген километрге дейінгі аймақты қамти алады. Қызылорда облысында құрамында гептил заты бар ауамен тыныстаған әйелдердің түсік тастаған кездер де тіркелген. Бұл барып тұрған “көзге көрінбейтін өлім” емес пе? Зымыранды гептилмен ұшыру ескі технология болып есептеледі. Қазіргі таңда жаңа әдістер жетерлік. Осының барлығын ескеріп, премьер министрге хат жолдау керек. Бірақ мұндай үндеулердің бәрі жауапсыз қалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі экологиялық мәселелер туралы көп айтылып келеді. Алайда лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған әрекетсіздік үлкен апат әкелуде.

Мұндай зымыран ұшырар алдында   “Орхус конвенциясы” негізінде ратификация жасалу керек. Яғни ұшыру үшін жергілікті халықтың келісімі болу қажет. Бұл әлемдік конвенция адамның денсаулығы мен экологиялық мәселелерді шешуде салмақты құжат.  Ал экология министрінің тарапынан ешқандай әрекет көріп отырған жоқпыз. Әрекетті неден бастаймыз? Алдымен қазақстандық елшілер Ресей үкіметіне нота жасау керек, яғни алғашқы ескерту жіберу қажет. Сонымен қатар, халықаралық сотқа жүгіну де мәселемізді шешіп бере алады”

Сарапшылардың пікірі орынды-ақ. Айтылған кеңестер мінбердегілер үшін де бесенеден белгілі дүние деп ойлаймыз. Бірақ неге  нәтиже жоқ? Неге әлі күнге дейін халық космодромның кесірінен зардап шегіп, жануарлар қырылып жатыр? “Тыңдамаған сөз жетім”. Айтылған сөз иесін тауып, өкілетті органдардың саналы іс-әрекетке көшуін сұраймыз. Ата заңымызда “Мемлекеттің ең басты байлығы - халық” деп көрсетілгеніндей, қандай шара болмасын, халықтың қамы, денсаулығы ескеріліп жасалса екен. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Аяулым ӘБІЛДА

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер