Ержан Қазыханов Президенттің арнайы өкілі болып тағайындалды

745

Ержан Қазыханов Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол 2017 жылдың ақпан айынан бері атқарған Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Сыртқы істер министрінің экс-орынбасары Ержан Ашықбаевтың Қазақстанның АҚШ-тағы жаңа елшісі болғанын да атап өткен жөн.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі туралы ережені бекіткен болатын. Құжатқа сәйкес арнайы өкілді Президент Әкімшілігі басшысының ұсынысы бойынша Президент тағайындайды және қызметтен босатады. Ел Президентінің алдында есеп береді.

Арнайы өкілдің негізгі міндеттері: саяси, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық салаларда халықаралық қатынастар орнату; Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының және Президент бастамаларының негізгі бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету.

Ержан Қазыханов 1964 жылы 21 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ленинград мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты. Дипломатиялық мансабын 1989 жылы екінші хатшы ретінде бастады. Орталық аппаратта түрлі қызметтер атқарды.

Ол Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігінде жұмыс істеді.  Қазақстанның Австриядағы, Ұлыбританиядағы және Солтүстік Ирландиядағы елшісі, сонымен қатар Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі және Венадағы халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның тұрақты өкілі болған. Ол екі рет Президенттің көмекшісі болған. 2007-2008, 2011 жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары болды. 2011-2012 жылдары Сыртқы істер министрлігін басқарды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы