Алматы облысында су бөгеті жарылды

5519
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Мыңбаев ауылы маңындағы Книжевская су қоймасында бөгет жарылды. Шамамен судың тасу көлемі секундына 30 текше метр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

- 21 қараша күні сағат 23:13-те облыстық ТЖД қызметіне Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылы маңындағы су бөгетінің бұзылғаны туралы хабарланды. Бөгетте 4,47 миллион кубометр су қоры бар. 5-6 метр болатын жарықтан секундына 30 кубометр су кетуде, —деп мәлімдеді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

ТЖМ мәліметінше, арна бұзған ағын су Қарғалы өзеніне құйылып, әрі қарай Іле ауданындағы Күрті су қоймасына барып қосылады. Күрті су қоймасында шамамен 120 миллион кубометр су бар.

Құдай сақтап, тасқыннан зардап шеккендер мен кісі шығыны жоқ. Ағын су облыстық деңгейдегі Мыңбаев-Қасымбек тас жолын шайып кеткен. Қазір оқиға орнына полиция бекеттері орнатылды.

- Ағын судың арыны басылды. Қарғалы өзенін жағалап өту жолдары жасалып жатыр. Әзірге маңайдағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ, — дейді Талғат Уәли.

Оқиға орнында облыстық ТЖД басшысының басқаруымен ТЖМ құтқару қызметінің құрамы мен жергілікті атқару органы мамандары және басқа да мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Жедел штаб жасақталды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер