«Өмірге зәбір көру үшін келгендеймін». Қорлықта қартайған әйелдің хикаясы

8177
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның ішкі істер министрлігі кейінгі тоғыз айда тұрмыстағы зорлық-зомбылық оқиғасы жиілегенін хабарлады. Психолог сөзінше, жұбайынан көрген қорлығын ашып айтатын әйел аз. Редакция маскүнем әкесінен зәбір көріп, тұрмысқа шыққан соң жылдар бойы жұбайынан таяқ жеген ауыл әйелінің хикаясын баяндайды.

Шақырылған мекенжай бойынша үй алдына келіп, қақпа алдында біраз бөгеліп қалдық. Бояуы тозған қақпаның арғы бетінде қыстыға жылаған адамның үні анық естіліп тұрды.

— Айыпқа бұйырмаңыздар... Сіздерді өзім шақырып алып, ыңғайсыз жағдайға қалдырдым, — деді орта жастан асқан әйел есік ашып жатып.

Түркістан облысындағы малшылар ауылында қаз-қатар салынған көп жұпыны үйдің бірінде тұратын 56 жастағы Маржанмен (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді — ред.) әңгімені қалай бастаудың ретін таппай, бірер сәт үнсіздік орнады. Тосын жағдайға таңырқап әрі кейіпкеріміз ес жиып алсын деп тосырқап тұрмыз.

Әйел көз жасын сүртіп, бір нүктеге қадалған күйі өткен өмірінің шашылған моншақтарын жиғандай әңгімесін бастады.

ТӨРТ ҚЫЗ БЕН ШЕШЕСІНІҢ КӨРГЕНІ

Маржан біраз жасты алқымдап қалғанымен, басқа шаруалармен бірге егін егіп, мал бағады. Әйелді қажытқан ауыр жұмыс қана емес.

Ол — отбасындағы зорлық-зомбылық құрбаны. Өмірінің қырық жылын азапта — күйеуінің қорлауы мен таяқтауына төзумен өткізген.

— Жоқ-жітікпен күнелткен отбасының қызы болдым. Әр күні арақ ішумен өтетін әкемнің қас-қабағын бағып, «бүгін қатты мас болып келіп, түкке шамасы келмей, ұйықтап қалса екен» деген жалғыз тілекпен жүретінмін. Әкем қатты мас болмаған күні үйімізде топалаң болады. Жоқ жерден сылтау тауып, шешемізді көкала қойдай сабап, үш әпкеммен қосып мені де таяқтың астына алатын. Сондай кездерде көзімді жұмып, сол жұмған күйі ашпай, ажал құшсам деп армандап, еңіреп жылайтынмын. Осындай сорлы өмірден еш құтыла алмадым. Біреулер айтатын о дүниедегі тозақты маған осы өмірде көруді бұйырған сияқты, — дейді Маржан.

16 жасқа толып, 8-сыныпты бітірген Маржанды өзі танымайтын, еш көрмеген жігіт алып қашады.

— Сол күні шырылдап жылағаныма, көмек сұрағаныма айнала қоршап тұрған бірде бір пенде селт етпеді. Ешбірін менің жалынғаным, жылағаным қызықтырмады. Әрине, бұл адамдар мені танымайтын, бұл күні тек тойға дайындалған адамдар ғой. «Қуғыншы» болып келген өз туыстарым да, солар арқылы бір тілім хат жолдаған шешем де «өлігің сол жерден шықсын, қайтып келіп, бізді қарабет етпе» дегендері әсер етті ме, әлде көндігуден басқа жолды көрмедім бе — осылай бөтен еркектің некелі әйеліне айналдым, — дейді ол.

Маржан өзін алып қашып келген күні-ақ «күйеуінен» таяқ жегенін айтады.

— Ол өзімнен сегіз жас үлкен жігіт болды. Екеуміздің ақылымыз бен жасымыз сәйкес келмеген шығар, бәлкім содан да таяқтан көз ашпаған шығармын, білмеймін. Келін болып, басыма ормала салынған күні-ақ күйеуімнің жұдырығы шекемді солқ еткізген. «Өз еркіммен келдім» деген хатты жазбаймын деп қарсыласқаным үшін бірінші «таяқтың дәмін» татып едім. Келін болған соң да «сен мені менсінбей, қалмаймын деп қасарыстың» деп ұратынды шығарды. Әр ішіп келген сайын соны айтып ұратын. Кейін әбден әдетке айналдырды ма, кез келген нәрсеге де ұратын болды, — дейді әйел.

«ТАЯҚ ЖЕГЕННЕН ЕШКІМ ӨЛГЕН ЖОҚ»

Маржан өзін еріксіз әкелген үйді тастап кете алмаған.

— Титтейімізден санамызға «қыз жат жұрттық, барған жерде судай сіңіп, тастай бату керек» деп құйған шешеміздің сөздері әсер еткен шығар. «Ақ босағаны аттадың ба, қалуың керек». Қалмасаң — бақытсыз боласың. «Бірінші бақ — бақ» деген сөздер әбден миымызға сіңіп кеткен ғой. «Пәленшенің қызы қайтып келіпті» дегізбе дейтін» шешеміз. Қызы қайтып келгендер дәп бір сүйекке түскен таңбадай еді. Сондайларды ойлап, қорқасың. Қорқыныш солай жіпсіз байлаған шығар. Оның үстіне «мені зорлап алып қашты» деп кімге барасың? Барсаң да, сені тыңдар құлақ табыла ма? — дейді Маржан.

Бойжеткенді алып қашқан жігіт оны сырттай бірнеше рет көріп, ұнатыпты. Маржан күйеуінің ішкілікке салынған адам екенін кейін білген.

— Бір күні түн ортасында мас болып келген күйеуім соққының астына алды. Денемнің әр тұсынан тиіп жатқан соққының ауыр болғаны сондай, қинала тістелеген ернімнен қан сорғалап кетіпті. Жан ұшыра шыңғырғаныма қарайтын ол ма, «аузыңды жап» деп төпелей түседі. Бір кезде еңбектеп, сырғи-сырғи есікке жақындап қалыппын. Соңғы бар күшімді жинап, күйеуімнің көзін ала бер есіктен атып шығып, бетім ауға тұсқа қаштым. Қараңғыда ізіме түсе алмаған күйеуім боғауыздың неше түрін айтып, айғайлаған күйі үйге кері қайтты. Ал мен сол кеткеннен сүрініп, қабынып, бір құлап, бір тұрып жүріп ауылдың арғы шетіндегі ата-енемнің үйіне жеттім. Түннің жарымында есік қағып, үлкендерден көмек сұрамақ болдым, — дейді Маржан.

Оның сөзінше, араша сұрап келген келініне ата-енесі жылы қабақ танытпаған. Сол күні енесінен естігенін Маржан күні кеше болған оқиғадай баяндайды:

— «Балаларыңызға басу айтып, тоқтатыңыздаршы, жалынамын. Отырсам — опақ, тұрсам сопақ болдым. Үлкен ретінде ақыл айтыңыздаршы. Сіздерді тыңдар. Қашанғы шыдаймын?» деп аңырап жыладым. Көзімнен аққан жас әлгінде күйеуімнің жұдырығы сырып, жырып тілім еткен бетімнен аққан сайын, удай ашытып барады. Қан мен жас араласқан бетімді сүртіп, ата-енемнің алдында тізерлеп жалынып отырмын. Бар үмітім осы екеуінде. «Өзің сөйлес» деп күңк еткен атам, орнынан тұрып кетіп қалды. Атам кетісімен онсыз да шекесі жазылмай отырған енем: «Байынан таяқ жеген жалғыз сен емессің. Таяқ жегеннен өлген ешкім жоқ. Шыдайсың. Өзің дұрыс әйел болсаң, байың беталды ұрмас еді. Тіліңнен табасың. Тірлігің дұрыс болмаған соң ұрады да! Көзіңнің сорасын ағызып келуші болма. Баламды басы бүтін саған бердім. Соны адам ету сенің міндетіңде. Жақсы әйел күйеуін адам етеді», деп өзімді жерден алып, жерге салып, әбден тілдеді. Осы күннен кейін ешкімнен көмек сұрамастай болғанмын.

СЫНАЛҒАН ЗАҢНАМА, БИЫЛҒЫ БАСТАМА

Ондаған жыл өтсе де, Маржанмен тағдырлас әйелдер — күйеуі ұрып-соғып, жарымжан еткен; тіпті жұбайының қастандығынан қаза тапқан әйелдер жайлы хабар Қазақстанда жиілемесе, сиреген емес.

Біріккен Ұлттар ұйымының дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 400-ге тарта әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көз жұмады. «НеМолчи» ұйымының мәліметінше, Қазақстанда күніне бір әйел тұрмыстағы зорлықтан мерт болады; төрт әйел зорланып, суицидтен екі әйел қайтыс болады; айына 18 әйелге қоқан-лоқы көрсетіледі.

Халықаралық ұйымдар тұрмыстағы зорлық туралы Қазақстан заңнамасын көп жылдан бері сынап келеді. Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының биылғы баяндамасында Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы заңнамасы «айыппұл төлеп, [зорлық құрбанына] әрмен қарай да күш көрсетуге мүмкіндік береді» деп жазған. Ұйым «әйелдердің отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғалмауы — Қазақстанның адам құқығы бойынша міндеттемелеріне қайшы» деп есептейді.

2017 жылы Қылмыстық кодекстің «Сабау» және «Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру» баптары Әкімшілік кодекске ауыстырылды. Отбасында зорлық-зомбылық жасағандар Қылмыстық кодекс бойынша 226 900-453 800 теңге аралығында айыппұл төлейтін немесе екі айға дейінгі мерзімге қамалатын еді.

Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойып, Әкімшілік кодекстегі тұрмыстық әлімжеттік туралы бөлікке өзгеріс енгізілген. Жаңа өзгеріске сәйкес, отбасында әйеліне қол көтергендерге бұрынғыдай айыппұл емес, ескерту ғана беріледі. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер бұл заңды сынаған.

Қазақстан парламенті қазір «Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарап жатыр. 23 қыркүйекте мәжіліс құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Парламентте заң жобасын талқылау кезінде қазіргі заңнаманың кемшіліктері айтылды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидің айтуынша, биылғы қаңтар-тамызда ішкі істер органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 130 мың шағым түскен. Алайда тек 2,5 мыңы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған. 30 мыңы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Вице-министр сөзінше, қалған жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.

Депутаттар «жәбірленушінің арыз түсіруіне кедергі жасайтын қағазбастылықты да азайту қажеттігін» айтты. Олар «қылмыскерді» жазаға тарту үшін кемінде бес орган қатысады» деп, осыны өзгертуге шақырды.

«ӘЙЕЛДЕР ПОЛИЦИЯҒА СЕНБЕЙДІ»

Мамандар әйелдің отбасында зорлық-зомбылыққа көндігуінің бірнеше себебі барын айтады.

— Қорқыныштан болады. Себебі әйел мұндай жағдайда бес жыл, он жыл не одан да көп уақыт тұруы мүмкін. Екіншіден, қаржылық тәуелдік. Яғни, күйеуі не бірге тұратын адамы қызғаншақ болса, олар әйелдің жұмыс істеуіне келісімін бермейді. Көп балалы әйел болса, оның жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан экономикалық проблеманың кесірінен үйден кетуге, өзінің проблемасын айтуға әйелдің күш-жігері жетіспейді. Үшіншіден, «маған шынымен көмектеседі» деген сенімнің болмауы. Яғни, полицияға сенбейді. Сонымен қатар, ақпараттың аздығынан әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары туралы да білмейді» , — дейді психолог Салтанат Маусеитова.

Маман cөзінше, әйел «ертең мені күйеуім өлтіреді, ұстап алады» деп қорқуы мүмкін. «Сондықтан полиция сол әйелдің маңында жүрген адамдар хабар беруі керек» дейді ол.

— Әйелді полицияға жүгінуге көндіргенде балаларының тағдырын айтуға болады. Көп әйел өзін, өз өмірін ойламайды. Ал «осындай жағдайда өскен баланың ертең психологиясы бұзылуы мүмкін» десек, әйел ойланады. Сол үшін әйелдің тыныштығы мен қауіпсіздігін оның балаларымен байланыстырсақ, әйел бiр қадамға барады, — дейді психолог.

Алматыдағы Сүлейман Демирель атындағы университет профессоры, қазақ қоғамындағы әйел құқығы туралы жиі пікір айтатын өнертанушы Молдияр Ергебеков тұрмыстағы зорлық мәселесін шешу үшін «авторитарлы режимді қоғамдық тұрғыдан жоюымыз керек» дейді.

— Еркек өзінен мықты адамдардың бағыныштысы немесе пассив мойынсұнушысы болуы мүмкін. Сондықтан да осындай еркек үйіне келген соң өзінің күші жететін әйеліне әлімжеттік жасайды. Әйел де әлгіндей еркекке бағынады да, өз үстемдігін балаларына жасайды. Осылайша, бұл режим үнемі қайталана береді. Мұндай авторитар болмыстың жоюдың бір ғана жолы бар. Ол — сыни көзқарас. Адамдар неліктен бір-бірін мойындатуы керек? Неге үстем болуы керек? оның орнына «Серіктес ретінде өмір сүруді қалыптастыра аламыз ба, жоқ па?» деген сұраққа жауап іздеуі керек. Біз осы қадамды жасауымыз керек. Өйткені авторитар қоғам ешбір еркіндікке жетелемейді, — дейді Ергебеков.

«БҰЛ АЗАПТЫҢ СОҢҒЫ ҚҰРБАНЫ МЕН БОЛАЙЫН»

Маржан көп жыл қорлық көрсе де, әлі күйеуімен тұрады.

Алпыстан асқан жұбайы «жұмыс істеймін» деп бірнеше күн үйден кетіп қалады. Біреудің отынын жарып, бірінің суын тасиды. Тапқанын араққа жұмсайды.

Таяуда үйленген екі ұлының да әкесінен ары аспағанын ойласа, әйелдің жүрегі ауырады.

— Маған бұйырған өмір осы болды. Көндім. Бірақ келіндерімді ойлап, уайымдаймын. Босаға аттағандарына екі жылдан асқан жоқ. Алайда екеуінің де күйеуі қит етсе, жұдырығын ала жүгіреді. Талай түнді суық далада бүрсең қағып өткіздік екі баламмен. Шешесінің осы күнге дейін көрген талай қорлығына куә болса да, екі балам одан нәтиже шығармағаны жаныма батады. Талай рет ауыр соққыдан сорғалай аққан менің денемдегі қанды көрді. Өкінішке қарай, екі балам да әкесінің оспадар әрекеттерінен сабақ алмаған сияқты. Менің көргенімді келіндерім көрмесе екен деп тілеймін. Бұл азаптың соңғы құрбаны мен болайыншы, — дейді әйел.

Маржан көргені туралы тілшіге баяндауға тұңғышы қарсы болғанын айтады:

— Әлгінде сіздер келгенде «журналисті неге шақырдың?» деп ашуланған үлкен ұлым қолындағы кесесін маған қарай лақтырып жіберді. Бүгінге дейін күйеуімнен жеген таяғым аз болғандай, енді өз балам да қол көтермек... Ішім, тұла бойым удай ашып барады. Мына жалғанға тек зәбір көру үшін, тоқпақтың астында қалу үшін келгендеймін...

Меруерт ХУСАИНОВА, Назерке БЕРІКХАН 

"Адырна" ұлттық порталы. 

Фотолар ашық дереккөзден көрнекілік үшін алынды.

Мақала Internews Онлайн Сторителлинг аясында дайындалды.

Пікірлер