Әке сенің әр бір сөзің – ұлт үні: Дулат Ағаділдің ұлы Жанболаттың кісі қолынан қаза тапқанына тура бір жыл өтті

7019

Әке сенің әр бір сөзің – ұлт үні,

Көкжал едің қисаймаған қылшығы.

Бөлтірігің аман болса түбінде,

Қорқауларды итше ұлытар бір күні.

Бұл ащы, ыза байқалатын өлең жолдарының авторы Жанболат Ағаділ. Иә, әлеуметтік мәселелерді көтеріп, халық атынан сөз сөйлеп, қоғам белсендісі атанған Дулат Ағаділдің ұлы. Тергеу изоляторында жүрек талмасынан қайтыс болған Дулаттың ұлы араға 9 ай салып, пышақ жарақатынан қайтыс болды.

Тура бір жыл бұрын Жанболат Ағаділдің төбелес кезінде, пышақ жарақатын алып, сол жерде тілтартпай кеткенін естіген барша халық бұл өлімді де «қасақана» деген еді.

Ағаділ отбасының есімі бар қазаққа таныс. Әкесі мен ұлының өлімі расымен жүрек талмасы мен пышақ жарақатынан болса да, халық үшін бұл жағдай жұмбақ боп қала бермек.

Тұл жетімнің азабына шыдармыз,

Осы жүйе сізді өлтіріп жөнделсе.

 

Еліміздегі әлеуметтік мәселелерді көтеріп, көп балалы аналардың шынайы жақтасы боп, бейбіт шерулердің басы қасында жүрген Дулат Ағаділ 1977 жылы Қостанай облысы Жангелді ауданында дүниеге келген.

Кейін қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының Талапкер ауылына қоныс аударған. Өзі де көп баланың әкесі. Бар қазақтың жанын қайыстырған бір үйдің бес бүлдіршінінің өлімінен кейін, елде аналардың наразылық тудыруы, билікке талабы мен таразыға салынатын мәселелер төңірегінде дәл осы белсенді Дулат Ағаділ жүрген еді.

 Оның Қазақстан азаматы ретінде өтінгені:

Саяси тұтқындарды босату

Азаптауды тоқтату

Бейбіт шеруге еркіндік беру

Әділ сайлауды қамтамасыз ету.

Бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, тіпті 2-3 күндік қамауда отырған Ағаділдің ақтық сапарға аттануы да абақтыда болды.

Ақпанның 24-і күні үйінде отырған қоғам белсендісін бірнеше полиция өкілдері келіп, күштеп алып кеткендігі туралы ұлы Жанболат Ағаділ шырылдап өз шындығын айтқан болатын. Бұған дейін денсаулығы аса қатты сыр беріп, ауырмаған адам, жүрек талмасынан қайтыс болады. Ең сорақысы, жақындарының жанында емес, тергеу изоляторында…

«Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, ұсталған кезде ол мас күйінде болған. Қайтыс болғанын жедел медициналық жәрдем бригадасы анықтады. Алдын ала болжам бойынша өлімнің себебі: «жүрек қан тамыр жетіспеушілігі». Қаза тапқан адамның денесінде қандай да бір дене жарақаттары жоқ. Сотқа дейінгі тергеу басталды» деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан полиция департаменті.

«Жүрегі қысылған» деген ақпаратқа жұрт сенбеді. Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында митинг болып, Дулат Ағаділдің өліміне әділдік сұраған бірнеше адамды әдеттегідей, қамауға алынды.

Марқұмның танысы, бір көзқарасты ұстанатын пікірлесі Назым Серібекова:

«Дулаттың ішімдік ішіп, шылым шеккенін, ең қызығы жүрегі ауыратындығы туралы ешқандай шағымын естімедік»,- деп көзіне жас алып, еске алған болатын.

25 ақпан күні сағат 08:00-08:25 шамасында мерт болған Дулат Ағаділдің өліміне әлеуметтік желі қолданушылары «Билік кінәлі» деп өз ішкі ойларын жария етті. Жүрегі ешқашан ауырмаған жанның өлімі әлі күнге дейін жұмбақ.

Елдегі мәселелерді өткір тілімен қозғай білетін тағы да бір қоғам белсендісі, журналист Тоқтар Жақаш марқұмның өліміне Мұхамеджан Тазабекті кінәлады.

«Кімнің қалай ойлайтынын білмеймін, менің ойымша соңғы күндердегі адам айтса сенгісіз масқараға, Дулат Ағәділдің өліміне Мұхаммед Тазабек тікелей болмаса, жанама түрде кінәлі! Полицияға «митингке шыққандарды аямаңдар! Арабтар сияқты жамбасынан тебіңдер!» дегендей ортағасырлық жабайы лекциясының оқуы өтіп кеткен.  Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, Мұхамеджан сияқты жылына миллион доллар шашып жүрсе, бұл ел митингке шығып қайтсін?! Бұларға ел мен биліктің арасының алшақтай түскені тиімді. Екі жақ неғұрлым алшақ болса, табатын «дармавой» табысы да еселене түседі!», – деп өз ашуын facebook парақшасында жариялады.

Қоғам қайраткері, бизнесмен Мұхтар Тайжан да белсендінің өліміне байланысты өз пікірін білдірді.

«Ол жігітті танимын, кейде келіспеушіліктеріміз болғаны рас. Бірақ ақ көңіл, таза жігіт еді. Иманы жолдас болсын. Туыстарына қайғырып көңіл айтам. Өлімі қалай болғаны анықтап алу үшін ашық тергеу жасату керек», – дейді Мұхтар Тайжан.

Артында алты баласы мен жұбайы, анасының көз жасы біразға дейін құрғамады. Бүгін мәңгілік мекеніне аттанған ұлы Жанболат Ағаділдің әкесіне арнаған монологы кімді болмасын жабырқатары анық.

Асыл әке өзің барда қасымда,

Байқамаппын, бақытты екем расында.

Талапкердің таңын бүгін қарсы алдым,

Жылап тұрып бейітіңнің басында.

 

Көп деуші едің, ел мен жер деп өлгендер,

Кеше қатты толқыды ғой көмгенде ел.

Кім ойлаған жерге тығып кетер деп,

Жедел жәрдем көлігімен келгендер.

 

Ол сұмдарға ашпаған ем есікті,

Теуіп кіріп, зорлығымен шошытты.

Әкетай-ау, сен аңсаған «әділет», Осы жолы ажал болып жетіпті.

 

Сіз айтқан соң Алаш жәйлі оқығам,

Өсиетіңді көкейіме тоқығам.

37 жылдардағы сұмдықтар,

Біздің үйде болғанына шошынам.

 

Дулатовтай болса екен деп батылды,

Қойыпты деп айтып едің атыңды.

Сол арыстай сенде кеттің жан әке,

Түсіне алмай мынау нұрлы ғасырды.

 

Жер қайысты жаназаңа келгенде,

Өзегіме өрт тұтанды көмгенде.

Бәлкім бізде тірі жетім болмас па ек,

Осы халық сен тіріде ергенде.

 

Пана болар зар болып бір қалқаға,

Алты жетім аңырадық Арқада.

Енді біздің жан-жарамыз жазылмас,

Алты алаш келіп алақанға салсада.

 

Балаң қалды жетім болып сор қайнап,

Анам қалды жесір болып ойбайлап.

Өз басыңа домалайтын жартасқа,

Мерт болдың-ау әке қатты айғайлап.

 

Қазақ үшін тұрамын деуші ең өлгенше,

Әке сені жау көрді ғой көмгенше.

Тұл жетімнің азабына шыдармыз,

Осы жүйе сізді өлтіріп жөнделсе.

 

Әке өзіңе біз түгілі, ел зар болды,

Өз сақшымыз өзімізге жау болды.

Бізді осылар қорғайды деп жүруші ем,

Сәби жүрек түсіне алмай дал болды.

 

Әке сенен деуші едік көп үлгі алсақ,

Нәр беретін тамыр едің бүр жарсақ.

Әке сенің тыншиды ма аруағың,

Осы елдегі соңғы жетім біз болсақ.

 

Әке сенің әр бір сөзің – ұлт үні,

Көкжал едің қисаймаған қылшығы.

Бөлтірігің аман болса түбінде,

Қорқауларды итше ұлытар бір күні.

 

Қош бол әке, артыңда алты бала жүр,

Рухыңмен бізді есіңе ала жүр.

Тұлыбына мөңіреп қалған сиырдай,

Еліңе де назарыңды сала жүр…..

Әкесінің қазасынан екі күннен кейін қаламнан шыққан қайғылы жыр жолдарының авторы Жанболат бөлтірігі де кісі қолынан қаза тапты. Әкесінің армандаған әділдігі мен еркіндігіне қол жеткізем деп уәде еткен жеткіншек те өз сапарына аттанды.

Шынтақ тұсына, жүрек жағы мен қабырғасына пышақ сұғылған Жанболаттың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бап 2-бөлігі («Адам өлтіру») және 293-бап 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Баласының қазасын естіген анасы қазіргі таңда ауыр халде жатыр, Әжесі «біреулер пышақтап кетті дейді, бірі атып кетті дейді», деп өлімге кімнің кінәлі екенін білмей әлек.

«10 қарашада сағат 22.56-да 102 номеріне Нұр-Сұлтан қаласы Көктал ықшамауданы Болашақ көшесінің бойында жаппай төбелестің болғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жас жігіттер арасында жанжал болып, арты төбелеске ұласқанын анықтаған. Салдарынан екі адам дене жарақатын алған. Оның бірі 17 жастағы Ж.Ағаділ аяғынан жараланып, жедел жәрдем көлігі келгенге дейін сол жерде қайтыс болды»,- деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Азаттықтың жазуынша, іс бойынша алты айыпталушы бар: Назарбеков, Әбілдаев, Сыдық, Жұмахан, Асболат, Рахмет. Оларға "Бұзақылық", "Адам өлтіру", "Қылмысты жасыру", "Қылмысты хабарламау" баптары бойынша айып тағылған.

Адвокат Жандос Тұяқовтың Азаттыққа айтуына қарағанда, басты күдікті Өміржан Рахметке "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылған. "Прокурор оны 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. "Қылмысты жасыру" бойынша айыпталғандарға 4-5 жыл аралығында жаза сұрады.

Өміржан Рахмет тағылған айыпты мойындамайды. Сот үкімі бүгін оқылуы тиіс" депті адвокат Азаттыққа. |

Қорыта келе, қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің өліміне «денсаулығы» себеп болса, ұлы кісі қолынан қаза тапты.

Ажал айтып келмейді, бірақ «жұмбақ өлім» сөзі сүйектен өтеді…

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар