Деректі фильмінің атасы

599

    Биыл қазақ кинодокументалистиканың негізін қалаушыларының бірі –
Ораз Әбішевтің туғанына 105 ж ыл толды. Ораз Әбішев Семей өңірінің Абыралы деген жерінде 1916 жылы 1 мамырда туған. Әкесі – оқымысты адам еді, адвокат, сот болған адам еді, болыс басқарған. Анасы Зағипа – дарынды күйші, домбыраны керемет шерткен.
Жас Ораздың тұлға ретінде қалыптасуына нағашы ағасы – әнші, сал, сері Мұқатай Тоқжігітов әсер еткен. Қазақтың 1000 әнін, 1000 күйін жинаған зерттеуші Александр Затаевич Мұқатай Тоқжігітовтен бірнеше халық әнін жазып, нотаға түсірген, Мұқатайдың музыкалық талантына тәнті болған, оны сәнді киінген сері, жігіттердің төресі ретінде сипаттаған. Әміренің досы, шәкірті, қартайғанда Мұқатай Тоқжігітов Әміре турады кітап шығарады.
Туған Абыралыға жақын Қарқаралы өңірінде жыл сайын Қоянды жәрмеңкесі өткен. Бұл жәрмеңкеге бүкіл Арқадан әншілер жиналған. Жәрмеңкеде естілген әндер үйден үйге, ауылдан ауылға көшіп халық әндеріне айналып, халықтың жүрегінде төрін алған, жас әншілерге қанат болып, репертуарларын байытқан.
Бала Ораздың да арманы әнші болу еді. Сол кезде болашақ танымал жазушы Әди Шәріпов ауыл-аймақтарда дарынды жастарды тауыпғ жинап, Алматыға оқуға жіберген, аға ретінде қамқорлығын көрсеткен (ол кезде өзі де жас, Ораздан 4-5-ақ жас үлкен). Сөйтіп, Ораз Әбішев Алматы қаласындағы Қазақ музыкалдық театрының дайындау курстарына түскен.
Мақсаты – опера әншісі болу. Бұл арман Ораздың жүрегін жаулап алып, оны алға жетілдірді.
1936 жылы Мәскеуде қазақ мәдениетінің күндері өтті. Декадаға Жамбыл, Кенен, Күләш Байсеітова, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова,
Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсеітов, Мәнарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков сияқты әншілер, бишілер, ақындар, жазушылар қатысты. Театрларда опералар қойылды. Делегацияның құрамында Ораз Әбішев те болды. Ол «Қыз-Жібек», «Жалбыр» операларының қойылымдарына қатысып, мәскеуліктерді даусыменен қайран қалдырған.
1938 жылы Ашхабад қаласында қазақ мәдениетінің күндері өткен кезде, Ораз Әбішев қатты суық тиіп, бұрыңғыдай ән айта алмайтын болды. Сөйтіп, опера әншісінің карьерасымен қоштасуға мәжбүр болды. Арманымен қоштасқан Ораз қатты қайғырды, қиналды. Сол күндері ол Құрманбек Жандарбековтен  тағдырын, өмір жолын өзгерткен ақыл-кеңесті естіп қалды. «Дауысың бүгін бар, ертең жоқ, ал кино – мәңгі» - деген сөздер Ораздың ойын өзгертіп, өмірінде шешуші болып қалды.

         Шынымен, ол кезде кино – қызық нәрселерінің шыңы еді, өнердің жаңа бір қыры, енді ғана пайда болып, дамып жүрген сала еді. Жұрт қызығып киносеанстарға баратын еді. Теледидар, интернет жоқта, кино елдің жүрегінің төрін жаулап алды. Киноны көру емес, жасау, түсіру – Ораздың жаңа арманы болып кетті. Сол арманға қол жеткізу үшін, 1939 жылы Ораз Әбішев Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематоргафия институтына түсіп, оны сәтті тәмамдаған.
Содан бері, жарты ғасырдан астам, Ораз Әбішев деректі фильмдерін түсірді. Шебердің туындыларының арасында Абай, Кенен, Қажымұқан,
Талғат Бигелдинов туралы фильмдер бар. Әлемге әйгілі Абсент атты тұлпар туралы фильмді де түсірді. Жалпы, Ораз ағаның мұрасына 70-тен астам деректі фильм, 300-ден астам киножурнал кіреді. Фильмдерде Ораз Әбішев
қойшылардың, балықшылардың, тын игерушілердің, бағбандардың еңбегін жан-жақтан көрсетеді. Әр бір тарихи тұлғаға арналған фильмі – өзі болып тұрған бір киноэнциклопедия. Кенен атаны көзі тірісінде таспаға түсіріп,
бейнесін ұрпақтар үшін сақтап қалдыру да – Ораз Әбішевтің тарихта қалған еңбегі. Ал, Талғаттың ерлігі туралы фильм – баяғы батырлар туралы жыр-дастан секілді, бір айырмашылығы – экранға шыққан.
Ораз ағаның шәкірттері – Сергей Әзімов, Сатыпалды Нарымбетов, Сіләмбек Тәукелов киноиндустрияда танымал есімдер болып табылады.
Әріптестері – Искандер Тынышпаев, Марк Берокович, Эмир Файк, Ян вон Сик. Иван Чикноверов Ораз Әбішевті маман ретінде жоғары бағалады.
Өмір бойы Алматыда тұрған Ораз Әбішев туған елін ешқашан ұмытқан жоқ, Абыралыға, Қайнарға ылғи баратын еді. Жасы сексеннен асса да, еліне барып қайтатын. Туған ауылында ұйымдастырылған «Қайнар», «Мейзек» ансамблдеріне гастрольменен сапарға шыққанда қашанда қаржылай жәрдем көрсеткен. Қолы ашық, пейілі кең, көңілі дархан, жомарт адам еді.
Жастарға қашан да ақыл-кеңес беріп жүретін еді.
«Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», - деген қазақ мақалы – Ораз ағаның сүйікті мақалы еді. Бұл сөз – оның өмірлік қағидасы еді. Сабырлы, салмақты, ақкөңіл, аузынан бір жаман сөз түспейтін Ораз аға
ренжігенде, наразы болғанда, ашуланғысы, ұрысқысы келгенде «бюрократ» деген сөзді қолдаған, одан аспайтын боқауыз сөзді айтқан емес. Бюрократияны, екіжүзділікті, тәкаппарлықты жек көретін еді.
           Ораз Әбішев 96 жасында дүние салған. Деректі фильмінің атасы мұра қып қалдырған деректі фильмдерінің бай қоры бар. Шебердің есімі елдің есінде. Жыл сайын үздік деректі фильмдерді түсіретін режиссерлерге Ораз Әбішев атындағы жүлде беріледі. Ізбасарлары ісін жалғастырып жатыр

                                                                                             Асқар БАЙБӨРІ

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар