Ақтөбенің өз фабрикасы бар!

4225
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары еліміздің көп өңірінде тігін фабрикалары ашылып жатыр. Бұл — алдағы уақытта өз өнімімізді тұтынамыз деген сөз. Көрші және шет елдердің брендіне "жүгірмей", отандық өнімді насихаттайтын уақыт жетті.

Былтыр "A-Textile" ЖШС Ақтөбеде тігін фабрикасын ашты. Кезінде танымал болған үлкен фабриканың ізін басқан бұл өндіріс орнында қазір 60 адам еңбек етеді. Биыл фабрика жыл аяғына дейін 240 мың дана өнім шығаруды жоспарлап отыр. Қазір  мұнда ер және әйелдерге арналған футболка, спорттық және іш киімдер, балаларға арналған спорттық киімдер мен пижамалар тігіледі.

Тігін фабрикасын ашуға ақтөбелік кәсіпкерлер 430 млн теңге инвестиция салған.

"A-Textile" ЖШС-ның коммерциялық директоры Сабыржан Балмұрзиевтің айтуынша, қазіргі таңда фабрика бірінші кезең бойынша қарқынды жұмыс жасауда.

Ақтөбе тігін фабрикасын ашуға осы өңірдегі белгілі кәсіпкерлер атсалысып, инвестиция "құйды". Өткен жылы пандемия кезінде біздің жұмысымыз біраз тұрып қалды. Қазір мұнда жалпы саны 60-тан астам адам еңбек етіп жатыр. Барлығы іс-тәжірибеден өтіп, мамандығы бойынша жұмысқа алынды. Алдағы уақытта облыстағы бірқатар колледждер мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дизайн мамандығында оқитын студенттер осы жерде практикадан өтеді. Кейін олардың арасында үздіктерін жұмысқа қалдыру жоспарымызда бар. Қазір фабрикамыз  бірінші кезең бойынша жұмыс жасауда. Былтырдан бері бір жыл ішінде 120 мың дана өнім шығардық. Өнімдерімізді облыстағы ірі сауда орталықтары, атап айтсақ, "Фиеста", "Бренд Мафия" сияқты киім дүкендері сатып алып жатыр. Сондай-ақ Атыраудан, Кентаудан, Ақтаудан, Нұр-Сұлтаннан тапсырыс беретіндер де бар. Жалпы отандық өнімге сұраныс жоғары. Себебі сапасы жақсы, ал бағасы арзан, Қажетті құрылғыларды Германия мен Оңтүстік Кореядан, ал шикізатты Түркия мен Өзбекстаннан тасымалдап жатырмыз, — дейді ол.

Фабрикада тігілген өнімдердің барлығы сапалы. Себебі Өзбекстаннан әкелінетін шикізат құрамында (трикотаж) синтетика жоқ. Ал бағасы өзге елдерден әкелінетін өнімдерден екі есеге арзан. Сондықтан да бүгінгі күні жергілікті кәсіпкерлер тігін фабрикасының өнімдеріне аса қызығушылық танытуда.

— Биыл күз айынан бастап өндірісті кеңейтіп, екінші кезеңді бастаймыз. Жыл соңына дейін мұнда тағы 90 адамды жұмысқа қабылдап, өндіріс қуатын арттыруды жоспарлап отырмыз. Жуырда Германия, Италия және Қытайдан фабрикаға қажетті құрал-жабдықтар келеді. Олардың жалпы құны — 250 мың доллар шамасында. Жаңа құрылғылар іске қосылған соң фабрикамыз жылына ең кемінде 240 мың дана өнім шығаратын болады. Мәселен, соңғы үлгідегі автоматты түрде арнайы бағдарламаға енгізілген өнеркәсіптік принтер (плоттер) тігіншілердің жұмысын жеңілдетеді. Құрылғы сызбаүлгілерді өздігінен мата үстіне қойып, сызып, пішіп беретін болады. Осылайша қазіргі жұмысымыз екі есеге азайып, есесіне өнім саны артады. Сондай-ақ күзден бастап ер және әйелдерге арналған күртеше, плащ, желбегей, шолақ жеңді киімдер тігуді бастаймыз. Ол үшін шикізатты Түркиядан әкелуді жоспарлап отырмыз, — дейді Сабыржан Балмұрзиев.

"A-Textile" ЖШС қазіргі цех ғимаратын жалға алып отыр. Алдағы уақытта өндіріс орнының қуаты артса, фабрикаға бұдан да үлкен ғимарат керек. Серіктестік басшылығы мемлекет тарапынан жер берілсе деген тілегін айтты.

— Біздің мақсат —  өндірісімізді жылдан жылға дамытып, ішкі нарықты толықтырып барып, ақтөбелік бренд үлгісіндегі дайын өнімдерді алыс-жақын шетелдерге сату, жарнамалау. Мәселен, Қырғызстан сияқты біз де неге отандық өнімдерімізді өзге елдерге экспорттамасқа? Бұл жерде бір ғана мәселе бар. Ол — шикізат мәселесі. Қазір біз дайын шикізатты Өзбекстаннан әкеліп отырмыз. Республикамызда мата, жіп өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы, — дейді С.Балмұрзиев.

Ал фабриканың өндіріс цехының жетекшісі Светлана Айбатованың айтуынша, қазіргі отандық өнімдер шетелден келген өнімдерден әлдеқайда арзан, әрі сапалы.

— Біздің қазіргі балаларға тігіп жатқан киімдеріміздің барлығы — мақтадан тігілген өнімдер. Құрамында 5-7 пайыз ғана синтетика бар. Бағасы өзге елдерден келетін өнімдерден екі есеге арзан. Мәселен, жұрт мақтайтын түркиялық өнімдердің сапасы бізбен бірдей. Көпшілік оларды бренд болғаны үшін таңдайды. Алдағы уақытта біз де өндірісімізде заман талабына сай бренд үлгісін қалыптастырсақ, халық еш ойланбастан сатып алатын болады, — дейді ол.

Бүгінде фабрика жұмысшыларының орташа жалақысы — 100 мың теңге. Мұнда тәжірибелі мамандар да, жастар да бар. Олар Ақтөбенің брендін қалыптастыру жолында қазір үздіксіз еңбек етуде.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер