"Думада көтерісшілердің құқығын қорғаған депутаттар да болды"

3172
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Наурызбай ауданындағы №188 Бердібек Соқпақбаев атындағы мектепте «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай «1916 жылғы көтерілістің Мемлекеттік Думада қаралуы» атты дөңгелек үстел өткізді. Оған белгілі жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбай қатысып, тың тарихи деректермен ой бөлісті. «1916 жылғы көтерілістің тарихи мәнін лайықты дәрежеде тану үшін, оны зерттеу кезінде, барша құжаттық базаны бірге қарастыру маңызды. Зерттеуде орыс парламенті материалдары да болуға тиіс. Өйткені Ресей империясының Төртінші шақырылған Мемлекеттік Думасы көтерілістің себеп-салдарларын талқылап, үкіметке, министрлікке, жергілікті әкімшіліктерге жолданбақ депутаттық сауалдарды бекіткен еді» дейді Бейбіт Қойшыбай. IV Мемлекеттік Думада баян­дама жасаған депутаттардың сөзін алға тартып, ондағы назар аударатын деректерді атап көрсетті.

beybit-a-a

«1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жеткен жоқ, бұл рас. Бірақ ол барша Түркістан өлкесіндегі көтерілістермен бірге Ресей империализмінің мызғымас қамалын бұзған,  монархияның құлауына жол салған, патшалыққа қарсы жұмсалған аса зор, күшті де қуатты соққылардың бірі болды. Сондықтан да Он алтыншы жыл көтерілісін зерттеу, оны күллі сол шаққы ауқымында, барша түркі халықтары ішінде орын алған үдерістер ауқымында, Ресейдегі революциялық-демократиялық қозғалыс ауқымында қарастыру ешқашан маңызын жоймайды. Мәселені мұндай кешенді түрде қарау арқылы біз кешегі «ұлттар теңдігін қамтамасыз етіп, ұлт мәселесін шешті» делінетін бірліктен, озбыр күш пен идеология біріктірген Кеңестер Одағынан шығуға тырысуымыздың сырын ұға түсеміз».

Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысқан Наурызбай ауданының тұрғындары сол кездегі көтеріліс аймақтары мен жетекшілерінің архивтен алынған суреттерін көрмеден тамашалап, көкейдегі көптеген сұрақтарын қойып, тұсшымды жауаптар алды. Әсіресе Думада көтерісшілердің құқығын қорғаған депутатар туралы мәліметтер қызықтырды. Ол жөнінде Бейбіт Қойшыбай жан-жақты баяндап берді.

d-gelek-stel

«Губернатордың түрлі тергеу тәсілдерімен анықтаған деректеріне қарағанда, ол «Петроградқа барып, думалық топтарға жол тапты да, мұсылман фракциясы алдында Түркістандағы оқиғаларды біржақты бұрмалап баяндап берді. Ходжаев өлкеге депутаттармен – мұсылман фракциясындағы Тевкелевпен және трудовик Керенскиймен оралды». Іс жүзінде «ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла Ходжаев» ол кезде адвокат әрі жәдидтік сипаттағы ұлт қозғалысын қолдайтын өзбек газетінің редакторы, эсерлермен тығыз байланыс жасап, мұсылман халықтары арасында революциялық жұмыс жүргізіп жүрген  қайраткер болатын. Ол Петроградта мұсылман комитетіндегі өзінің пікірлесі әрі үзеңгілесі Мұстафа Шоқаевпен  бірге IV Мемлекеттік дума мүшелерін аралайды.

hodzhaevsho-ay

Олар берген ақпараттар нәтижесінде Мемдума Түркістан мен Дала өлкелеріндегі жергілікті жұртты «майданның қара жұмыстарына реквизициялау» туралы император пәрменіне байланысты тұтанған көтеріліс жайын және оны басу барысында орын алған келеңсіздіктерді тікелей біліп қайту үшін арнайы делегация жасақтайды. Дума делегациясының басшылығына думалық оппозиция лидерлерінің бірі, «еңбекшілдер» («трудовиктер») тобының серкесі Александр Федорович Керенский мен Думаның төрт шақырылымында да депутат болып сайланған қарт қайраткер,  мұсылмандар фракциясының төрағасы Құтлы-Мұхаммед Батыргерейұлы Тевкелев енді.

tevkelev

Делегация өлкеде көптеген адамдармен кездесті. Әндижанда  шілденің басында ғана «Түркістан үні» газеті ашылған-тын. Оның құрылтайшысы және редакторы Әндижан соғыс-өнеркәсіп комитетінің мүшесі, үй иеленуші, омарта қожасы, өзара көмек қоғамының төрағасы Анастасий Чайкин еді, газетте оның туған інісі, социал-революциялық партия мүшесі ретінде қуғын көріп, Якутияға жер аударылған, одан Астраханға, ақыры ағасы тұратын Әндижанға келген эсер Вадим Чайкин істейтін. Солармен тығыз қарым-қатынастағы әндижандық мұғалім, ағартушы, болашақ Түркістан (Қоқан) автономиясы Ұлттық Кеңесінің хатшысы, Кеңестік Түркістанның жер мекемесі қызметкері, шығыстанушы-ғалым, зерттеуші  Қоңырқожа Қожықов әскери экспедицияның халықты қалай қырғынға ұшыратқанын дәйектейтін көптеген дерек жинаған. Сол материалдарды байырғы партияласы Чайкинге Мұстафамен бірге қонаққа келген Керенскийге тапсырды. Өлкені аралаған жарты ай ішінде делегация халық толқуының себептерін анықтайтын және жазалаушылардың қатыгездіктерін дәлелдейтін көптеген куәліктерге қанықты.

Делегация Петроградқа оралған соң, қыркүйектің 10-шы жұлдызында, Керенский сапарларының нәтижесін депутаттардың жеке жиналысына хабарлаған болатын. Сол шамада қоғам қайраткерлері Бақытжан Қаратаев пен Жиһанша Сейдалин дала көшпенділерінің 25 маусым пәрменіне қарсы ереуілдеуінің себеп-салдарларын баян еткен «Қазақтар туралы естелік жазбасын» Думаға және үкіметке тапсырған. Думаның бесінші сессиясы жұмысын 1916 жылғы 1 қарашада бастады. Айдың аяғына қарай мәселе Думаның соғыс комиссиясында талқыланды. Желтоқсанның басында Думаның қарауына депутаттық топтар тараптарынан үкіметке жолдануға тиіс үш сұрау салу мәтіні түсірілді.  Ақыры, қойылған мәселе 13-ші және 15-ші желтоқсанда Думаның жабық өткізілген отырыстарында қаралды».

erkin-a-a

Дөңгелек үстелдің соңында қатысушылар дәстүрлі ән өнерін дәріптеуші Жоламан Құжиманов пен Еркін Нұрхановтың салған әндерін тыңдап, рухтанды.

Ардақ БЕРКІМБАЙ

Пікірлер