Таңдау технологиясы

2474
Adyrna.kz Telegram

(Портрет-эссе)

Бетон iшiндегi бөтен

Каз ХТИ-ға бiр түстi.
Каз ГУ-ге де бiр түстi.
Бiр жыл оқып, зерттедi,
Кәдуiлгi кiрпiштi...
(Журналистiк фольклордан)

Екеумiздiң туып-өскен жерiмiздiң арасы онша алыс емес едi. Бiрақ соған қарамастан бiздi студент кезiмiзде айдаладағы Мұратбек Тоқтағазин таныстырды. Сол жылдарда бұл Тоқтағазинге күн сайын ағылып қонақ келетiн де жататын. Бiр күнi ол 5-шi жатақханадағы бөлмесiне шашы қалың, қасы одан да қалың, көзiлдiрiктi бiр жiгiттi ертiп келдi. Сол заманда әбден көзiмiз үйренген Брежневтiң қасынан кейiн қалың қас көрiп тұрғанымыз осы. Бұл тегiн қас болмады. Шымкенттегi әйгiлi Қазақ химия-технология институтының студентi екен. Өзi құрылысшының, жоқ, құрылыс материалдарын әзiрлейтiн технологтың оқуын оқып жатқан көрiнедi. Яғни, болашақ бетонтанушы немесе келешек кiрпiштанушы. Бiздiң Тоқтағазиннiң де таппайтыны жоқ, әйтеуiр. Мынау да тынымсыз Тоқтағазин сияқты тыпыршыған бiреу шығар.
Жоқ, бұл бала ондайға ұқсамайды. Көзi тым ойлы екен. Сол кiтап суырып тастаған ойлы көздi дәрiгерге көрсетiп алуға келгенiн кейiнiрек бiлдiк. Жаңа танысымыз салғаннан әдебиет туралы салмақты да салиқалы пiкiрлер айтты. Өзi өлең жазатын көрiнедi. Өлең өретiн баланың кiрпiш өретiндердiң арасында неғып жүргенiне онша түсiнiңкiремей отырмыз. Соны өзi де түсiнбейдi-ау деймiн. Ал, не десең, о де, мынау тегiн бала емес. Журфактың жырынды студенттерiнiң ортасына келдiм ғой деп қымсынатын түрi жоқ. Ешкiмнен ықпайды, кез-келгенiмiздi сөзден сүрiндiредi. Бiрақ аздап, аздап емес, едәуiр қияли сияқты. Сәлден кейiн болашақ ЖБИ-дiң маманының сөзiне шетiмiзден жiби бастадық.
Шымкенттiң ширақ жiгiтiне шынымен таң қалдық. Бiрақ шымкенттiкi бола тұра сөздiң «шырайын» шығаратын «шешеңге...» шешендiгi жоқ екен. Омыраулап ортаға ұмтылмайды, ойланып отырып орнықты ой айтады. Ол тiптi шуақты Шымқаланың тумасы да болмай шықты. Сыр бойының ботатiрсек бозбаласы көрiнедi. Керек десеңiз, жатақханаға бiздiң Тоқтағазиндi емес, жерлесi Әмiржан Қосановты iздеп келiптi. Екеуi бiр мектепте оқыпты. Бұл журфакты аузына қаратқан әбжiл Әмiржанның қолды-аяққа тұрмайтын кезi. Бiр жаққа шығып кетсе керек. 5-шi жатақхананың вахтасында, Тетя Настяның жанында соны сарылып күтiп отырғанда, Мұратбек кездесiп қалып, жөн сұрасқан. Сөйтсе бұлардың екеуi де әйгiлi «Қазақстан пионерiнiң» тiлшiлерi екен. Ол кездегi «Қазақстан пионерiнiң» тiлшiлерi осы күнгi жас әртiстер сияқты аса танымал. Қайда барса да еркiн жүредi. Өздерi бiрiн-бiрi жақсы бiледi. Бұл екеуi де сол тар жерде тарихи тұлғалар секiлдi табыса кеткен.
Ол мұнда жай келмептi. Есiл-дертi – КазГУ-ге ауысу екен. Онда да жалаулатқан журфакқа емес, бағдарламасы байсалды, ғылымы ғибратты филфакқа барғысы келедi. Е, ана бетоны құрғырдың бет-әлпетi ұнамай, сабағын игере алмай жүрген қуаяқ болды ғой деп ойлап үлгергенiмiз рас. Мүлде олай емес екен. Сабақты өте жақсы оқиды. Қиыннан қиыстырған күрделi сабақтардың емтихандарын түгел «беске» тапсырыпты. Өзi сол оқу орнына танылып қалған әжептеуiр белсендi көрiнедi. Ендеше, жылы орнын суытып, не жын қуып жүр десейшi?! Журфак пен филфакқа техникалық мамандыққа аса қыры жоқ, тiлi мен жағына сүйенгендер ғана келушi едi. Ал техниканы тiлiп, жұрт бiлмегендi бiлiп тұрған мына әулиеге не жорық?


