Соғыстан аяқ-қолсыз қайтқан мүгедектерге Сталиннің көрсеткен қорлығы жан түршіктіреді

10579
Adyrna.kz Telegram
Қанды қасап Сталинның бастамасымен екінші дүние жүзілік соғыста 46,25 миллион адам жараланып, оның ішінде 10 миллионнан астам адам мүгедек болып қалды. Ал, 3 миллиондай адам аяқ-қолынан айылырып, аяқсыз, қолсыз еліне қайтты. Бұл деректер Санкт-Петербургтегі "Соғыс-медициналық" музейінде бар екен. Мұны ғасыр қасіреті деп атасақ та болады.
Бұдан да қасіреттісі - 1943-1944 жылдары КСРО КГБ-сы соғыстан дене мүшелерінен айырылып қалған азаматтарды өздерінің мүгедектігіне мемлекеттен көмек сұрағаны үшін үнемі бақылауға ұстап, олардың артынан бақылаушылар қойып, "Кеңес өкіметіне қарсы агитациялар ұйымдастырып жүрген жоқ па" деген күдікпен жасырын операциялар ұйымдастырып отырған. Ештеңеге жарамай қалған адамдарға да осындай бақылаулар болды. Бұл нағыз халықтар түрмесі екені осыдан-ақ белгілі.
Соғыста дене мүшесінен айырылған ең ауыр жағдайдағы I және II топтағы мүгедек адамдарға квалификациясы жоқ жұмысшының айлығының жартысындай ғана көмек берген. Оларды ешқандай жерлерде жұмысқа алмады. Ешқандай жерлерде квалификация берілмеді. Бұл ауылды жерлерде тіпті ауыр болды. Оларға өкімет тарапынан емес, туған туыстары ғана көмек берсін, өкімет көмек көрсетуге мүдделі емес деген жоғарыдан ескертулер де жасалған.
Ең ауыр жағдайдағы I және II топтағы мүгедек адамдардың туған туыстарына да мемлекет тарапынан ешқандай әлеуметтік қамқорлық болмады. Наразылық білдірген мүгедектерге қысым жасалып, жолда отырған жерлерінен ұрлап әкетіп, кейбіреулерін жасырын атып та тастады. Ал, туысқандары тауып алған мүгедектер ғана аман қалды. Дәл осыған қатысты КГБ деректерін Ресейдің russian7.ru сайты дүркіретіп таратты.
Дәл мұндай сұмдық тазарту Сталиннің бұйрығымен 1951 жылы КСРО жоғары кеңесі мен президиумында "Қоғамға қарсы надандық әрекеттер мен паразиттерден тазарту" бастамасы арқылы іске асқан. Елін, жерін қорғап, қасірет шеккен, мүгедек болып қалған азаматтарға Сталин осылай жақсылық жасаған.
Осындай қатыгездіктен кейін Коми АССР-де соғыста қасірет шеккендердің бәрі ереуілге шыққан. Бірақ оларды жаншып, басып тастап, мүгедектігіне қарамай түрмелерге тыққан. Өте ұзақ мерзімде жаза тағайындаған. Кейбір наразы адамдарды КСРО-ның шеткі территориясындағы аралдарда дауылды боран күндерде ашық далада, тамақсыз, жарықсыз, қорлықпен ұстаған. Оларға қоғамға қауіпті элементтер деген айыптар тағылған.
Соғыстан кейінгі кезеңдерде де ГУЛАГ сияқты лагерлер жұмысын тоқтатпаған. Соның бірі Валаам аралы болған. Аш ұстау, тамақсыз қалдыру сияқты қорлықтар мүгедек адамдарға сонда көрсетілген. Ең сұмдығы - олар жайындағы көп деректерді дер кезінде жойып отырған. Ешқайда мәліметтер шығармауға тырысқан. Бірақ КСРО КГБ-да архивтерден олар жайында қалып кеткен кейбір деректер адамның жанын түршіктіреді.
Валаам оқиғасын экскурсоводта болған Евгений Кузнецов деген азамат өз көзімен көргенін айтқан. Жоғарыда аталған сау адам түгілі мүгедектерге жасалған оқиғалардың барлығы осы азамат арқылы жетіпті. Әйтпесе, мұны ешкім де білмейтін болып қала берер еді. Міне, біздің кейбір үлкендеріміз мақтап отыратын КСРО тозаққа айналған осындай халықтар түрмесі болған. 
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер