Ендігі мақсат — мемлекетке күш салмай, жеке көздерден қаражат тарту арқылы команданың жағдайын жақсарту

594

«Астана» футбол командасының Бас директоры Тастанбек Есентаев маусымның аяқталуына орай клубтың жаңалықтары, келер жылға жоспары мен биыл атқарған жұмыстары жайында сұхбат берген еді. Сонымен...

— «Астана» футбол клубының қазіргі жағдайы қандай? Бүгінгі күні клубтың бас бапкері кім?

— «Астана» Қазақстан Olimpbet-Чемпионатында және «Астана-М» жастар құрамасының ел чемпионатында күмісжүлде, ал 2003-2004 жылғы клуб тәрбиеленушілері чемпион атанып, келер жылы УЕФА Жастар лигасына жолдама алды. «Астана-М» жастар құрамасындағы Станислав Басманов үздік шабуылшы, ал 2003-2004 жылғы клуб тәрбиеленушілері құрамындағы Константин Оноприенко үздік қақпашы атанды.

Бұған дейін «Астана» футбол клубының қарызы 4,2 млрд теңгені құраған болатын. Қазір бұл мәселе оң шешімін тапты. Футболшылар, бапкерлер мен жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленеді. Бас бапкерге келсек, Қазақстан Olimpbet-чемпионатының XXV туры аясындағы кездесуде команданың алаңнан кету шешімін қолдағаны үшін бас бапкер Андрей Тихонов Бақылау-тәртіптік комитетінің шешімімен 2 жылға футболдан шеттетілген болатын. Футбол эмоцияға толы ойын. Футболшылардың сөзіне сүйенсек, төрешілердің әділ болмауы осы жағдайға әсерін тигізген. Ал бапкер ойыншыларды қолдаған. Не болса да, клуб бұл шешімді қатаң жаза деп санайды. Осы 2 жыл аяқталмайынша А.Тихонов Қазақстанда бапкерлікпен айналыса алмайды. Клуб ішінде бұл жағдай толық қарастырылып, өз шешімін тапты. Ал А.Тихонов жазаны жеңілдету үшін керек инстанцияларға шағымдануы не шешімді осы күйінде қалдыруы өз еркінде.

— Алда қандай мақсат-міндеттер тұр?

«Астана» футбол клубы 2020 жылы ел біріншілігінде қола алса, биыл күміс жүлдеге қол жеткізді. Әлемдік пандемияның клубқа әсерін осыдан байқауға болады. Ел тарихындағы ең жүлделі, УЕФА Чемпиондар дигасы мен Еуропа лигасында ел намысын қорғап, ел біріншілігінің 6 дүркін, Қазақстан Кубогының 3 дүркін, Қазақстан Суперкубогының 5 дүркін чемпионы болған команданың жеңістер сериясын әрі қарай жалғастыруы үшін атқарылар шаруалар өте көп. Спорт болғасын жеңіс тұғырына көтерілу мен құлдырау қатар жүреді. Өткен жылы бапкердің ауысуы, спорт алаңдарының жабық болуы, ойындардың бірнеше рет кейінге шегерілуі, футболшылардың бәрімен тең үйде қамалып қалуы өз кезегінде біздің ойыншыларға кері әсер етті. Көш жүре келе түзеледі. Өз кезегімізде олқылықтарды түзетіп, футболшылардың сұранысын толығымен қанағаттандырып, жаттығатын сапалы алаңдар мен керекті жабдықтармен қамтамасыз етсек, жігіттер жігерін жанып, намысты қолдан бермесі анық.

Клубтың жастар құрамасы да жақсы өнер көрсетті. Елордалық команданың ізбасарлары Екінші лиганың күміс жүлдегері атанды. Қазір Жастар құрамының бірінші лигаға өту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бастысы, келер маусымда «Астананың» жеңіс тұғырынан көрінуіне, клуб жаңа деңгейге шығаратын әрі дамытуға бағытталған жұмыстар басталып кетті. Қазіргі таңда келісімшарт уақыты жақындаған, яғни мерзімі 2022-2023 жылы аяқталатын ойыншылар бар. Бапкерлер құрамы өзара ақылдасып, бас бапкердің ойын стиліне келетін футболшылар тізімін жасақтап жатыр. Соған байланысты, жаңа маусымда «Астана» клубында қалатын, келетін ойыншылармен келіссөздер жүргізіледі. Клубтың жаңадан жасақталған құрамы бойынша толық ақпаратты уақыты келгенде «Астана» футбол клубының ресми дереккөздерінен біле аласыздар.

— Болашақта балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту жоспарда бар ма? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың мағынасы жоқ. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімді жұмсалмайды. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және, әрине, балаларға басымдық беру керек», - деген болатын. «Астана» футбол клубы өз кезегінде балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту мен тәрбиелеуге аса назар аударады. Ең басты жоспарымыз — тәрбиеленушілердің санын арттыру. 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық жоспарымызға сәйкес, инвесторлар тарту арқылы өз базасын құру жоспарланған. Мемлекетке күш салмай, жеке көздерден қаражат тарту. Команданың шығынын өзі жаба алатын күнге жеткізу. Халықаралық деңгейдегі бапкерлерді тәрбиелеу.

Кезек-кезекпен айтылған бағыттарға тоқталайық. Ойын алаңдары, жату орындары, тәрбиеленушілердің санын арттыру жоспарға сай өтетін болады. Қазіргі таңда «Астана» футбол клубының жаттығатын өз базасы жоқ. Ел ордасында талаптарға сай келетін 5 футбол алаңын жалға алу бағасы қалтаға күш түсіреді. Алаңдардағы жасанды төсеніш жамылғысы, ал күн суытқан шақта (қазан-сәуір) жамылғысы жоқ алаңда жаттығу өткізу де кері әсерін тигізеді. Одан бөлек, «Астана Аренадан» басқа алаңдарда қажетті құрал-жабдықтар (проектор, футбол алаңының макет», т.б.), киім ауыстыратын және жуыну бөлмелері, теориялық сабақтар өткізетін сыныптардың қарастырылмаған. Демек, өз инфрақұрылымымызды жасауымыз керек. «Астана» футбол академиясын құру арқылы, талаптарға сай заманауи жаттығу орталығы, футбол алаңы, жатақханасы болған кезде клуб тәрбиеленушілер санын 2-3 есеге арттыра аламыз. Қазір тәрбиелентін балалар саны 368, жас мөлшері 9-18 жас аралығында. Оның ішінде қыздардан жасақталған үш құрам бар.

Олармен жұмыс жасайтын әкімшілік қызметкерлер саны — 27, құрамында УЕФА лицензиясы бар бапкерлер, медициналық штаб бар. УЕФА-ның тәжірибесіне сүйене отырып жасалған жоспар бойынша атқаратын жұмыстар жетерлік.

Алда балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу бойынша стратегиялық жоспар бойынша еліміздегі футбол орталықтарының ішінде жас футболшыларды тәрбиелеуден көш бастау, «Астана» ФК Академиясын құру, Республикамыздың құрама командасына, негізгі және жастар клубы командаларына ойыншылар дайындау, футбол орталықтарының бапкерлерінің ортақ заманауи оқыту жүйесін енгізу, футбол орталығы Астана-М – Астана-Жас – Астана футбол клубының бір-бірімен тығыз қарым-қатынас құру жүйесін енгізу, т.б. қолға алынбақ.

Ғасырдан астам тарихы бар қазақ футболының ертеңін сөзге тие кетсек. Мысалы, қазақтың тұрмыс-тіршілігін әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезов «Жарыс» футбол командасында жартылай қорғаушы болған екен. Бүгін құрама сапында ойнап, ертең тарих беттерінде есімі алтын әріппен жазылатынын түсініп, намысын жанған ойыншыларды тәрбиелеу — біздің басты назарда. Жалаң аяқ доп теуіп, футбол десе ішкен асын жерге қойған қырбаласынан әлем көз тігер футболшы тәрбиелеу үшін Футбол академиясын құрып, идеологиялық тұрғыда біраз жұмыстар жасауымыз керек. Қазақ футболшылары көсіліп тұрып сұхбат беріп, ойынды егжей-тегжейлі түсіндірсе, ауылдағы қазақ балалары оны тыңдап өссе, бұл болашақ футболшыларға керемет мотивация болар еді. Бұл бағытта қазақтілді спорт ортасын қалыптастырып, футболшылардың халық арасында танымалдығын арттыру да қарастырылған.

— Биыл клубқа қанша қаржы бөлінді?

— Клубтың 2021 жылға арналған бюджеті – 4.5-5 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға аз. Әрине, еліміздегі марапат жағынан көш бастап тұрған клубтың жылдық бюджетінің осындай деңгейде қысқартылуы оңай тимесі анық. Демек, жаңа стратегиялық бағыт жасап, талапқа сай жұмыстар атқаруымыз керек. Бүгінмен емес, келешекті қатар ойлап, мықты футболшылар тәрбиелеп, өз академиямызды, инфрақұрылымды дамытуымыз керек.

Осы жерде клубтың биылғы табысына тоқтала кетсек,2021-2022 жылдар маусымындағы УЕФА Конференция Лигасы аясындағы ойындарда 750 000 еуро көлемінде табыс тапты. Орташа есеппен 1 еуро 500 теңге десек, 375 миллион теңгені құрайды. УЕФА Конференция Лигасында2-3 іріктеу кезеңдеріне қатысқаны үшін 550 000 еуро төлейді. Келесі кезеңдерге өткен сайын үстіне 100 000 еуродан қосылады. Трансферлік кезеңде «Лудогрец» футбол клубына Пьерос Сотириуды сатудан 800 000 еуро түссе, «Кадис» клубына Вараздат Ароянды 50 000 еуроға саттық. Бұл теңгеге шаққанда 425 миллион.

Тағы бір табыс көзі – маркетинг. Клубтың танымалдығы артқан сайын, футболшылары керемет ойындар көрсеткен сайын жарнама арқылы пайда табу деңгейі де артады. Биыл ел біріншілігіне кезінде демеушіміз Netbet компаниясы (нэтбет) 44 миллион теңге бөлсе, Йокагама құны 50 миллион теңгелік автобуспен қамтамасыз етті. Пандемия футболға да әсер етті. Көрерменсіз қаншама матчтар өтті. Футболшыларға жанкүйерлердің қолдауы жетіспеді. Енді ғана ақырындап жағдай түзеліп келеді. Соның өзінде «Астананың» ойынын тамашалауға сатылған билеттер құны 8 613 169 теңгені құрады.

 

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы