Қызылорда облысы: туристер қызығушылығын тудыратын көрнекті тарихи орындардың топтамасы

9701
Adyrna.kz Telegram

Республиканың оңтүстік-батысында орналасқан ірі әкімшілік аймақтардың бірі (1938 жылы құрылған). Жалпы аумағы – 226 мың шаршы шақырым, халық саны 820,5 мың адам. Солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен, шығысында Түркістан облысымен және оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. 7 ауданы (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған), 3 қаласы (Қызылорда, Арал, Байқоңыр) бар.

Алаштың анасына баланған Сыр өңірі адамзат өркениетінің көне ошақтарының бірі. Сыр елі – ұлттың ұясы, қонар қиясы. Небір жаугершілік, зобалаң заманда халқымыз Сырдың бойына келіп жан сақтады, күш біріктіріп жеңісті жолын бастады. Берекелі жерінің асты да, үсті де құт!

«Сыр елі – астаналар мекені», «Сыр елі – жыр елі», «Сырдың жері-Тұранның төрі» сөздері бүгінде құлаққа сіңісті қағидаларға айналды. Бұл киелі аймақтың қайталанбас тарихын, Алаш жұртының қарашаңырағы мен түркі халықтары жасаған өркениеттің ошағы болғандығын аңғартады.

Елбасының «Сыр – Алаштың анасы... Бұл – дана Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейі Кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, тамаша жазушы Әбдіжәміл мен Қалтайдың, тағысын-тағы көптеген ардақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сол үшін де Қызылорда күллі қазақ үшін қасиеті ортақ жер», - деген сөзінің орны ерекше.

Топырағынан кие дарыған бұл өңірде түркі жұртының абызы Қорқыт ата өзінің мәңгілік мекенін тапса, адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышты бағындыруға аттанды.

Ұлы Дала төрінен орын алған өлкенің қай бөлігіне барсаңыз да, қарт тарихтан шер тартатын сан алуан мұраларға қол жеткізесіз. Бұл Ұлы дария бойында жасаған өркениеттің қазақ тарихында алатын орны ерекше екенін тағы бір мәрте аңғартып, тарихтың керемет тұңғиығына жетелей түседі.

Бүгінде заманауи ақпараттық технологиялар арқылы Қызылорда облысының  ескерткіштерімен танысу үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. 150 тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы қамтылған арнайы сайт (www.virtualmap.xyz) қолданысқа енгізіліп, 150 ескерткішке  QR-код тақтайшалары орнатылған.

Ендеше, Сіздерді Сыр өңірінің ең қызықты тарихи орындарымен танысуға шақырамыз!

БЕГІМ АНА МҰНАРАСЫ

Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан. ІХ-ХІ ғасырлармен мерзімделеді.

Бегім ана мұнарасы сол кезеңге тән сәулет өнерінің үздік туындысы. Мұнара аңыз бойынша атақты Қарабура әулиенің қызы, кіршіксіз махабат пен әділдіктің үлгісі саналған,  жазықсыз жаланың құрбаны болған Бегім анаға арнап тұрғызылған. Халық зиярат жасайтын және перзент тілегендердің тілектері қабыл болатын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.

КЕРДЕРІ КЕСЕНЕСІ

Арал ауданы, Қаратерең  ауылынан   65,2 шақырым жерде орналасқан. ХІҮ-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Кесене (мавзолей) бірнеше ғасыр Арал теңізі су астында қалғандықтан, біраз жерлері бүлінген. Деректерге сүйенсек, ғимарат ХІҮ ғасырда салынған және бұл өңір елді мекен болған дегенге саяды.Табылған ғимараттың биіктігі - 1,5 метр, аумағы 50 метрді алып жатқан төбе­шік. Ұзындығы - 23,5, ені - 9,5 метр. Құрылыста 19х5х19см, 10х5х10 см, бұдан кіші көлемдегі қыштар кездеседі. Сонымен бірге, керамикалық заттар, қыштар мен адам мүрделері табылды

ЖАНКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

Қазалы ауданы Жанкент ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 500 метр жерде орналасқан. Оғыз мемлекетінің IX-X ғасырларда ордасы болған.

Араб тіліндегі жазба деректерде Жанкент қаласы Карьят ал-Хадиса, ал-Мадина ал-Джадида деп аталса, парсы деректерінде Дих-и-Нау, түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Қазақша аудармасында барлық атаулар «жаңа қала», «жаңа қоныс» мағынасын береді.

Бүгінгі күні Жанкент қалашығында ашық аспан астындағы мұражайдың алғышарты жасалып, консервацияланған нысандарды – қорғаныс қабырғалары мен мұнараларын, цитадель, көптеген тұрғын үй орындарын және Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрін көрсететін бөлме композициясын көруге болады. Сондай-ақ қалашықтың тарихи кезеңдері бейнеленген «JANKENT» стеласы орнатылған.

ЖАНҚОЖА БАТЫР КЕСЕНЕСІ

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан.

Жанқожа батыр ескерткіш кешені 1992 жылы халық батыры және көріпкел әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне арналып салынған және баба рухына тағзым жасайтын қасиетті орын.

ӘЙТЕКЕ БИ ЕСКЕРТКІШІ

Қазалы ауданы Әйтеке би кенті аудандық әкімдік ғимараты алдында орналасқан.

Ескерткіш 2018 жылы Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан Кіші жүздің биі – Әйтеке би Байбекұлына есімін ұлықтау мақсатында еңселі ескерткіш бой көтерді. Ескерткіштің ашылуына арнайы Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Әйтеке би кесенесінен топырақ әкелінді.

Ескерткіш тұтас граниттен жасалған, авторы - Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Сатыбалдин.

БӘБІШ-МОЛА  ҚАЛАШЫҒЫ

Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 47 шақырымда орналасқан. Б.з.д. ІҮ-ІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Бәбіш мола қалашығы Сырдариядан бөлініп шыққан Жаңадария арнасының оң жағалауында орын тепкен сақтардың ордасы болған қала. Қалашықта сақталған құрылыстар «Үлкен үй» жоспары кірер есіктен басталып, екі көлемді мұнаралармен жиектелінетін анфиладты ғимаратымен ерекшелінеді. Үйдің шығыс бөлігінен аршылған жоспары мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады.  Бәбіш мола қалашығы басқа аймақтармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалада қолөнершілер мен ұсталар керамикалық ыдыстар, қару-жарақ, сауыт-сайман, ат әбзелдерін, алтын мен күмістен теңдесі жоқ әшекей заттар жасаған. Бұған қалашық орнынан табылған археологиялық бұйымдар айғақ бола алады.

ШІРІК-РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ

Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 87 шақырымда орналасқан. Б.з.д. ІҮ-ІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі.   Қалашық Сыр бойы халқының Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған.  Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған. Шірік-Рабат қаласында үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Шірік Рабат қаласы ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Кейінгі зерттеулер бұл ескерткіште сақ тайпаларының жерлеу кешендері орналасқан пантеон деп  болжам жасалды.

ЖЕТІАСАР МӘДЕНИЕТІ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған.

Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтағы асарлардың ең ірісі Алтынасар және Бидайық асар, Сорлы асар, Домалақ асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Тікасар, Тас асар,  Қосасар сияқты барлығы 30-ға жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған.

Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес Отырар-қаратау мәдениеті және Қауыншы мәдениетерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Қаңлы мемлекетінің құрамына кірген.  Жетіасар тарихта өзіндік орны бар ірі мәдениет болып табылады. Асарлар тізбектеліп Қазақстан аумағындағы Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облыстарын қамтып Ташкентке дейін созылып жатқан аумақты алып жатыр.

Жетіасар мәдениеті ескерткіштері шөлейтті жерде және бір-біріне жақын орналасуымен ерекшеленеді. Экстремалды  туризм үшін қолайлы.  болып табылады. Бұл туристердің қызығушылығын тудыратын бірден-бір фактор болып табылады.

ҚОРҚЫТ АТА ЕСКЕРТКІШ КЕШЕНІ

Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырымда орналасқан. Кешен 1980 жылы салынған. Авторлары – Б.Ә. Ибраев, С.И. Исатаев.

Кешен – түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, күйші әрі қобызшы болған Қорқыт атаның құрметіне тұрғызылған. Қорқыт ата туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткен. Олардың бірі -  ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер болса, екіншісі - тарихи шежірелер, үшіншісі - Қорқыт ата кітабы. Қорқыт ата – Оғыз заманында өмір сүрген дана тұлғалардың бірі әрі аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан  екені белгілі. Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар.

Кешен құрамына қобыз бейнелі стела,  қошқар мүсіні,  жер асты мінәжат үйі қылует, амфитеатр, мұражай кіреді.

Кешен түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие.

МАРАЛ ИШАН КЕСЕНЕСІ

Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде, Қараөзек өзенінің аңғарында орналасқан. Кесене ХІХ ғасырда салынған.

Кесене үш жүзге пір болған, діни қайраткер Марал ишанның жерленген орнына тұрғызылған. Жергілікті дәстүрге тән көрнекті ескерткіштердің бірі. Баба рухына тағзым жасайтын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.

ҚАЛҚАЙ ИШАН КЕСЕНЕСІ

Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде, Қараөзек өзенінің аңғарында орналасқан. Кесене ХІХ ғасырда салынған.

Қалқай ишан кесенесі Қожа Ахмед Яссауи кесенесіне ұқсастықтарының болуымен ерекшеленеді. Кесене Марал ишанның үлкен ұлы Қалқай ишанның жерленген орнына тұрғызылған. Баба рухына тағзым жасайтын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.

ЖЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

Жалағаш ауданы Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан ортағасырлық қала орны Х-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Осы аймақта орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Қаланың орны қазіргі уақытта 40 гектардан астам аумақты алып жатыр. Қала қирандыларының мерзімделуін әр ғасырларға жатқызуға болады. Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, ІХ–ХІІ ғасырларда қалада мұсылман дінін ұстанған оғыз бен қыпшақ тайпалары қоныстанған.

ХІІ–ХІІІ ғ.ғ. Жент қаласы Хорезм мемлекетінің дүниежүзілік державаға айналу барысында Сыр өлкесіндегі тіректі қаласының бірі болған.

Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналды. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды.

ТҮМЕН ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ

Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 шақырым, Қаракеткен теміржол стансасынан оңтүстік - батысқа қарай 7 шақырымда орналасқан. Кесене ХІХ ғасырда салынған.

Кесене  Сыр бойында тұратын қазақтардың «үйтам» үлгісінде салынған. Ислам дінін насихаттап, шәкірт тәрбиелеген дін қайраткері Түмен әулиенің жерленген орнына тұрғызылған.

АСАНАС ҚАЛАШЫҒЫ

Сырдария ауданы Айдарлы ауылынан батысқа қарай 15 шақырымда орналасқан. ХІІ-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Асанас – орта ғасырлардан сақталған көне қаланың орны. Сырдария өзенінің сол жағалауында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Моңғол шапқыншылығы кезінде жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен жермен-жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырғынға ұшыраған. Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІҮ-ХҮ ғасырларға дейін өмір сүрген.

 ҚЫШҚАЛА ҚАЛАШЫҒЫ

Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырымда орналасқан. ХІІІ-ХҮ ғасырлармен мерзімделеді.

Қышқала қалашығы Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент, Қызқала деп те аталады. Алтын Орда кезеңінде қала ірі сауда-саттық орталығы болған. Бұл шаһар жөнінде алғаш рет 1242 жылы итальян саяхатшысы Рубрук жазып қалдырған делінеді. Ұлы Жібек жолының бо­йын­да орналасқан қала жайын­да Қышқала деп аталғанымен қаланың тарихи аты ұмыт қалған.

Профессор Әуелбек Қоңы­­ратбаевтың ел аузын­дағы аңызға сүйеніп, бұл қала Алпа­мыс батырдың жары Гүл­баршынды қалдырып кеткен шаһар екендігін еске салған. Кейбір жазба деректерде бұл қала ертеректе Бар­шынкент деп те аталған екен. Қышқала жайлы XV ға­сыр­дан кейін жазба дерек­тердің кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты сияқты. Бұл ескерткіштің ерекшелігі мұндағы әрбір құрылыс нысандары күйдірілген қыштан салынып, діни ғұрыптық ғимараттары глазурленген қыш жапсырмалармен қапталғандығын атап өтуге болады.

ҚАЛЖАН АХУН МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІ

Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылынан батысқа қарай 12 шақырымда орналасқан.

Мешіт-медресе ХІХ-ХХ ғасырларға тән «кірпіштік» стиль дәстүрінде салынған. Мұнда елімізге белгілі дін қайраткері Қалжан ахун Бөлекбайұлы ислам дінін насихаттап, шәкірт тәрбиеледі. Туристік әлеуетінің жоғары болуымен ерекшеленеді.

АЙТБАЙ МЕШІТІ

Қызылорда қаласы Қ.Сәтпаев көшесі, 18 мекен-жайда орналасқан.

Мешіт 1878 жылы салынған. ХІХ ғасырға тән көрнекті ескерткіштердің бірі. Облыс орталығында орналасқан мешітті Айтбай қажының бастамасымен Әулиеаталық шеберлер Ысқан мен Қамал салған.

Кеңес уақыты кезінде ғимарат өзінің басты міндеттерін бірнеше рет ауыстырып, 1950 жылдары кинотеарт ретінде пайдаланылса, кейін ол жерге мектеп-интернат, 1970-1971 жылдары тігін цехы, одан кейін «Қызылордақалпынакелтіру» мекемесі орналастырылды.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап ғимарат иісі мұсылманның құлшылық етер орнына айналды.

ШІРКЕУ ҒИМАРАТЫ

Қызылорда қаласы, Тоқтыбаев көшесі, 5 мекен-жайда орналасқан.

Шіркеу кең тараған сәулеттік жобаның баламасы. Осыған ұқсас шіркеулер Астраханда және Ташкентте кездеседі. 1895-1939 жылдары орыс шіркеу, 1939-1957 саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасылары өмір сүрген, 1957-1980 жылдар аралығында облыстық музей, 1980-1991 жылдары бос тұрған. Бүгінгі таңда шіркеу христиандардың бас қосып, мінәжат етер негізгі орны.

ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР ЕСКЕРТКІШІ

Қызылорда қаласы Сұлтан Бейбарыс және Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан.

Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі Жалаңтөс Сейітқұлұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді.

Ескерткіш 2010 жылы орнатылды. Авторлары ҚР Суретшілер Одағының мүшелері, мүсіншілер Н.Далбай мен Қ.Жарылқапов.

БҰҚАРБАЙ ЕСТЕКБАЙҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІ

Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев көшесі, 72Б мекен-жайда орналасқан.

Бұқарбай Естекбайұлы ХІХ ғасырда  патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген қазақ ханы Кенесарыны қолдаған батырлардың бірі.

Ескерткіш 2012 жылы тарихи тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында бой көтерді. Ескерткіш Ж.Исмагуловтың жобасы бойынша қоладан құйылып, гранит таспен қапталған тұғырға орнатылған.

ЖАНҚОЖА НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІ

Қызылорда қаласы Теміржол вокзалы маңында орналасқан.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы  – Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы.

Ескерткіш 2014 жылы бой көтерді. Ескерткіш қоладан құйылған. Авторлары Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері, мүсіншілер А.Кененбаев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев.

МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕСКЕРТКІШІ

Қызылорда қаласы, Ы. Жақаев көшесінің бойында орналасқан.

2018 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың есімін ұлықтау, мәңгі есте қалдыру мақсатында орнатылған. Ескерткіш қола материалынан құйылып, гранитпен қапталған тұғырға орнатылған. Ескерткіштің авторы белгілі мүсінші К.Байғазиев.

БАТЫРХАН ШӨКЕНОВ ЕСКЕРТКІШІ

Қызылорда қаласы, Б.Шөкенов атындағы саябақта орналасқан.

Ескерткіш 2018 жылы еліміздің және Ресей эстрадасының жұлдызы, сазгер, белгілі әнші Батырхан Камалұлы Шөкеновтің есімін ұлықтау мақсатында орнатылды.

Ескерткіштің қоладан құйылып, тұтас граниттен дайындалған тұғырға орнатылған. Ескерткіштің авторы елімізге белгілі мүсінші М.Мансуров.

САУЫСҚАНДЫҚ ПЕТРОГЛИФТЕРІ

Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырымда орналасқан. Сауысқандық петроглифтері тарихы терең археологиялық ескерткішпен қоса, табиғат ландшафтысы ерекше туристтік нысандардың бірі.

Петроглифтердің мерзімделу немесе хронологиялық шекараларын ашып көрсету мәселелеріне келетін болсақ, мұндағы суреттер ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық кезеңдер мен кейінгі қазақ гравюраларына дейінгі аралықты қамтиды. Негізгі мотивтері-антропоморфтық фигуралар, бұқалар, арбалар, түйе және де басқа аң-кұстары бейнеленген символдар. Бұлардың барлығы әртүрлі сюжеттермен композицияларға біріккен, сан алуан тұрмыстық діни таным, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Бұл бейнелер қола заманындағы діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғүрыптық тұстарын көрсетеді.

ОҚШЫ АТА КЕСЕНЕСІ

Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 шақырымда орналасқан. Кесене ХІ ғасырда салынған.

Кесене туралы мәліметтер В.Каллаур, И.Кастанье, А.Ниязов, Ә.Қоңыратбаев еңбектерінде кездеседі. Қазақ жеріндегі оғыз – қыпшақ кезеңінен сақталған бірден бір кесенелердің бірі. Мазарға жерленген кісінің аты Ибраһим шайхы. Лақап аты – Көгентүп, Оқшы ата – кейін ел қойған есімі. Оқшы ата ХІ ғасырда өмір сүрген, халықты жаудан құтқарып, елдің болашағы үшін күрескен ұлы тұлға. Оқшы ата кесенесі орналасқан үлкен қорым Ғайып ата, Қыш ата, Асан ата, Есабыз ата, Досбол би, Бала би сынды әулиелер жерленген қасиетті орын ретінде маңызға ие.

СЫҒАНАҚ ҚАЛАШЫҒЫ

Жаңақорған ауданы Сунақата ауылынан солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымда орналасқан. Х-ХҮІІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Ортағасырлық деректерге қарағанда, қала ХІ-ХІІІ ғғ. ДЕШТІ-Қыпшақ елінің, ХІІІ-ХІҮ ғғ. Ақ Орданың, ХҮ-ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткізген қала ХҮІІІ ғасырға дейін өмір сүргені мәлім. Сығанақтың «Қыпшақ даласының айлағы» деп аталуы әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамығандығын аңғартады.

Сығанақ қаласы өз заманында мә­дениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі ру­хани білім орталықтарының бірі болды. Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі  ̶  «Хұсрау мен Шырын» поэмасы (авторы: Құтб шайыр) осы Сығанақ шаһарында жазылды. Сондай-ақ,  деректерде шығармалары шығыстық ақыл-ой жауһарлары санатында аталатын дарынды ғұлама Һисамиддин Сығнақидің осы қалада дүниеге келгендігі айтылады.

Бүгінгі күні Сығанақ қалашығында  ашық аспан астындағы мұражайдың алғышарты жасалып, консервацияланған  нысандарды: қорғаныс қабырғалары мен мұнараларын, қақпасын, тұрғын үй орындарын көруге болады. Сондай-ақ, қалашықтың тарихи кезеңдері бейнеленген «SYGANAQ» стеласы бой көтерген.

ТӨЛЕГЕТАЙ-ҚЫЛЫШТЫ АТА КЕСЕНЕСІ

Жаңақорған ауданы, Қыркеңсе ауылынан оңтүстікке қарай 7 шақырымда орналасқан. Кесене 2008 жылы салынған.

Кесене өз заманының батырлары, ел бірлігін ту еткен, әрі ерекше қасиетке ие әулие болған,  бірін-бірі құрмет тұтқан Төлегетай мен Қылышты жерленген орынға тұрғызылған. Кешен елімізге белгілі сәулетші Бек Ибраевтың жобасы бойынша тұрғызылған. Қасиетті орын дертіне шипа іздегендерге  Алланың күшімен шипа беріп отыратындығымен ерекшеленеді.

ҚОРАСАН АТА КЕСЕНЕСІ

Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырымда орналасқан. Кесене ХІХ ғасырдың аяғында салынған.

Қорасан ата – Сырдарияның төменгі ағысына келген алғашқы ислам миссионерлерінің бірі. Қорасан ата таңғы намазын өз мешітінде, екінші парызын Меккеде оқитын ерекше қасиетке ие болғандығын халық арасында түрлі аңыз-әңгімелерден естуге болады. Туристік әлеуетінің жоғары болуымен ерекшеленеді.

АҚТАС МЕШІТІ

Жаңақорған ауданы, Бесарық стансасынан оңтүстікке қарай 6 шақырымда орналасқан. Мешіт 1884 жылы салынған.

ХІХ ғасырға тән ерекше сәулетке ие құрылыстардың бірі. Мешітті өз заманында атты елге тараған озық ойлы, діни сауатты тұлға Айқожа ишанның ұлдары Ибадулла, Атамағзұмның бастамасымен тұрғызылған. Халық зиярат жасайтын қиелі орын ретінде ерекше маңызға ие.

АЙҚОЖА КЕСЕНЕСІ

Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 11 шақырым жерде орналасқан. Кесене ХVІІІ-ХІХ ғасырларда салынған.

Кесене 1773-1857 жылдар аралығында өмір сүрген, өз заманында аты елге тараған озық ойлы, діни өте сауатты, мешіт ұстаған әулие кісі Айқожа ишанның жерленген орнына тұрғызылған. Сыр өңіріндегі көрнекті ескерткіштердің бірі. Халық зиярат жасайтын қиелі орын ретінде ерекше маңызға ие.

Байқоңыр ғарыш айлағы

Байқоңыр – ғарыш алаңы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан. Іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу себебі: бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілген.

1957 жылдың 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін (ЖЖС) орбитаға шығарған. 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Ю.А. Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшты.

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Талғат  Мұсабаев ғарышта 2 рет (1994, 1998) болды. Бұл екінші қазақ ғарышкері ретінде тарихта қалды. 2015 жылдың 2 қыркүйегінде үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов көкке көтерілді.

Қызылорда облысының мәдениет,

архивтер және құжаттама басқармасы

Пікірлер