Өз елінен қашқан 10 президент

3626
Adyrna.kz Telegram

Соңғы үш-төрт күннен бері беларусь елінде наразылық өршіп тұр. Президенттік сайлауға түскен Александр Лукашенко митингке шыққандарды басып жаншуда.

Халықтың қаны жазықсыз төгіліп жатыр. Жүздеген адам жарақат алды. Түрмеге қамалып жатқандар көп. Жедел әрекет ететін жасақтар (ОМОН) тобы  ешкімді аяп жатқан жоқ. Әлем жұртшылығының алдында Лукашенконың масқарасы шықты. Президенттік сайлауда ашулы «Батькаға» басты қарсылас болған Светлана Тихановская шетел асты. Қысым көріп, елді тастап кетті. Өйткені оның сайлауалды штабының басшысы мен белсенділері шетінен ұсталып жатыр. Өзіне тықыр таянғасын кетті ол. Тихановскаяны президенттікке кандидат дейік. Ал тарихта ұзақ жыл ел басқарып, мемлекеттік төңкеріс басталып, басына күн туғанда, елді тастап қашқан президенттер жоқ емес, бар. Олар кімдер?

1.Фульхенсио Батиста  

Батиста Куба президенті болып 1940 жылы сайланды. Бірақ халыққа жағымды бола алмады. Елдегі оппозиционерлерді қудалады. Абақтыға жапты. Халықтың сөзін сөйлеген белсенділер тапсырыспен өлтірілді.Тіпті кейбіреулері ізім-ғайым жоқ болып кетті. Ақыры Фидель Кастро бастаған топ ел астанасына басып кіріп, мемлекеттік төңкеріс жасады. Кубаны 19 жыл басқарған Фульхенсио Батиста қашып, Доминикан Республикасына барып тығылды, сонан кейінгі өмірі  Португалияда өтті.

2.Мохаммед Реза Пехлеви 

Мохаммед Реза Пехлеви Иранның соңғы шахы ретінде тарихта қалды. 1979 жылы елде орын алған Ислам революциясынан кейін ол Каирге қашты. Сонда қайтыс болды.

3.Бокасса Жан-Бедель

Бокасса Жан-Бедель – Оңтүстік Африка Республикасының президенті. XX ғасырдағы ең қатал авторитарлық режимді орнатқан басшы. Тіпті оны «дені сау емес диктатор» деп те атайды. Бокасса «каннибализмге қатысы бар» деп айыпталған. «Адам етін жейді»деген де дақпырт бар. Арасында Кеңес Одағына келіп емделген. Алтын жалатылған, 2000 моншақ бриллианты бар тәж киген. Озық ойлы белсенділерді қудалаған, темір торға жапқан. 1979 жылы француз десанты «осы елдегі азаматтарымызды қорғаймыз» деген желеумен оны ың-шыңсыз тақтан тайдырған. Біраз уақыт Францияның тар қапас түрмесінде уақытын өткізген кейін Кот д'Ивуар еліне қашып кеткен. Кейін ұсталып, елге әкелінген. Оңтүстік Африка Республикасының соты оны өлім жазасына кескен. Кейін жаза мерзімі 20 жылға ауыстырылды. 1993 жылы амнистияға ілініп, бостандыққа шықты. Өмірінің соңғы жылдарында қарапайым азамат ретінде елде тыныш, жайбырақат жағдайда өмір сүрген.

4.Фердинанд Маркос

Фердинанд Маркос – Филипин елінің президенті. 20 жылға жуық уақыт елді басқарған. Бұл да қатал диктаторлардың бірі. Өзінің мемлекет басқару кезеңінде саяси оппонентерін түрмеге қамаған. 1986 жылы президенттік сайлау кезінде жеңіліске ұшыраса да, билік басына келген. Бірақ елде әскери мемлекеттік төіңкеріс болып, тақтан тайдырылды. Фердинанд Маркос бас сауғалап, АҚШ-қа қашты. 1988 жылы қайтыс болды.

5.Жан-Клод Дювалье

Жан-Клод Дювалье – Гаитидің президенті. Ол елді 1971 жылдан 1986 жылға дейін басқарған. 1986 жылдың басында халықтың наразылығы күшейіп, Францияда бас сауғалаған. Ол 25 жылдан астам уақыт  шетелде өмір сүріп, 2011 жылы «халық мені кешірер» деген оймен Гаитиге қайта оралған. Алайда оған  «мемлекет қаржысын талан-таражға салды» және «адам құқын бұзды» деген айып тағылды. 2014 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды.

6.Альберто Фухимори

Альберто Фухимори 1990-2000 жылдары Перудің президенті болған. Бұл да XX ғасырдың соңындағы қатал диктаторлардың бірі. Ол өзіне қарсы шыққандарды қатал жазалаған, қудалаған. Арнайы жазалау лагерін ұйымдастырған. 2000 жылы халықтың наразылығынан кейін биліктен кетті. Жапонияға қашты. Бірақ 2006 жылы елге қайтарылып, 25 жылға жазаға кесілді.

7.Асқар Акаев

Асқар Ақаев 1991-2005 жылдары Қырғызстанды басқарды. 2005 жылы «қызғалдақ көтерілісінің» салдарынан президенттіктен кетті. ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып, Қырғызстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Қырғызстан Орталық Азия елдері арасындағы «демократ аралы» атанды. Мемлекеттік төңкерістен  кейін Қазақстанда бірер күн  аялдап, артынан Ресейге қашты. Асқар Ақаев қазір Санк-Петербургте  өмір сүріп жатыр.

8.Кұрманбек Бакиев 

Құрманбек Бакиев – Ақаевтан кейінгі ел президенті. Оппозициялық белсенді ретінде Ақаевты тақтан тайдырған Бакиев 5 жылдан кейін ол да елді тастап кетті. 2010 жылдың 7-18 сәуір аралығында болған революциялық оқиғалардан кейін ол да бас сауғалауға мәжбүр болды. Қазір Құрманбек Бакиев Белоруссия азаматтығын алып, сол елде тұрып жатыр.

9.Зин эль-Абидин Бен Али

Ол халықтың  жағдайы жақсы болып тұрған кезеңде 1987 жылы Тунисте билік басына келді. Алайда артынан елдің экономикасы мен халықтың әлеуметтік тұрмысы төмендеді. Зин эль-Абидин Бен Алидің авторитарлық режимі елде жемқорлық пен жұмыссыздықта арттырды.

2010 жылдың 17 желтоқсанында көкөніс пен жеміс сататын Мохаммед Буазизи билікке қарсылық ретінде сауда алаңында өз-өзін өртеді. Содан кейін наразылық бүкілхалықтық толқуға ұласты. Президент Зин эль-Абидин Бен Али Сауд Арабиясына қашты. Ол өзімен бірге «1,5 тонна алтын құймасын ала кеткен» деген дерек бар.

10.Виктор Янукович

Виктор Янукович 2010-2014 жылдары Украинаның президенті қызметін атқарды. 2010 жылдың қараша айында ЕуроОдақ қауымдастығына мүше болудан бас тартып, келісімге қол қоймағаны үшін елде оппозициялық топ тарапынан қатты қарсылық байқалды. Оппозиция халықты алаңға алып шықты. Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы снайперлердің атқан оғынан жүздеген адам қайтыс болды, мыңдаған адам жарақат алды. Янукович пен оның жақтастары Ресейге қашты. Қазір өзін «Украинаның заңды президенті» ретінде санап, Ресейде өмір сүріп жатыр.

P.S. Мемлекеттік төңкеріс, әртүрлі жағдайларға қатысты өз елінен қашып, шетел асқан мемлекет басшыларының тізімі мұнымен таусылмақ емес. ТМД аумағында Әзірбайжанның бұрынғы  президенті Аяз Муталибов,  Аджарияның мемлекет басшысы болған Аслан Абашидзе де Мәскеуге келіп өмір сүрді. Грузияның экс-президенті Михаил Сакаашвили де қазір Отанына орала алмай әр жерде жүр. Әрине, бұл басқа жағдай.

...Ал ақиқаты, ұзақ жыл мемлекет тізгінін ешкімге бермей, авторитарлық жүйе құрған Президенттер ешқашан халықтың ықыласына бөлене алмайды. Түбінде оның өзіне зауал төнеді.

 

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер