ДДҰ басшысы: Коронавирустың Уханьнан "шыққанын" жоққа шығаруға әлі ерте

506

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус COVID-19 ауруын тудыратын SARS-CoV-2 коронавирусы Қытайдың Ухань қаласының зертханасында пайда болды және таралды деген нұсқаны толықтай жоққа шығаруға әзір ерте екенін мәлімдеді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «centralasia.media-ға» сілтеме жасап.

«Мен өзім лаборант болдым, иммунологпын, зертханада жұмыс істедім және мұндай жағдайлар зертханада болатынын білемін. Мұндай жағдай кейде болады», - деді ДДҰ  басшысы.

Гебрейесус болған жағдайды тексеру пандемияның таралуына қандай да бір зертханалардың қатысы бар-жоғын анықтау үшін өте маңызды екенін атап өтті.

«Бізге ақпарат қажет, пандемия басталғанға дейін және осы зертханада қандай жағдай болғандығы туралы тікелей ақпарат керек», - деген ол Қытайдың  осы мәселені шешу үшін ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті.

«Егер біз толық ақпарат алсақ, бұл зертхананың пандемияның таралуына  қатысы бар деген болжамды жоққа шығара аламыз», - деді ДДҰ басшысы.

Айта кету керек, биылғы жыл басында ДДҰ-ның арнайы тобы пандемияның себептерін зерттеу үшін алғаш коронавирус анықталған Ухань қаласына барған еді. Сол кезде сарапшылар вирустың шығуының төрт нұсқасын қарастырды: адамның жарқанаттардан тікелей инфекция жұқтыруы, ортада басқа да жануардан жұқтыру дерегі, тамақ өнімдері арқылы берілуі және жасанды шығару дерегі, яғни зертханада жасалуы.

Нәтижесінде наурыз айында ұйым өкілдері тергеудің алдын-ала нәтижелерін жариялады. Онда «вирус зертханада жасалды» деген болжам мүлдем шындыққа жанаспайтыны айтылған. Нақты деректер алда белгілі болмақ.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы