Жетісуда жер асты байлығын өндіру артып келеді

3072
Adyrna.kz Telegram
Сурет @tks.kz сайтынан алынды
Сурет @tks.kz сайтынан алынды

Жетісу өңірі тек табиғатымен ғана көркем емес, жер асты байлығынан да кенделік қылмапты. Мәселен, өлке топырағы  алтын, күміс, қорғасын, мырыш, темір сияқты шикізат ресурстарына бай. Оны қажетке жарату жолында біршама ауқымды шаруалар атқарылып жатыр.

Мәселен, 2019 жылы кең таралған пайдалы қазбаларды игеру бойынша облыста 361 келісімшарт жасалып, оның 336-сы бойынша өңдеу, 25-і бойынша барлау жұмысы қолға алынған. Нәтижесінде 7,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, облыстық бюджетке үлкен үлес қосылған. Әлемде пандемия таралып, қай саланың да тұрмысы тежелгенде де өңірдегі кен байыту және өңдеу жұмыстары кенжелемеді. Мұнан өзге өңірдің қойнауынан қайта өңдеуді талап етпейтін пайдалы қазбалар санатындағы әктас, құрылыс құмдары, құм-қиыршық тасты қоспа, тұз, гранит саз, құм, тағы да басқа байлықтар өндіріледі. Олар көбінесе құрылыс саласына, жол, ғимарат салу, кірпіш зауытын ашу мақсатында кеңінен қолданылады. Айталық, Астана қаласында өткен «ЭКСПО – 2017» көрмесінің құрылысына қолданылған гранитті  Жамбыл ауданындағы «Курты» және «Техно-экспресс» ЖШС толықтай  қамтамасыз етті. Сонымен қатар, бұл өнім Ресей, Украина, Белоруссия, Италия елдерінде де жоғары сұранысқа ие.

Бүгінгі таңда алтын, мыс, полиметал барлау және өндіру бойынша да бірқатар ауқымды шаруалар атқарылуда. Мәселен, «Консолидированная Строительная Горнорудная компания» ЖШС-мен Кербұлақ ауданында орналасқан «Көксай» кен орнынан алтын, мыс, молибден пайдалы қазбаларын барлау жұмысы аяқталып, кен байыту фабрикасы салынады. Бұл жоба жүзеге асқанда 6000 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп, 1500-2000 адам қоныстанатын тұрғын үйлер мен ғимараттар бой көтереді.
Жер қойнауын пайдалану бойынша Райымбек ауданында «Марум Жар Голд» ЖШС алтын өндірумен айналысып жатыр. Мекеменің алтын өндіру қуаты жылына 10-20 келіге жетеді. Сондай-ақ, аталған ауданда «Топливно – энергетическая компания Беркут» ЖШС көмір өндіру жұмысымен айналысып, Райымбек, Ұйғыр аудандарын қатты отынмен толықтай қамтамасыз етіп отыр.  Алдағы уақытта «Жетісу-Вольфрам» ЖШС вольфрам өндіруді қолға алып, 300 өңір тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Ал «Tau-Ken-Mining» ЖШС Ұйғыр ауданынан полиметалл өндіруге бет бұрды. Кенді игеру жұмысы толықтай қуатында болғанда, жүздеген өңір тұрғыны нәпақа табады. «ГРК Коксу» ЖШС мен «Көксу» кен орнында шунгит өндіру жұмысы қарқынды жүруде. Қазірдің өзінде кен орны 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемінің өсуіне орай жұмысшылардың саны да көбейе түседі. Демек, жоғарыда айтылған жер қойнауын игеруге қатысты атқарылған жұмыстардың бәрі ел өркениетін өсіріп, өңір экономикасының еселенуіне көп ықпал етуде.

Баршаға мәлім, Елбасы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру туралы тапсырма берді. Осы тапсырманың толық орындалуы тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібінің дамуымен тікелей байланысты. Ол үшін ең бастысы елімізде геологиялық сала мен минералды-шикізат базасын дамытып, бағдарламасын кеңейту мақсатында болашағы зор алаңдар мен кен шығатын объектілерге іздестіру-бағалау және барлау жұмыстарын жоспарлы жүргізу тиіс. Осы тұста, жұмыстың тыңғылықты жүргізілуі үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жыл 21 мамырдағы №526 қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы геологиялық барлау жұмыстарының 2015 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге аств. Бағдарлама аясында бюджеттен 160 млрд. теңге бөлінді. Оның 44 млрд. теңгесі негізгі металл түрлері – мыс, қорғасын, мырыш және алтынның шикізаттық базасын нығайтуға бағытталды. Осыған орай,  бүгінгі таңда Қатбар учаскесінде полиметал, Көкшиелі учаскесінде қорғасын, мырыш және басқа да полиметал іздеу жұмысы жүргізілген.

Тағы бір айта кетерлігі, «Аумақтық, геологиялық түсірілім, іздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстары» республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша соңғы 5 жылда кең таралған пайдалы қазбалар бойынша облыстың жер қойнауын пайдаланушылардың өз күшімен жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде пайдалануға жарамды 71 кен орны ашылып, қазіргі таңда өндіру жұмыстары басталды.

Әрине, атқарылған жұмыс қаншалықты салмақты болғанымен алдағы міндет те ауқымды. Сондықтан геология саласының мамандары күнді түнге жалғап, қажырлықпен еңбек етіп, елдің ертеңгі болашағы үшін тер төгіп жүр. Есесіне, осындай қажыр-қайраттың арқасында ел экономикасы өркендеп, жұмыссыздар саны азайып келеді.

Пікірлер