Әліпбидің «әттеген-ай» тұстары

4424
Adyrna.kz Telegram

«Сонымен, кирилл емілені сол күйінде көшірдік дейік (егер «жетілдірілген» әліпби қабылданып жатса, басқаша болуы мүмкін емес), олай болса: -біріншіден, жетілдірілген әліпби құрастырушылар «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымын басшылыққа алдық дейді, алайда ереже жайына қалып отыр. Өйткені, қайталай берейік, кирилл еміле сол күйінше көшіріліп отыр. Осындағы ұу/үу, ый/ій дыбыс тіркестерін бір таңбамен у[u], и[i] деп белгілеп беріп, оларды дауысты дыбыстар деп, ӘЛІППЕДЕН бастап жалған үйретіп келеміз».

Ғалымдар мен мамандар не дейді?

Әлімхан Жүнісбек,филология ғылымдарының докторы, профессор: «Біріншіден, біз, күні бүгінге дейін болғандай, қазақ-орыс немесе орыс-қазақ әліпбиін емес, қазақ тілінің әліпбиін жасауымыз керек. Мұны айтып отырған себебім – жаңа әліпби мен емле тағы да кирил нұсқасының таңбасы өзгерген көшірмесі болып отыр. Бұл Елбасы бастап, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев іске асырып отырған тілдік реформамыздың негізгі мақсатына қарама-қайшы келеді.

Ерден Қажыбек, филология ғылымдарының докторы, профессор: ‘’Расында, “әліпбиде бір дыбыс - бір әріп (таңба) сақталған” - деп желеулеткенмен, еміле оған кереғар болып отыр. Себебі орыс тіліндегі дауысты у мен и-ді алғанның кесірінен ол принцип сақталмай тұр. У мен и-ге келгенде: ‘’Олар - әріптер!” - деп желеулетеді. Ал басқалар (а, п, т...) әріп емес пе сонда? Олар өз ішінен түгелімен дауысты не дауыссыз... боп жіктелуі керек қой. Дауыстының қасында тұрса, дауыссыз, дауыссыздың қасында тұрса, дауысты болады деген ережесымақ мұғалімдер мен оқытушыларды да, оқушыларды да, бүкіл елді де шаршатып бітті. Жалпы атауы мал болғанмен, олар өз ішінен жылқы, сиыр болып сараланады. Жылқы сиырдың қасына келсе, жылқы боп, жылқының қасына келсе, сиырға айналып кетпейді ғой. Сондықтан у мен й сияқты дауыссыз дыбыстарды адам түсінбейтін құбыжыққа айналдырудың түкке қажеті жоқ. Сиырды қанша саусаң да, қымыз шықпайтыны сияқты у мен й дауыссыз болғандықтан, буын құрай алмайды, морфема жігін ажыратуда да көп қиындық келтіреді. Жаңадан жасалған әліпбиде ағылшын тілінің тәртібі де енгізіліпті. “Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айрылыпты” дегендей, орыс тіліндегі заңдылықтардан құтыла алмай отырғанда тағы да қазақ тіліне туыстығы жоқ, жат тілдің тәртібі еніп жатыр. Неге қазақ тілінің заңдылықтары, шынайы болмысы ескерілмейді?”

«Әттеген-ай»-лары әлі де бар

Орынай Жұбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор:"Әліпби ауыстырудағы басты мақсат-ұлттық төл жазуымызды қалыптастыру екені анық. Сол мақсатта латынға негізделген қазақ дыбыстауында жоқ болған кирилл әріптері ц,ч, я,ю, е және ь,ь айыру, жіңішкелік белгілері әліпбиден алынып тасталды. Олай болса, не себепті ұлттық дыбыстарымызды толық таңбалауға келгенде жалтақтай береміз? Не себепті орыс еміле ережесіне ылайықталып жасалған ережелерден бас тартуға жалтақтап отырмыз? Сыйыр, қыйын, мый т.б. сөздерді қашанғы сиыр, қиын, ми деп жаза бермекпіз?..."

Қаламқас Қалыбаева,филология ғылымдарының докторы, профессор:И мен У ды дауысты дыбыс таңбасымен қате беру арқылы бүкіл емілені жасау қате болатыны анық. Негізі Ерден Қажыбек бастаған ғалымдар тобында бәрі дайын, дәйектері де ойға қонымды, жазғанға да ыңғайлы еді. Кез келген мекеменің басшысы қандай ойда болса бүкіл мекеменің ойы сондай болып көрінбеу керек қой. Тіпті қиын болса түріктің әлібиін қабылдау керек. Орыстың емілесін қалдырып тек таңбаны өзгерткеннен не пайда?»,- Қалқаман Есіркенов.

Қай нұсқаны болсын қолдай кету дұрыс емес

«Ерекеңнің дәлелді пікірін ескерген жөн. Әсіресе, белгілі ғалым, фонетика саласын жарты ғасырдан астам уақыт зерттеп жүрген Жүнісбек Әлімхан ағамыздың пікірін басшылыққа алу керек. Бұл кісіден артық білетін маман бар деп айту қиын. Ерекең де осы кісінің дәлелдерін басшылыққа алып, айтып отыр деп есептеймін»,- Жәнібек Бәкір.

«Бізді әлемге күлкі қылатын, диграф, апостроп, акут әліпбилерінің қолданысқа еніп кетпеуі үшін, ғылыми тұрғыда дәлелдеп, әліпбидің төртінші нұсқасы жарияланғанға дейін тұрақты бір көзқараста болған ғалымдар баршылық. Солардың бірі Әлімхан Жүнісбек болса, бірі Ерден Қажыбек ағамыз еді. Осы реткі қабылдану алдында тұрған әліпбидегі кемшілікті тағы да соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп, президентке және жоғары жаққа хат жолдапты. Ұлтын шынайы сүйетіндер осы хатты оқуын, Әлімхан ағамыздың ұстанымын тыңдауын, кемінде, әттеген-ай деп қалмас үшін, жанашырлықпен жазылған осы хаттарды, ғылыми талдауларды оқуын үміт етемін! Осы реткі жоба әрине бұрынғылармен салыстырғанда айтақалсын жақсы.Бірақ, бірнеше әріптің жағдайы қиын. Бір әріп бір ұлтты өзгертеді. Сондықтан, шындық деген ғылым. Ғылым тіліміздің жүйесінде, табиғи заңында тұр. Сол жүйеге бағынып, жалпақ жұрт осы пікірлерге қайта қайырылып қарауы дұрыс.

Кезінде бит басқан әліпби аталған әліпбилерді де қолдаған кісілер шыққан болатын. Қандай нұсқа жарияланса да қолдай жөнелетіндерден қорқу керек. Ұрпаққа тағы әліпби проблемасын тастап кетпеу үшін, жұрт жұмылып, бүгінгі әңгімені бүгін шешу керек»,-Әділет Ахмет.

«2021 жылғы 26 қаңтарда Орфографиялық жұмыс тобының онлайн отырысында емле ережелері жобасын Ұлттық комиссия отырысына ұсыну туралы шешім қабылданғанын естіп жатырмыз. Біздіңше, емле ережелерін Ұлттық комиссияға ұсынуға әлі ерте. Өйткені ондағы кейбір мәселелер әлі де даулы күйінде қалып отыр. Мысалы, ғалымдарымыздың и мен у-ға қатысты таласына нүкте қойылған жоқ. Демек, әліпбиіміз де толық тиянақталып біткен жоқ. Сонда ертеңгі күні әліпбиімізде өзгеріс болатын болса, емлені де өзгертуге тура келмей ме? Олай болса, емлені бекітуге асыққанның орнына осы и мен у-дың мәселесін шешіп алғанымыз жөн»,-Қуантқан Ванов.

Yerden Kazhybekтің әлеуметтік желідегі жазбасынан.

 

Пікірлер