Кейiпкерiмiз о баста химия-технология институтына ата-анасының қалауымен түсiптi. Мұның филолог болам деген ұйғарымын ол кiсiлер онша құп көре қоймайды. Сол жылы институт құрылыс бұйымдары мен конструкциялар өндiрiсi мамандығын таңдаған талапкерлердi эксперименттi түрде қабылдайды. Мектептi алтын медальмен бiтiргендер тек қана әңгiмелесуден өтiп, емтихансыз алынады. Сабақ бiрыңғай орыс тiлiнде жүредi. О бастан орысшаға жүйрiк бұл мүлде қиналған жоқ. Орысшаға бейiм болатын ретi бар едi. Қазалыдағы бiлiмi iргелi, көшi iлгерi темiржолдың мектебiнде оқыды. Оның iргесiне орыс мектебi тиiп тұр. Сонда оқитын балалармен араласып-құраласып тұрды. Оның үстiне жасынан кiтап кемiрдi.

Сөйтiп, оқуға түскен кiлең медалист сабаққа құлшына кiрiстi. Медальсiз түскендердiң өздерi де бұлардан қалыса қоймады. Орыс тiлi сабағында топ екiге бөлiндi. Орыс мектебiн бiтiргендер басқа тiлдi оқитын болды. Ал қазақ мектебiн бiтiргендердiң шамасын байқау үшiн оқытушы бұларды сөйлетiп көрдi. Содан бұл армансыз сайрады. Сұрақтың бәрiне мiнсiз жауап бердi. Оны айтасың, орайын келтiрiп, Блоктың, Евтушенконың, Вознесенскийдiң өлеңдерiн жатқа оқыды. Оқытушының көзi шарасынан шықты. «Сабақтан боссың, тек сынақ тапсыруға келе ғой», – дедi.

«Құрылыс материалдары» пәнiнен сабақ беретiн Комарова деген апайы сол замандағы «физик лирик болуы керек» деген қағиданы берiк ұстанатын едi. Сабақтың соңынан руханият туралы пiкiр алмасу үшiн он минут уақыт қалдырады. Дәрiстiң әдепкi бөлiгiнде құрылыс материалының суыққа төзiмдiлiгi, басқа да сыртқы факторларға шыдамдылығы жөнiнде мәлiмет алып, қолындағы кiрпiштен жиiркенiп отырған бұл соңғы он минутта оттай жанады. Сөйлейдi, өлең оқиды, пiкiр таластырады. Қабiлет-қарымын көрген «КПСС тарихы», «Сызба геометрия» пәндерiнiң оқытушылары да бұған өзгеше қарайтын болды. Сабағын үздiк игеретiн әрi әдебиетке бейiм студенттi кiм жатсынатын едi?!
Бұл үнемi көштiң алдында жүрдi. Ара-тұра жазу-сызуға бейiм екенi есiне түсiп, институттың «За инженерные кадры» атты көптиражды газетiне мақала жазып қояды. «Бiздiң оқу тобымыз сынаққа социалистiк жарысқа барғандай барады» деген сыңайдағы жiгерлi мақала. Жазу оған таңсық емес. Мектепте оқып жүргенде, аудандық «Ленин туы» және республикалық «Қазақстан пионерi» газетiне талай мақаласы шыққан. «Балдырғанға» жаңылтпаш жолдап қоятын. Тiптi ет қызуымен «Мәдениет және тұрмыс» журналына кроссворд жiберiп, жазушы Марат Мәжитовтен «Iздене түс!» деген хат алған. Бiрде сол Әмiржанның газетте жарияланған галстук тақпайтын берекесiздердi сынап-мiнеген мақаласына үн қосты. Ондайларға өзiнiң де көзқарасын сездiрiп, «Түсiне алмадым» деген пiкiр жазды. Соны неге жазғанын әлi күнге дейiн түсiне алмай жүр. Бiрақ сонда да журналист болғысы жоқ. Кiлең кiрпiштiң арасынан шыға қашып, филологияға кеткендi жаны қалайды.
Бүгiнгi белгiлi әдебиеттанушы ғалым, танымал журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәрiптiң студент кездегi әлеуметтiк портретi осындай едi...

Бағланованың батасы

«Техта» оқыған тектi ғой,
Мұратына жеттi ғой.
Құрылысты журфакқа,
Айырбастап кеттi ғой...
(Журналистiк фольклордан)

Ол, сөйтiп, журфактың тыныс-тiршiлiгiн байқап көрдi де, өзiнiң күн сәулелi, көк майсалы Шымкентiне қайтып кеттi. Бiрақ онда көп тұрақтаған жоқ. Өз еркiмен оқуынан шығып, ала жаздай терлеп-тепшiп емтихан тапсырып, КазГУ-ге түстi.
Шырайлы Шымкент оны оңайлықпен жiбере қоймапты. Қалай жiберсiн?! Кiлең күрделi пәннен бiрде-бiр «төрттiк» алмаған үздiк студент. Кеше ғана институттың қырық жылдығына арналған салтанатты кеште «Құрыш қалай шынықтыны» жұртқа үлгi етiп, жалынды өлең оқыған жас шайыр. Оқу ордасының үкiлеген үмiтi. Болашақ талантты технолог. Сондай сайыпқыран студент әйгiлi «техты» тәрк етiп, өзге оқу орнына кетiп барады. Құрылыс-технология факультетiнiң деканы Николай Сузев те, проректор Василий Кирилин де «сенi оқудан шығаруға ешқандай негiз жоқ» деп бiразға дейiн жiбермедi. Әсiресе, әуесқой сазгер Кирилин мұны райынан қайтаруға тырысты. «Мен де осы оқу орнының қабырғасында ән жазып жүрмiн ғой, сен де сөйтсеңшi». «Жоқ, мен тәуiр нәрсе жазғым келедi!».
Бұл алған бетiнен қайтпады. Сол жылы Фариза Оңғарсынова басқаратын «Пионер» журналының тұтас бiр бетiн алып өлеңдерi шыққан. Соны көрсетедi оларға. «Алатаудың бөктерiнде, Көктөбенiң етегiнде отырып, өлең жазбасам болмайды», – деп тепсiнедi.
Алматыға барып келiп, оқуды тастаймын дегенiн ата-анасы жақтыра қоймады. Оларға айтар уәжi дайын. «Болды, айтқан оқуларыңа түстiм. Сабақты өте жақсы оқыдым. Ендi өз оқуыма барам!». Әке-шеше, жақын-жуық жұрттан ұят болатынын, бастаған iстi аяқтау керек екенiн айтып, барынша үгiттеп бақты. Бiрақ ол ерiн бауырына алып тулай бердi. Сөйтiп жүргенде мұның жан дүниесiн түсiнетiн бiр адам табылды-ау, әйтеуiр! Және қандай адам десеңiзшi!
Сол жылы Қазалыға әйгiлi әншi Роза Бағланова келiп, жерлестерiнiң алдында өнер көрсеттi. Осы өңiрдiң тумасы, әрi бұларға ептеген туыстығы бар Роза апай бөгелместен Шәрiповтердiң шаңырағына тартты. Каникул кезiнде үй-iшiмен мәмiлеге келе алмай, әбден қыстығып жүрген студент мәртебелi мейманның қасынан шықпады. Алты алашқа танымал апасымен армансыз әңгiмелестi. Өлеңдерiн оқыды. Сырын ақтарды. Айтпайын десе, iшiне сыймайды. Жазғаны жарық көрген газет-журналдарды көрсеттi... Ақкөңiл апасы қасы қалың қара баланы ертелi-кеш тыңдаудан жалықпады. Ақыры ол кiсiге өзi қаламаған оқуды тастап, басқа оқуға кетпек ниетiн аңғартты.
Сол сәтте атақты әншi бұған мейiрлене қарап отырды да, «Қайтесiң, оқығың келмесе, тастай сал!» – дедi ғой... Бұл оған үлкен рух бердi. Өзi қашайын деп тұрған қоянға баршаға белгiлi Бағланованың өзi жел берген соң, не тұрыс?! Баланың айтқанынан қайтпайтынын бiлген әкесi де ақыры бiтiмге келдi. «Барсаң бар, бiрақ филфакқа емес, журфакқа тарт. Жазам деген адамға сол дұрыс болар».
Есеп-қисапты шемiшкiдей шағатын Амантайға журфак дегенiң бұйым боп па, сабақты ойнап жүрiп оқыды. Өлеңдерi мен мақалалары жиi жариялана бастады. Жазған дүниелерi түрлi жинақтарға ендi. Сөз өнерiне сыпайылықпен келдi. Әдебиеттiң табалдырығын әдеппен аттады. Танымы мол, түйсiгi терең, талғамы жоғары екенiн бiрден байқатты.
«Жас алашта» қызмет iстеп жүргенiмiзде, редакциямызға КазГУ-дiң студенттерi тәжiрибеден өтуге жиi келетiн. Күнi кеше ғана солардың ортасынан шыққан соң ба, әйтеуiр бiздi көбiрек жағалайтын. Шетiнен қасқыр едi менiң практиканттарым! Срайыл Смайыл, Әмiржан Қосанов, Махат Садық, Амантай Шәрiп, Қадыржан Забих, Нұрлан Нұрғазин... Аспандап ұшқан алты қаз сияқты алтауы да биiк белестердi бетке алды. Соның iшiнде, әрине, Амантайдың жөнi бөлек.

Оқу бiтiрген жылы профессор Тауман Амандосов оны өз кафедрасына қызметке алып қалды. Журфакты қызыл дипломмен тәмамдаған, екi тiлде сабақ беретiн жап-жас оқытушы бiрден елдiң назарын аударды. Түбiт мұрт бозбала кезiнен ұстаз атанды. КазГУ-дiң тарихындағы рекордтардың бiрi де Амантайға бұйырды. Ол 29 жасында университеттiң кафедра меңгерушiлiгiне тағайындалды. Жастай әкiм болу, министр болу таңсық емес. Ал басшылар бiлiм мен ғылымның қара шаңырағы – кафедраны бесiктен белi шықпаған балаға сенiп тапсыра бермейдi. Сол кездегi ректор, зиялылардың зиялысы Көпжасар Нәрiбаев журфактағы ұлағатты ұстаздардың ұсынысын қолдап, жас жiгiтке зор сенiм артты. Әуелi журналистика тарихы, кейiннен халықаралық журналистика кафедрасының тiзгiнiн ұстатты. Осы тұста оның қарамағында қызмет iстедiм. Ол менiң өмiрiмдегi аса жайлы, ақкөңiл бастықтардың бiрi болды.

Осыдан жиырма алты жыл бұрын Америка Құрама Штаттарындағы Оклахома мемлекеттiк университетiне тәжiрибеден өтуге бiрге бардық. Сол жолы үндiстердiң «Пау-вау» деген мерекесiне қатыстық. Сонда көңiлденiп алған үндiстердiң бiрi мұны өз қандасы екен деп ойлап қалып, түсiнiксiз тiлде бiраз әңгiме айтты. Соған қарамастан екеуi кәдiмгiдей ұғысты. Әйтеуiр, анау риза болып кеттi. Амантай жазғы семинар кезiндегi пiкiрталасқа да қызу араласты. Америкалықтар жас жiгiттiң бiлiктiлiгiне тәнтi болды. Ағылшын тiлiн сол кездiң өзiнде тәуiр бiлетiн. Қазiр аузы-аузына жұқпайды.
Шынында ол кез-келген мәселенiң мәнiсiн тез ұғады, айтар ойын жылдам жұптайды. Оның ғылыми логикасына тек қана қызығу керек. Өмiрде де, ғылымда да қиыннан қиыстырып, батыл болжам жасайды. Осы уақытқа дейiн онысының қалт кеткенiн көргенiм жоқ. Тiптi, көпiрiп сөйлеп отырып, айдалаға лаққан пiкiрiнiң өзi ғылыми болып шығады.
Сөйтiп, бiр кезде Бағланованың батасын алған бала бүгiнде ғибратты ғалымға, ұлағатты ұстазға, жүйрiк журналиске айналды.

Үй, көлiк және шаңсорғыш...

БАҚ-қа туы тiгiлген,
Ғылымда орны бiлiнген.
Абай атам сияқты,
«Екi жаққа үңiлген...»
(Журналистiк фольклордан)

Журфактың бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет iстеген оқытушыларының студенттер алдындағы беделi биiк болады. Оқытушылар өндiрiстен журфакқа, журфактан өндiрiске үздiксiз ауысып жатады. Амантай да бiр күнi дипломында жазылған мамандығының ауылына қарай ат басын бұрды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Қызылорда облыстық филиалын басқарды. Аймақтық тележурналистикаға бiраз жаңалық әкелдi. Талантты әрi тегеурiндi жастарға өрiс ашты. Одан соң корпорация басқармасы төрағасының орынбасары қызметiн атқарды. Қазақ телеөнiмдерiнiң ұлттық бояуын қалыңдатып, рухын арттырған Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай сынды талғамы биiк, толғамы терең ағаларымен бiрлесе жұмыс iстеп, шығармашылық шеберлiгiн шыңдады. Кейiнiрек «Астана ақшамы» газетiне басшылыққа келдi. Басылымның әлеуетiн арттырды, журналистердi жинақылыққа баулыды. Бас редактор едiм деп шiренiп отырмай, газеттi бастан-аяқ өзi оқыды. Қате көрсе, ит қосып қуалайды. Бiр әрiп қисайып тұрса, бiр тыныс белгi қойылмай кетсе, iшкенi ас болмайды. Бiз айтамыз: «Қайтесiң, сол қатесi құрғырды қуалап? Қате деген газеттiң көркi емес пе?!». Жоқ, ол көнбейдi. Өзi басқаратын басылымның әр саны сауатты болып шыққанын қалайды. Бұл тұрғыдан алғанда, бiздiң Амантайдың категориясы – нағыз «қатегория»!
Айтпақшы, оның БАҚ-тағы бағы мұнымен де шектелмейдi. Аз ғана уақыт елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгiнiң Халықаралық ақпарат комитетi төрағасының орынбасары болып қызмет iстегенi бар. Бұл да – баспасөзден алыстығы жоқ лауазым.
Осы уақытқа дейiн негiзiнен баспасөз бен ғылымның айналасында тер төгiп келедi. Қай нәрсенi де талдап-талғап жүретiн дағдысымен «екi жаққа үңiлiп», екеуiнен де көп нәрсе тапты. Өмiр жолында теория мен тәжiрибенi үнемi ұштастырады. Журфакта журналистиканың теориясын игерiп, кейiн БАҚ-қа бет түзедi. Өзi қызмет iстеген оқу орындарында ғылымның теориясына көбiрек көңiл бөлсе, ғылым ордаларында iргелi зерттеумен айналысты. КазГУ-дiң аға оқытушысы, кафедра меңгерушiсi, Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң проректоры, Еуразия ұлттық университетiнiң проректоры, кафедра меңгерушiсi, институт директорының орынбасары, факультет деканы ретiнде бiлiм саласының қыр-сырына әбден қанықты. Оқу жүйесi мен әдiстеме мәселесiне терең бойлады. Ал КазГУ-дiң докторанты, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, Халықаралық Түркi академиясының ғалым-хатшысы ретiнде ғылым әлемiне алаңсыз кiрдi. Зерттеушi ретiнде оны әдебиеттiң тарихы мен теориясы, түркология, этнолингвистика, журналистиканың тарихы мен теориясы көбiрек қызықтырады. Ғылыми еңбектерiнiң денi осы тақырыптарға арналған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында баяғы одақтың беделдi архивтерiнiң бiразын армансыз сүзiп шыққан. Сол қазынасы әлi де ортая қойған жоқ.
Жалпы, ол ауқатты отбасынан шықты. Әкесi совхоз директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аупарткомның бiрiншi хатшысы, аудан әкiмi, кезiнде елiмiздiң астанасы атанған қаланың әкiмi болды. Ал ендi соның бiразын бiз көпке дейiн бiлген жоқпыз. Өйткенi ол өзi сияқты iшiп-жемi мол, бай-бағыланның балаларымен емес, бiз секiлдi өңкей ашқұрсақ, кедей-кепшiктiң перзенттерiмен бiрге жүрдi. Әдепкiде баяғы Харун ар-Рашид құсап қарапайым ел-жұрттың өмiрiн әбден зерттеп алып, дөкейлердiң дүрдей ұлдарының ортасына қайта кететiн шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, ол кетпедi. Кетпек түгiлi, әлi күнге дейiн бiрге келе жатыр.
Жарылқасын ағам оны ешқашан еркелеткен жоқ. Бұл да әкiмнiң ұлымын деп дандайсыған емес, көрпе-төсегiн арқалап, пәтерден-пәтерге көшiп-қонып жүрдi. Бiр күнi оған Жарылқасын аға үй алып бердi. Қайдан дейсiз ғой? Ит өлген жерден. Алматыға жиырма-отыз шақырым жердегi КИЗ деген ауыл. Кәдiмгi пешке от жағатын, дұрыстап жанбаса, шатырға шығып, мұржасын тазалайтын шағын ғана жер үй. Содан таңертеңгi сағат 8-де басталатын университеттегi сабағына жаяу-жалпылап, әзер жетедi. Өзге әкiмнiң төрт-бес перзентi шетiнен ауызынан ақ, май, көк май ағып, қаладағы жылы пәтерiнде жымың-жымың етiп жүргенде, жалғыз ұл қала сыртында қар күреп, пеш жөндеп жатады. Сосын бiз қалжыңдап, мынадай өлең шығардық: «Айтуға мен жүр едiм ғой ұялып, Бiлiп едiм ақырында өстерiн, Жалғыз ұлға жер түбiнен үй алып, Жарылқасын Шәрiпұлы, не iстедiң?».

Өзiмiз айтып, өзiмiз күлемiз. Бiр күнi ағамыз Амантайға қаладан үш бөлмелi пәтер алып бердi. Тура бiздiң әлгi өлеңiмiздi оқып қойған сияқты. Сөйтiп жүргенде, Амантайға ескiлеу бiр машина бiттi. Тек аты ғана машина. Сиқы қаша бастаған сары «Жигули». Жүруiнен тұруы көп. Есiгiн жұлқып ашып, жұлқып жабасың. Түнiмен такси болып қатынап, жолаушы тасыған кезде, сол есiктiң азабын әбден тартасың. Тоқтатқан адам кiре алмайды, кiрген адам шыға алмайды. «Қой, болмас» деп, Жарылқасын ағама арнап, тағы бiр өлең шығардық: «Балаңыздың мұрты қандай қияқты, Жаңа көлiк әпермесең ұят-ты. Кафедра басқарғанын қайтейiн, Машинасы көтерем ат сияқты».

О құданың құдiретi, бұл өлең де ағамның құлағына жеткен бе дерсiң. Қалаға бiр келгенде, Амантайға су жаңа көлiк сатып алып берiп кеттi. Сөйтсек, ол баласын жайлы тұрмысқа бiртiндеп бейiмдеген екен ғой. Бұлар жолы құтты өлең жазғанға әбден бой үйретiп алыпты. Бiр күнi Мира келiн келiп, қиылып тұр: «Шаңсорғышым ескiрiп, мазамды алып жүргенi. Бiр өлең жазып бершi...». Шаңсорғышқа өлең шығара қоймадық. Анадай әсем үй мен әдемi машинадан кейiн күн сайын қоқыс жұтатын шаңсорғыштың деңгейiне түскiмiз келмедi...

Кетiгiн тапқан кiрпiш

Қолына ұстап қаламды,
Өз өрнегiн сала алды.
Көркем сөздiң аулына,
Кiрпiш болып қаланды.
(Журналистiк фольклордан)

Бiр басында бiрнеше өнер тоғысқан. Соның iшiнде ғылымы алғашқы орында тұрады. Профессор Темiрбек Қожакеевтiң жетекшiлiгiмен Сұлтанбек Қожановтың әдеби-публицистикалық мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Докторлық еңбегi қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяға арналды. Ғылымдағы жетiстiктерi үшiн «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығын, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықты иелендi. Амантайдың ғылымның өз өкiлi екенiне ешкiм күмән келтiре алмайды. Бұған оның «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея», «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетшi», «Қайраткердiң қаламгерлiгi», «Сөз өнерi және ұлттық рух», «Ұлттық әдебиет және дәстүрлi ментальдiк», «Рух пен рәмiз: ментальдiк модельдерi» атты монографиялық еңбектерiн оқыған адамның көзi әбден жетедi.

Тiл игеруге өте бейiм. Ағылшын және түрiк тiлдерiнде еркiн сөйлейдi. Басқа тiлдердi де меңгеру тетiгiн жақсы бiледi. Әзербайжанның әйгiлi ақындары Хусейiн Жәбид пен Бақтияр Вахабзаденiң өлеңдерiн қазақшаға түпнұсқадан аударды.

Мектептi алтын медальмен, университеттi қызыл дипломмен бiтiрген бiздiң кейiпкерiмiз өмiрiнде бiр-ақ рет «4» алды. Миыңды су қылатын жоғары математиканы, күрделi техникалық пәндердi сөктей «5-пен» оқып едi. Сөйте тұра, өзi жақсы көретiн әдебиет теориясынан «үздiк» баға бұйырмады. Бiрақ сол «төрттiктiң» өзi кейiн төрге шығарды.
Үнемi үздiк оқыған Амантайды «төрттағандатқан» басқа емес, өзiнiң жақсы көретiн Жанғара ағасы едi. Кәдiмгi әйгiлi әдебиетшi, парасатты профессор Жанғара Дәдебаев. Ол кезде жап-жас оқытушы. Лекцияны жан-тәнiмен берiлiп оқиды. Бiрақ тым пысық, сөзуар студент оған салғаннан ұнай қоймаған сияқты. Оның үстiне бұл әдебиет теориясынан академик Зейнолла Қабдолов дәрiс беретiн шығар деп сонша күтiп, көңiлi қоңылтақсып жүр едi. Зекеңнiң «Сөз өнерiн» Шымкентте жүргенде сатып алып, жата-жастана оқыған. Әдебиет әлемiне жетелеген де осы кiтап болатын. Математика теориясын, сызба геометрияны, геологияны жiлiкше шағатын зерек студент «төрттiктi» сабақ бiлмегенi үшiн емес, жыбырлап тыныш отырмағаны үшiн алды.
Содан филфакқа академик Қабдоловты iздеп барды. «Осылай да осылай. «Сөз өнерiн» қолымнан тастамай оқыған елгезек бала едiм. Емтиханды қайта тапсыруға бола ма?». Зекең студенттi асықпай тыңдап, «Деканаттан жолдама алып келе ғой, айналайын, емтиханды өзiм қабылдаймын», – дедi. Кейiн каникул басталды, қол тимедi, басқа себептер килiктi, әйтеуiр ретi келген жоқ. Көп ұзамай ұмытып та кеттi. Өзi бiреудiң жалғыз ұлы болған соң, сынақ кiтапшасындағы жалғыз «төрттi» жойып жiберуге қолы бармаған шығар. Есесiне «Жетектеген жетекшiңнен айналдым, жетекке жүрген сенен айналдым», – деп Жанғара Дәдебаевтың анасы айтқандай, Жәкеңнiң жетекшiсi – академик Қабдоловқа кейiн бұл да шәкiрт болды. Елге белгiлi екi ағасының да талай жақсылығын көрдi. Амантай Шәрiп – Қабдоловтың докторанттар галереясындағы талантты ғалымдардың бiрi. «Ғалымдығы ақындығын өңгерiп, ақындығы ұстаздыққа жол бергенi» (Ж.Әбдiрәшев) болмаса, журналистiгi осы қырларының ешқайсысынан кем түспейдi. Бұқаралық ақпарат саласында да өзiндiк қолтаңбасын қалдырды. Бертінде елдің бас газеті «Егемен Қазақстанды» да басқарды.
Кейiн өлеңдi көп жазбай кеттi демесең, өз оқырманына талантты ақын екенiн таныта алды. «Құбыла» деген жалғыз жыр жинағы – өлеңге аса талғаммен қарайтындығының куәсi. Ақындық қуаты жеткiлiктi бола тұра, биттiң қабығындай жұқа кiтаппен шектелдi. Ал ендi осы не кiтап екенi, не дәптер екенi белгiсiз, көзге қораштау бiртүрлi баспасөз өнiмi жарнамашыл ақындардың жалпақ жинақтарының көбiсiн он орап алады. Ойлылығымен, тереңдiгiмен, көркемдiгiмен...
Оны айтасың, студент кезiнде ақындар айтысына қатысып, бәйге алғаны бар. Ол сол жылдардағы журфактың жезтаңдайы, сөз сүлейi, бүгiнгi сыршыл суретшi Ерсайын Жапақпен айтысты. Қашанда айтыс үстiндегi қайтпас қайсарлығымен ерекшеленетiн Ерекең алдыма Амантай келдi екен деп айылын жия қойған жоқ. Жас баланы жасқап алғысы келгендей, ұзағынан бiр қайырып, кезегiн ұсынып едi, төменгi курстың ақыны төмен қарап отырып:

Ассалаумағалейкум, ақын ағам,
Айтысыңды талай мен бақылағам.
Барлығында жеңiлiп қалсаң-дағы,
Ыржалақтап кетушi ең сахнадан, –

деп қойып қалды. Ерсайын ұтымды жауап берген iнiсiне сүйсiнiп, кеңпейiлдiлiк көрсеттi. Айтыс одан әрi қарай достық рәуiште жалғасты.
Ал ендi Амантайдың ән салғанын көрген адам оның өнер жолын қумағанына қапа болар едi. Дауысы ерекше сазды. Тыңдаған адам ерiксiз ұйиды. Гитарада тәуiр ойнайды. Музыканың мән-жайын терең түсiнетiндер оның қабiлет-қарымын өте жоғары бағалайды. Бiрақ ешқашан елдiң алдына шықпайды, концерт қоймайды, кеш өткiзбейдi. Айтпақшы, Сыр бойының тегеурiндi телемагнаты, арқалы ақын Шаһизада Әбдiкәрiмов түсiрiп берген жалғыз клипi бар. Оны да жұрт назарына ұсынуға құлықты емес. Бiрақ анда-санда әншi Әбенiң рахатын бiз көремiз. Шағын той-томалақта «Ән салшы, бiр бала-ай...», – деп қол шапалақтап, дем берiп отырамыз. Оған Әбе деген атты талантты ғалым iнiсi Ақедiл Тойшан қойды. Тек ана әлемге әйгiлi әйдiк Әбемен шатастырып алмау үшiн үлкенiн «Әлемнiң Әбесi», кiшiсiн «Әлiмнiң Әбесi» деймiз.


Осыдан екi-үш жыл бұрын бар жұмысын жинап қойып, Отан соғысында қаза болғандардың деректерiн iздеумен айналысты. Компьютердiң құлағында ойнап, интернеттiң иiрiмiне сүңгiп, талай жолдас-жорасының баяғыда хабарсыз кеткен аталарын тауып бердi. Сол үшiн техника тiлiн жетiк бiлетiн ол мың тәсiл қолданған шығар. Бәрiмiз аталарымыздың рухымен қауышып, жырғап қалдық. Жiгiттердiң алды көршi елдердегi бауырластар бейiтiне барып қайтты. Содан соң оған жүдә риза болып, «Ата тапқыш Амантай» деген өлең шығардық.
Тағы бiрде «Астана ақшамы» газетiнiң бас редакторы болып қызмет iстеп жүрген кезiнде өзiнiң бiрiншi орынбасары Талғат Батырханның қолын пышақ кесiп кетiптi. Қашаннан зар заман ақындарымен рухтас Тәкең сары уайымға салынып отырғанда, Амантай оны емханаға ертiп апарып, дереу дәрiгерге қаратады, жедел ем-дом жасатады. Онымен қоймай жұбатады, жiгерлендiредi, жанына жылу себедi. Өмiрден және өз тәжiрибесiнен мың-сан мысал келтiрiп, мұндайда күйреуiктiкке бой ұруға болмайтынын ғылыми тұрғыдан негiздеп тұрып түсiндiредi. Жаңа ғана қолына оқ тиген жауынгердей, ыңырсып әзер тұрған Талғат екi көзi шоқтай жанып, «Содан берi жақсы көрiп тұрмын Амантайды», – деп жақын-жуыққа телефон шала бастайды. Ал осылай алдыңа түсiп, елпектеген Амантай кейде саусағыңды пышақ тiлмек түгiлi жылан шағып алса да былқ етпейдi.
Мiнез-құлқына адам түсiнiп болмайды. Көңiл-қошы келмей тұрса, трактормен сүйресең де жетегiңе жүрмейдi. Әңгiменi берiлiп отырып айтсаң да, құлағына қыстырмайды. Ал өзi ықыластанып әңгiме айтқысы келсе, тыңдап отырсың ба, жоқ па, онда шаруасы болмайды. Амантай қажы секiлдi өршелене сөйлеп, назарыңды ерiксiз аудару оның әдетiнде жоқ. Тыңдасаң тыңда, тыңдамасаң қой...

* * *

Технологтың оқуын оқыған ол қай iстiң де тиiмдi тетiгiн тапқанды қалап тұрады. Сондықтан оның өмiр жолын таңдау технологиясы да дұрыс болған сияқты. Бiз, әрине, досымыздың өз ортамызда жүргенiне қуанамыз. Алайда, осы күнi кейбiр ғимараттың айдың-күннiң аманында опырылып түскенiн көргенде, бiртүрлi күй кешемiз. Сол салаға бiр Амантай жетпей тұрған секiлденедi.
Егер ол әзiрлесе, кiрпiшiң де, бетоның да ешқашан сетiнемес едi...

* * *

1 мамыр – кірпіштен қашып, бетоннан безініп, арматурадан аулақтап, ақыры әдебиеттануға келіп, үйірін тапқан ғибратты ғалым, парасатты публицист, бүгінгі ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріптің туған күні! Қырық жылдан бері қатарлас, қанаттас келе жатқан Амантайға амандық тілейміз!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер