Ақтөбе облысында ұлттық санаққа әзірге 173 мың адам қатысқан

3943
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында 2009 жылғы халық санағы қорытындысы 757 768 адамды көрсеткен. Оның ішінде 601 463-і — қазақ, 103 069-ы — орыс, 25 485-і — украин, 800-і — өзбек және т.б. ұлттар бар. Ал 1 қыркүйектен басталған биылғы санаққа Ақтөбе облысы бойынша әзірге 173 мыңға жуық адам қатысқан. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Жолдасқали Беисовтің айтуынша, биылғы ұлттық санақ науқанына деген ақтөбеліктердің белсенділігі жоғары.

Оның айтуынша, бүгінге дейін ақтөбеліктердің арасында sanaq.gov.kz сайты арқылы 149 782 адам, egov.kz порталы арқылы 14 674 адам, «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы 8 405 адам тіркелген. Оның ішінде облыс орталығынан 56 256 адам қатысса, одан кейінгі орында Мұғалжар ауданы тұр. Бұл ауданнан 16 933 тұрғын санаққа қатысқан. Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Ырғыз ауданы алда тұр. Мұнда азаматтардың 41 пайызы сауалдарға жауап берген.

Сонымен қазіргі таңда тұрғындар онлайн санаққа тәулік бойы жұмыс істейтін sanaq.gov.kz сайты, Egov.kz порталы немесе «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы қатысуына мүмкіндігі бар. Биылғы жылдың 15 қазанына дейінгі уақытта кез келген қазақстандық санаққа онлайн режимде қатыса алады. Ал дәстүрлі аралау, яғни қызметкерлердің үйлерге баруы 1-30 қазан аралығында ұйымдастырылады.

Департамент мамандарының айтуынша, биылғы ұлттық халық санағының жаңашылдығы — заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру. Яғни халық туралы деректерді жинау процесі екі әдіспен жүзеге асырылады. Бірінші әдіс sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтта интернет-сауал қою арқылы санақ жүргізу әдісі. Яғни, 1 қыркүйек-15 қазан аралығында тұрғындар осы сайтқа кіріп, өзі туралы мәліметтерді қалдырып, халық санағына үлес қоса алады. Егер осы аралықта үйлеріңізге адамдар келіп, «біз халық санағы үшін келдік» десе, оған сенуге болмайды. Алаяқтар болуы мүмкін. Қазір санақ тек қана онлайн форматта ғана жүргізіліп жатыр.

Арнайы сайтқа кіру үшін ешқандай электронды цифрлық қолтаңба қажет емес, тек жеке сәйкестендіру нөміріңізді білсеңіз болды. Сайт үш тілде — қазақ, орыс, ағылшін тілдерінде жасалған. Жүйеге телефон нөміріңіз немесе электронды пошта арқылы кіруге болады. Сайтта 2021 жылғы халық санағы туралы маңызды ақпараттарды, соңғы жаңалықтарды білуге болады, сонымен бірге санақтан өтуге қатысу үшін бейненұсқаулықтар да берілген. Сайт виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттердің орналасқан жеріне қарамастан, өздігінен санақтан өтуге және өзімен отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Портал 1 қыркүйек-15 қазан аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Сайтқа кіріп, 91 сұраққа жауап беруі керек. Дегенмен азаматтар бұл сауалдардың барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Себебі санақ парақтарында шетелге кеткен немесе елге келген адамдарға, тек әйелдерге, ерлерге, балаларға ғана қойылатын сұрақтар бар. Сондай-ақ үйдің жағдайына қатысты сауалдарға тек үйдің иесі ғана жауап береді.  Әр азамат өз отбасы мүшелеріне жауап бере алады. Қолында тек жеке сәйкестендіру нөмірі болуы керек.

Биылғы санақта 2009 жылғы халық санағына қарағанда тілдерді меңгеру, неке жағдайы, бала туу және жұмыспен қамту сұрақтары кеңейтілген. Негізінен тұрғын үй жағдайлары, этномәдени сипаттамалар, білім және сауаттылық, көші-қон, неке жағдайы, бала туу, жұмыспен қамтылу, күнкөріс көздеріне қатысты сұрақтар қойылған.

Сондай-ақ биылғы жылдың ерекшелігі — пандемияға қатысты сұрақтар енгізілген. Пандемияның жұмысына әсері, вакцина алу секілді сұрақтар да бар.

Айта кету керек, азаматтар «Электрондық үкіметтің» порталы арқылы да санаққа қатысуына болады.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер