Пәктігін саудалаған қыздар

6400
Adyrna.kz Telegram

23 жастағы тәжік қызы First Night («Алғашқы түн») халықаралық онлайн-аукцион арқылы пәктігін 10 мың долларға сататынын мәлімдеді, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы kznews.kz. сайтына сілтеме жасап.

Бұл платформада әлемнің әр түкпірінен бойжеткендер «алғашқы түнін» дәулетті еркектерге сатады.

Душанбелік бойжеткен Озоди радиосының тілшісіне отбасындағы қаржылық қиындыққа байланысты пәктігін сатып, туғандарына көмектесуге бел буғанын айтады.

Онлайн-аукционда Орталық Азиядан шыққан бойжеткендердің лоты өте көп. Тәжікстан мен Түркіменстаннан әзірге біреуден. Мұсылман елдерінен көптеген Иран бойжеткені шетел азаматтарына тұрмысқа шыққысы келеді.

Аукционда пәктік құны 3 мыңнан 1 млн долларға дейін бағаланған. Маршалл аралдарындағы компания деп тіркелген «Алғашқы түн» сайтының құрылтайшылары өзіне ешқандай жауапкершілік алмайтынын жариялаған.

Сайт өкілінің сөзінше, келісім «сатушы мен сатып алушы» арасында жүреді. Тәжікстандағы «Фемида» ұйымының жетекшісі Саноат Солиева жоғарыдағы тәжік қызының іс-әрекеті Тәжікстан заңдары бойынша заң бұзушылық болып саналмайды дейді.

«Тәжікстан заңдары мұндай іс-әрекетке рұқсат бермейді де, тыйым салмайды да. Бірақ бұл ар-ұждан жағынан біздің менталитке қайшы. Тәжік қыздары тұрмысқа шыққанша, пәктігін, арын сақтауы тиіс. Өзімнің тәжірибемнен тәжік қыздары осындай қадамға барды дегенді бірінші рет естіп тұрмын», — дейді Саноат Солиева.

Осынау ақпаратқа байланысты "Адырна" ұлттық порталы өзіміздің қаракөздердің бірнешеуіне сұрау салып, пікірін білді. Бізбен тілдескен қыздар аты-жөндерін өзгертуді сұрады. Сонымен пәктігін саудалауға қатысты қазақ қыздарының көзқарасы қандай?

ЖОО-ның 2 курс студенті Айғаным: "Жалпы, қыз пәктігі дегенді маңызды мәселеге айналдырудың қажеті жоқ деп санаймын. Пәк болып тұрмыс құрған қыздарымыздың қадіріне жеткен еркек өте аз ғой. Не керек сол пәктік деген? Ақылсыз еркектерге пәктікті сата салған жөн. Ал сенімен шынымен отбасын құрғысы келетін еркек пәктігіңе қарамайды деп ойлаймын",-дейді.

Екі баланың анасы Гүлшат: "Масқара, ұят жағдай ғой пәктігін сату деген. Ақ некеге адал келмеген қыздың кейін қандай қадірі болады? Қазақ қызы арын, ұятын биік ұстауға тиіс. Мұндай пәктікті сату дегенге қарсымын!Бұл тіпті, мұсылманға жат дүние ғой. Мұсылман қыз қардай аппақ, кіршіксіз таза болуы керек"-деген пікірде.

Бізбен әңгімесінде Аяулым: "Әркім өзі біледі ғой, не істесе де. Пәктік деген нәрсені қыздан талап етсек, еркектен де сондай адалдық талап етілсін. Мұның бәрі ескі заманның сарқыншақтары деп қараймын",-дейді.

Осы мәселеге байланысты жігіттеріміз не дер екен?

"Қоғамның азғындануы бұл. Некеге дейін етегін көтерген қыздан қандай адал әйел шығады? Меніңше, өзін сыйлайтын еркек тек пәк қызға үйленуі керек. Пәктігін сатқан қыз басқаны да сатады",-деп ренішін білдірді Мақсат есімді сұхбаттасымыз.

Ал магистрант Ержан Байбөлек: "Адалдық әлдебір пәктікпен өлшенбейді. Пәктігі жоқ қыздың бәрі адал емес дегенмен келіспеймін. Ең алдымен жігіттер өзіміз үшін жауап берейікші. Отбасылық бақытты осындай ұсақ ұстаныммен құртатындар аз емес. Топастық дер едім мұны. Пәк қызды көшеден алып қашып үйленетін жігіттер бар. Осылай жабайылықпен үйленіп, пәк қыздың өмірін талқан етуді де айту керек қой, ең алдымен",-дейді.

"Алған жарым адал шықпаса, талақ етуден тайынбаймын",-дейді Мұса атты оқырман.

Қалай десек те, бұл мәселе әлі талай жыл талқыдан түспейтіні сөзсіз. Адалдықтың өлшемін ажырату үшін қазақ қоғамына уақыт керек екені анық.

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы. 

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер