Сұлу әлемнің суретшісі

3221
Adyrna.kz Telegram
(Эссе)
Журфак көрмеген жазушы
Айта-айта Алтайды,
Асқар Алтай қартайды.
Талаптанды көп оқып,
Талай адам марқайды.
(Журналистік фольклордан)
Бір кезде журфакқа түскен жеткіншектердің бәрі шетінен жазушы болуға құмартып тұратын-ды. Журналистика факультеті қаламгерлікке мандат беретін киелі шаңырақ тәрізді еді ол тұста. Алғашқы курста-ақ журфактың қыз-жігіттері көркем дүние жазуды дағдыға айналдыра бастайды. Алдымен өлең өреді. Сосын қара сөзге құлаш ұрады. Баршаға белгілі бесінші жатақхананың тұрғындары сол тұста модаға айналған новелла деген ғажайып жанрды жаппай төңіректейтін. Бәріміз де сөйттік. Бұрқыратып өлең жаздық. Бірақ ұйқасын тапсақ, құйқасын таппай дағдардық. Өлеңді оңдырмаған соң, әңгіме жанрына ұрындық. Оны да қарық қылмадық. Жалпы, журфакта оқитындардың біразы осы жолдан өтеді. Өздерін әр салада сынайды. Сөйтіп, осылайша басыңды тауға да, тасқа да соғып көресің. Солай... Әйтеуір, санаң болса, көп ұзамай-ақ көркем сөзден алыстау екеніңді сезесің. Ақыры ештеңе шықпаған соң өзге сүрлеуге түсесің. Оны табу да оңай емес. Мұхтар Шахановша айтқанда, «жол іздейсің әлі ешкім бастамаған»... Бәрібір арқалы ақын немесе жампоз жазушы болу үшін журфакта оқып, Темкеңнің тепкісін көріп, бесінші жатақханада бірер жыл түнеп шығу керек секілді болатын да тұратын.
Жо-о-оқ, журфактың маңайына жоламағандар да ешкімнен кем қалам сілтемейтін көрінеді. Сол тұста еліміздің шығыс өңірінде туған үш жігіттің шығармашылығы өзіме едәуір әсер етті. Үшеуі де прозаик. Талғат Кеңесбаев, Асқар Алтай, Талаптан Ахметжан... Үшеуі үш түрлі. Мінезі де, мәнері де бөлек. Тумысынан романтик Талғат Кеңесбаев өте ақкөңіл. Қашанда қазақты ғана емес, күллі әлем жұртын аялап отырғаны... Үнемі құрбы-құрдастарына еркелейді де жүреді. Болмашы нәрсеге тез ренжіп қалады. Бірақ кешке дейін кек сақтап, тымырайып жүру әдетінде жоқ. Өз ұстанымы, өз философиясы бар. Өз әлеміне жан баласын жолатпайды. «Француз әтірінің иісі» деген алғашқы кітабы жарыққа шығып, көңіл-күйі көтеріңкі жүрген шағы еді. Қатты қысқан жұдырықтай тып-тығыз, дене тұрқы шап-шағын Асқар Алтай – қаршадайынан тау-тасқа өрмелеп, қалың тоғайдың ішінде аюмен алысып, жолбарыспен жұлысып, қонжықпен ойнап өскен перзент. Табиғаттың қыр-сырын жетік біледі. Пейзаж жазудың шебері. Жұрт көре қоймаған нәрсені әп-сәтте іліп түседі. Тосын тақырыптарды тауып алады. «Қызыл бөлтірік, «Көз» деген әңгіме-повестер жазып, елді таң қалдырып тұрған кезі еді бұл. Өмірлік тақырыбы Алтайды қара сөзбен жырлауды сол кезде-ақ бастап кеткен-ді... Ал бой-сойы келіскен Талаптан ана екеуіндей екпінді емес. Ақырын сөйлеп, анық басады. Қызба мінезі жоқ. Ойланып сөйлейді. Қатты ойға беріліп кетсе, тіпті сөйлемейді де. Сонысы өзіне керемет жарасады. Талаптанның тылсым тыныштығын бұзғың келмейді мұндайда. Көзі мұңды әрі тұнық. Сәл ғана күлімсірегенінің өзі көңілге шуақ ұялатады.
Осы үшеудің ешқайсының да біз бітірген КазГУ-ге қатысы жоқ-ты. Оған өздері соншалықты ықыласты да емес. «Шіркін-ай, неге КазГУ-де оқымадым екен» деп қапаланып, қамығып жүрген қаламгер достарымды көрмедім. Ол кезде әлі Асқар Алтайға айнала қоймаған Асқар Алпысбаев КазПИ-дің түлегі еді. Ал Талаптан мен Талғат тіпті Алматыда да оқымаған. Талғат Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын бітірген. Талаптан болса, Өскемен құрылыс-жол институтының өндіріске даярлап шығарған мынау деген мықты маманының біреуі.
Өз мамандығымен жұмыс істесе де, биік белеске шығатыны анық еді. Оның үстіне, өзі сондай ұқыпты, мінезі жайлы Талаптанның салған құрылыстары ғасыр өтсе де міз бақпай тұратынына күмән жоқ-ты. Бірақ ол жазу өнерін таңдады. Сөйтіп, шығыстың үш жігіті әдебиетке үш жақтан олжа салды. Баубек Бұлқышевтің «Тыңда, Шығысұлы!» дейтіні секілді үшеуіне де біздің базынамыз жүретін еді. Үшеуі де қалжыңымызға көнетін, әзілімізге шыдайтын, ойынымызды көтеретін. Сол күндер енді елес...
Жалпы, біздің студент шағымызда Алтайдан шыққан жазушылар қазақ прозасының түндігін желпілдетіп тұрды. Әдебиетіміздің классигі Қалихан Ысқақовтың қарасөздегі шеберлігі талайды тамсандыратын әрі мысын басатын. Әйгілі «Қоңыр күз едінің» авторын бір көргеніңе мәз боласың. Ол кезде өзі сымбатты, өзі асқақ, Кербұғы тектес Оралхан Бөкеевтің әр шығармасы үтір-нүктесіне дейін оқылады. Оған еліктеп екінің бірі әңгіме жазады, әркім өзінің Мұзтауына өрлеп, қиялындағы Қар қызын іздеп кетеді. Оралханның көркем ойын, сұлу сөзін жата-жастана оқып, санаға сіңірген әрқайсымыздың көкірек кенішімізде бір-бір Қоңқайымыз бар еді. Қыр Қоңқайы, Сыр Қоңқайы... Ақ Қоңқай, Қара Қоңқай... Адай Қоқай, Албан Қоңқай, Тама Қоңқай, Тана Қоңқай... Сөйтіп, біз жан баласына ұқсамайтын қыңыр Қоңқайды Алтайдың аумағынан алып шығып, қазақ даласының бар аймағына қоныстандырдық. Сірә, көркем дүниенің құдіреті деген осы шығар. Орағаңның ізін ала қалам ұстаған Дидахмет Әшімханов пен Әлібек Асқаровтың да оқырманын аузына қаратып тұрған шағы еді бұл. Тек өз қаламгерлерімізге ғана емес, қазақ жұртында өсіп-өніп, КазГУ-ді бітіріп, кейін әйгілі «Мәңгілік шақыру» мен «Көлеңкелер талтүсте жоғалады» деген шығармаларды жазған орыс жазушысы Анатолий Ивановтың туындыларына да кәдімгідей ынтамыз ауатын. Алпауыт жұрттың қаламгері болғаны үшін емес, біздің топырақта өмірге келгені, өзіміз бітірген оқу орнында оқығаны үшін қадірлейтінбіз. «Е, Алтайдай әсем жерде туған соң бұлар құлашын кең сілтемей қайтеді» деп сырттай қызығамыз да қоямыз.
Енді, міне, сол Алтай, өр Алтай, асқақ Алтай, асқар Алтай тағы бір таңғажайып қаламгерді халқымызға тарту етіпті. Ол теңдессіз талант Талаптан Ахметжан еді. Журфак көрмеген жазушы досым мамандығы құрылыс инженері болса да, сол журфакты арда емген, оған қоса, көрші филфактың шабытты шаңырағында, шынайы шеберханасында шыңдалған қыз-жігіттерден кем түскен жоқ.
«Журфак жазуға емес, жазбауға үйретеді» деген қисынды сөз бар. Мұның мәнісі мынада. Бір кездегі жалғыз журналистика факультетіне елдің түкпір-түкпірінен ең таңдаулы талапкерлер түсетін-ді. Бәсекелестік күшті болған соң нағыз шығармашылық орта қалыптасады. Оған әр «қайыңының басын өлең басып қалған» (Бақытжан Абызов) Алматының ақындық аурасын қосыңыз. Ауылдан шайыр боп, шайтан қуып келген серілер айналасын анықтап көргеннен кейін ет пен терінің арасындағы желіктен бір-ақ күнде арылады. Біз де солардың сойынан едік. Гүлнәр сынды (Салықбаева) ақынмен бірге оқыған соң, өлеңді қойдық, қара сөздің қаражорғасы Талаптан сынды қаламгермен қатар жүрген соң әңгіме жазуды сап тыйдық. Халтурадан сақтап қалды бізді олар.
Айтпақшы, біздің Гүлнәр да сол Талаптан туған шырайлы шығыстың қызы. Сөйтіп, біздің «батысымыздың шығыс боп кетуіне» журфак көрмеген Талаптанның да ықпалы болып еді бір кезде...
Қос газеттің қолқасы
Кім бұл іске төзер-ді,
Қиналмай-ақ, өзі ерді.
Құрылысшы болса да,
Кірпіш емес, сөз өрді!
(Журналистік фольклордан)
Алдымен оның есімін естідік. Жас қаламгерлердің жиынында ма, әлде шығармашылық жастар фестивалінде ме, әйтеуір бір берекелі басқосуда Талаптанға Әкім аға Таразидің өзі назар аударыпты. «Болашақта осы баладан мықты жазушы шығады» деп батасын беріпті. Жылт еткен жағымды жаңалықты қалт жібермейтін әбжіл журналист Қайнар Олжай сол әдеби жиыннан соң өзіміз қызмет істеп жүрген «Лениншіл жасқа» көлемді мақала жариялады. Ұмытпасам, сол мақаланың бір тақырыпшасын «Таразиді таңырқатқан Талаптан» деп қойған-ды. Азуын айға білеген Тарази түгілі көкезу білімпаз Талғат Батырханды таң қалдыра алмай жүрген біз бұл жаңалыққа бей-жай қарамадық. Ол кезде Тарази тәрізді классиктердің көңіл аударуы жас қаламгерлердің бағасын бірден биіктеп жіберетін. Әупірімдеп әңгіме жазып жүрген қыз-жігіттердің қай-қайсысы да Қайнекеңнің мақаласын оқыған соң бір желпініскені рас.
Талаптан дегенде тағы бір жайт еске түседі. Сол тұста бала біткен кроссворд пен ребус шешуге құмар еді. Газетке жариялана қалса, бар жұмысты жинап қойып, сөз сайыстырып, тор көздерді толтырып болғанша толастамайтынбыз. Әсіресе, бізбен бірге оқыған ақын Бауыржан Үсенов «Кроссвордтан шығармыз бір күндері, Бір-бір ұлы ақынның есімі боп» деп өлеңдетіп отырып, газет бетін әбден шимайлап тастайтын. Біздің дәуірімізде Шығыс Қазақстан өңірінен орталық басылымдарға өзі құрастырған кроссвордтарын үнемі жолдап тұратын, тіпті арнайы кітап шығарып үлгерген Талаптан Иманбаев деген егделеу кісі болушы еді. Сол қолтоқпақтай ғана Талаптан ағамыз «Лениншіл жастың» редакциясына да төбе көрсетіп кеткен-ді. Байырғы танысымыз жасамыс Талаптаннан кейін тура сол өңірден тағы бір жас Талаптанның шығуы бізге кәдімгідей әсер етті.
Бұл Талаптан тегін болмады. Бір күні оның «Айқасқа» деген әңгімесі жас жазушылардың «Арман қанатында» атты дәстүрлі ұжымдық жинағында жарық көрді. Жай әңгіме емес, әсерлі әңгіме. Жаныңды баурайды, жүзіңді жылытады, жүрегіңді қозғайды. Енді қараңызшы өзіңіз... «...Қалай десек те, Табиғат-ана там-тұмдап өткендегі өмір парақтарын төл перзенттеріне оқытып келеді, көкейіне тоқитындар көктемгі бүр жарған жас бүршіктен де, күлімдей сылдыраған Күршімнің ерке ағысынан да, самалмен теңселген жусаннан да, сайын далаға сағыныш күйін төккен бозторғай үнінен де, айналаның бәрінен сабақ алады; ал көкейіне тоқымайтындарға осының бәрі аюдың құлағына домбыра ойнағанмен бірдей...». Көрдіңіз бе, жиырмадан енді ғана асқан жас жігіт ақ қағаздың бетінде қалай-қалай көсіледі?!
Талайға арман болған сол «Арман қанатында» жинағы қаламгерлігіңе жол ашып, жөн сілтейтін берекелі бағдар, биік белес секілді еді. Оған шығармасы шыққан да арманда, шықпаған да арманда. Бұл кітаптардың жарық көре бастағанына бес-алты жыл өткен кезде талантты сыншы Қанипаш Мәдібаева сол уақытқа дейін жарияланған әңгімелерді талдап-таразылап, «Асыл арман арзандамасын» деген мақала жазғанын, оны жұрт іздеп жүріп, жаппай оқығанын ұмыта қойғанымыз жоқ.
Осылайша Талаптан әдебиет әлеміне Айқасқасын ауыздықтап, желмен жарыса жүйткіп келді. Оның жазу өнеріндегі жүйрік тұлпарының шабысына қарап, қатарластарының біразы таңдай қақты. Таң қалатындай бар еді. Әр әңгімесін иін қандырып илейді. Сөзбен сурет салады. Жылқының табиғатын жетік біледі. Ауыл өмірін жеріне жеткізе суреттейді. Ал енді туындыларының тілін айтсаңызшы. Әр сөзін кірпіш қалағандай әдемі үйлестіріп, тегістеп-текшелеген де қойған. «Ойнайсың құрылыс инженерімен...» дестік. Шынында да сол кітапқа көрік беріп тұрған әсерлі әңгіменің бірі осы «Айқасқаның» өзі еді.
Сол Айқасқа тектес Талаптан әдебиет әлемінде көсіле шапты. Тізгінін ешкім тартқан жоқ. Іркудің де қажеті болмас еді. Ол арынын арқан керіп тоқтата алмайтындай сұрапыл таланттың өзі болды.
Өскеменде облыстық телерадиокомпанияда қызмет істеп жүрген Талаптан Алматыда өтетін жиындарға үнемі келіп тұратын. Сондай күндерде таныстық. Шамасы, Асқар Алтай жақындастырды-ау деймін. Бір күні біздің «Лениншіл жастың» шығыс өңірдегі меншікті тілшісінің орны босады. Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына жауапты тілшінің жұмысы Талаптанның ыңғайына келетін еді. Шығармашылықпен еркін айналысуына жол ашылады. Бастығымыз Уәлихан Қалижанға ұсыныс айттық. Мәрт мінезді Уәлихан аға бірден келісті. «Шақырыңдар!». Содан Талаптанды қуантып жатырмыз. Ол да бірден келісе кетті. Алматыға жиі барып-тұруына, әдеби ортамен жиі араласуына жол ашылатын болды.
Сол екі ортада оған әдеби ортамен одан әрі жақындастыратын ұсыныс түскені. Біз болашақ меншікті тілшімізді редакцияға шақырғанбыз. Талаптан Алматыға келіп, басшылармен сөйлесті. Алдағы жоспарларын белгіледік. Кешке мен оны үйге ертіп кеттім. Ол өте балажан еді. Үйге қонақ келсе құтырып кететін менің мазасыз балаларыммен асықпай әңгімелесіп, солардың адам өлтіретін қиқы-жиқы сұрақтарына ерінбей жауап берді. Таңертең ол үйден шығарда сөз бен сөйлемді енді құрап жүрген біздің Дәурен бұзық «Палатхан аға, Ләззатқа сәлем айт», – деп шығарып салғаны есімізде.
«Лениншіл жастың» бас редакторымен әңгімелесуден өтіп, тек қызметінің рәсімделуі ғана қалған Талаптанға аяқ астынан «Қазақ әдебиеті» газеті қолқа салды. Дәлірек айтқанда, Дидахмет Әшімханов телефон шалды. «Достық ниеттерің үшін сендерге рахмет! Тек қана бұйрық күтіп отырған кезде ыңғайсыздау екенін де түсінеміз. Бірақ оның «Қазақ әдебиетіне» келгені дұрыс. Уәлихан ағаларыңа өзіміз айтамыз», – деді.
Сөйтіп, Талаптанға жастықтың жалауы – «Жас Алашта» жұмыс істеудің сәті түспеді.
Адам жанының инженері
Жұрт баласын тілдемей,
Жан адамды күндемей,
«Тұма» демей, «Мұң» демей,
Жазып шықты үндемей!
(Журналистік фольклордан)
Ол Алматыға ауысқан соң бірден біздің буынға қосылды. Жақсы күндеріміз басталды. Жас едік. Жалынды едік. Тегеурінді едік. Тату едік. Арамыздан қыл өтпейтін еді. Бәріміздің де көкірек кенішіміз кірлемеген кез еді бұл. Талаптанның өзі көркем сөзбен кестелегендей, бастауы былғанбаған таза бұлақ едік.
Жастық шақта топ болып жүргенді жаның қалайтыны рас-ты. Жарытусыз жалақымызға жалдайтын құрқылтайдың ұясындай пәтерімізді осы күнгі бес жұлдызды қонақ үйден кем көрмейтінбіз. Кездесе қалсақ, қалжыңның түбін түсіреміз. Әзілімізді әрлеп айтамыз. Сөзімізді сойылдай сілтейміз. Сын садағын шіреніп тұрып тартамыз. Ол кездегі ортамыздағы жалғыз сүрбойдақ Асқар Алтайды қалжыңмен қажау, ретті де, ретсіз де іреп сою ең бір сүйікті ісіміздің бірі-тін. Талғат Кеңесбаев маған қосылып алып, Асекеңді әурелеуге кірісетін. Оған қыңқ еткен Асқарды көрмедім. Азуыңды батырсаң да ашуланбайды. Басынан бассаң да былқ етпейді. Қайта ырқ-ырқ етіп, толассыз күліп, өзіңді жынды қылады. Ал Талаптан мұндайда әдемі күлімсіреп, жай ғана жымиып отыратын-ды. Ара-тұра ақ домбыраны қолға алып, әуелетіп ән шырқайды. Дауысы әдемі, бірақ бәрібір мұңды. Шынында да мұң оның маңайынан ұзамайтын музасы сияқты еді. «Мұң» деген әңгіме жазғаны, тіпті бір кітабын «Мұң» деп атағаны содан шығар.
Бүкіл шығармасынан оның өз болмысы айқын көрінетін. Тазалық. Тектілік. Талғампаздық. Тұрақтылық, Тиянақтылық... Осы қасиеттердің бәрі де оған тән еді. «Тұма», «Мұң», «Шәрбат», «Ақ жаңбыр», «Сұлу мен суретші» деген туындыларының тақырыбы да оның мінез-құлқымен керемет үндесетін.
Таңғы шықтай мөлдірлік Талаптанның шығармаларында ғана емес, шаңырағында да тұнып тұратын. Жан жары Ризаның мейірлі жүзі, берекелі дастарханы, әр күнін бақытқа балайтын қанағатшылдығы, екеуінің болмыс-бітімінің ғажайып үйлесімі жұрт назарын аудармай қоймайтын. Балалары да сондай тәрбиелі еді. Әсіресе тұлымшағы желбіреген сүйкімді қыздары Талаптанды айрықша жақсы көретін. Шексіз бақытты еді олар. Жанымызды жылытып, жүрегімізді жуындырып алғымыз келсе, Талаптан мен Ризаның шаттық кернеген шуақты шаңырағына баратынбыз.
Бас қосатындар сол «шығыстың шайырлары» – Талғат, Асқар, Талаптан және мен. Тау көріп өскен үш ноян мен жалғыз талы жоқ жазық далада жортып жүріп жетілген біз таң атқанша айтысамыз. Отыздан асқанша бірде-бір бойжеткенге бойын алдырмай, сырын білдірмей, ұзаққа созылған ауыр бойдақтықтың дәмін армансыз татқан Асқар Алтай сыңар езулеп, ешқайсымыздың аузымызды аштырмайды. Тек Талаптан ғана тоқтатады оны. Мінезімен меңзейді, мәнерімен тұспалдайды, мысқылымен жасқайды. Алтайдың Айқасқасын бас білдірген Талаптанға Асқар Алтайды жуасыту бұйым боп па?!
Қазір сол үшеудің екеуі арамызда жоқ. Талаптан да, Талғат та мәңгілік мекеніне бет түзеді. Ендігі әңгіменің бәрі естелік.
Кейін түрлі қалаға көштік. Түрлі жолға түстік. Бір-бірімізден жырақтадық. Бірақ баяғыдай күнде бас қоспасақ та, сыйластығымыз үзілмеді. Ара-тұра кездесіп тұрдық. Талаптан арамыздан шыққан алғашқы мемлекеттік қызметші еді. Бұқаралық ақпарат министрлігінің бір саласының тұтқасын да, топсасын да мықтап ұстап тұрды. «Парасат» журналы бас редакторының орынбасары, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болды. Қызметі өсті, беделі артты. Бірақ қанша жолықсақ та, Талаптан сол қалпынан айнымады. Сол баяғы күлімсіреу... Сол баяғы жылы жымиыс... Сол баяғы биязылық... Сол баяғы мұң...
Талаптанның өмірден озғанын Дидахмет ағадан естідім. Ешқайсымызға науқастанып жүргенін сездірмепті. Астанадан Алматыға жеттім. Жазушылар одағының ғимараты алдында адам өте көп жиналды. Абыз ақсақал, қарт қаламгер Әзілхан Нұршайықов бастаған ақын-жазушылар Талаптанмен қоштасуға келіпті. Қаралы жиында Әзілхан ағадан соң сөз сөйледім. Сөз сөйлеуге тиіс едім. Көкірегімде түйдектеліп, түйнектеліп тұрған шерді ақтарғым келді.
«Бүгін жақсы дос, адал азамат, нағыз жазушы арамыздан аттанып барады. Оның атына қатысты аталған осы эпитеттердің бәрі шын көңілден айтылады. Болмысы бөлек, мінезі ерек болды. Пенделер арасындағы періштедей боп бұйығылау ғұмыр кешті.
Біздің буын әдебиетке жас перінің келгенін сексенінші жылдардың ортасында Қайнар Олжай жазған Таразиды таң қалдырған Талаптан туралы мақаладан оқып білді. Ол содан бастап әдебиет әлеміндегі Мұзтауы мен Алатауының басына қарай өрлей берді. Өскеменнен құрылыстың оқуын бітірген өрімдей жас инженер арғымағын көсілте шауып, шын мәніндегі адам жанының инженеріне айналды. Қасиетті қаламның нағыз иесі келген соң көбіміз көркемсөз майданын өз еркімізбен тастап, қашып шықтық. Ал Талаптан сұлу әлемнің суретін салып, әдебиеттегі биік белестерін бағындыра бастады.
Тұстастарының бәрінен оның табиғаты бөлек болды. Бәріміздің арамыздан ол сонысымен ерекшеленді. Біз өтірік айта білеміз. Ал ол айтпайтын. Айта да алмайтын. Айтқан күнде де онысы өтірікке ұқсамайтын қисынсыз бірдеңе болып шығар еді. Біз көлгірси аламыз. Ол ондайға бармады. Біз жылап болып күле аламыз. Күліп болып жылай саламыз. Ол ондайды білмеді. Біз кірлеп кетіп тазаланып жатамыз. Тазаланып алып, қайта кірлейтініміз бар. Ал ол жүрегіне кір жұқтырмауға тырысты. Тұла бойын, жан дүниесін күл-қоқыстан аулақ ұстады. Ол мынау жалған ғұмырда кірлеп те үлгерген жоқ. Осы болмыс-бітімінің белгілері тұмадай тұнық шығармаларында көрініс тапты.
Міне, біз пенделер арасында бөлек мінезімен ерекшеленіп тұратын осындай қаламгерден айрылдық. Әдебиетке Айқасқасын мініп келген Талаптан сол әлемнің марғасқасына айналып, мәңгілік мекеніне кетіп барады.
Шетінен талантты, шетінен сұңғыла, шетінен жұмбақ Алтайдан шыққан жазушылар секілді Талаптан да айрықша ғұмыр кешті. Енді, міне Оралхан ағасы ерттеп берген Тортай мінген ақбоз ат пыраққа айналып, Алтайдың тағы бір атақты жазушысын арқасына қондырып, зеңгір көкке ұшып бара жатыр.
Хош, Талаптан! Сұлу әлемнің суретшісі! Алдың пейіш, артың кеніш болсын!».
Осылай дедік Талаптан доспен қоштасар сәтте... Оған да, міне, он екі жыл өтіпті...
Жоғарыда айтқанымыздай, шынында да біздің заманымызда «Жазушы – адам жанының инженері» деген қанатты сөз бар еді. Талаптан Ахметжан шынында да инженер, инженер болғанда да, оқыған-тоқығаны көп нағыз зиялы инженер еді. Жан дүниеңе үңіле білетін. Үңілгенде жақсылап үңілетін. Өзіңді аялап, тұлғаңды саялап тұрып үңілетін.
Ал, бүгін біз оның жадымызда қалған жан-дүниесіне үңіле алдық па, білмеймін...
Жас жұбайлар вальсі
Сәті келіп тұрған іс,
Сені бастар шыңға алыс.
Сүйген жарын табуға,
Себеп болды бір вальс.
(Журналистік фольклордан)
Талаптан мен Риза... Қыз бен жігіт түрлі жағдайда танысады. Біреу көшеде, біреу кинода... Біреу пойызда, біреу перронда... Бұл екеуі бірін-бірі алғаш рет театрда көрген. Театр болғанда, атақты әртістер ойнайтын кәсіби театрда емес, жастар мен студенттердің басын құраған халық театрында жолықты. Онда да сол театрдың залында немесе фойесінде емес, тұп-тура сахнасында танысыпты. Сол таныстық өмірдің сахнасында жалғасып жүре берген.
Былай бопты. Бірде Риза құрбысына еріп халық театрының жаңа қойылымына барады. Пьесадағы көрініске сәйкес, жастар сахнаға вальс әуеніне тербетіліп, билеп шығуы керек екен. Қыз-жігіттер өзара жұптала бастағанда бір жігітке билейтін бойжеткен жетпей, оқшауланып жалғыз қалады. Сол жігітпен жұп құрап билеп шығу үшін залда қаннен-қаперсіз көрермен боп отырған Риза сахнаға шақырылады. Ол әдепкіде «бармаймын да бармаймын» деп азар да безер болады. «Бір рет билеп берсең жетеді» деп қиылады режиссер. Қыз әзер келіседі. Бірақ олар вальсті сол билегеннен мол биледі. Сахнада кездейсоқ жолы тоғысқан қыз бен жігіт кейін жарасымды жұпқа айналды.
Өмірдің ащы-тұщысын бірге көрді. Төрт перзент сүйді. Ширек ғасыр бақытты ғұмыр кешті. Бір ақынның «Кездейсоқтық жасасын, кездейсоқтық, Кезіктірген сенімен екеумізді» деген өлеңі бар еді. Құдды сол...
Сонымен, театр сахнасынан өмір сахнасына көшкен ерекше вальс... Кез-келген көркем шығармаға сұранып тұрған сюжет. Шынымды айтсам, қанша жыл бірге жүрсек те, Талаптан мен Ризаның қалай танысқанынан хабарым жоқ екен. Осыны Қарагөз Сімәділдің Ризадан алған сұхбатынан оқып, таң қалдым. Жас әріптесім қаламгер досымның жан жарының жүрек кілтін тауыпты. Ал жүректің кілті табылса, оның көзі ашылады, әсерлі әңгіменің тиегі ағытылады.
Болашақ шаңырақтасымызбен бір мекенде туып, бір көшеде ойнап, бір мектепте оқып, сөйтіп, ауылдың арғы бетінен бергі бетіне қыз алып қашқан біз бейбақ танысып отау құру дегеннің не екенін білмейді екенбіз. Көзімізді тырнап ашып, тіршіліктің жүзін көргелі таныс болсақ, қайдан білейік... Ал біздің Талаптан мен Ризаның танысуы мен табысуы нағыз романтика. Сол таныстыққа жас жұбайлар вальсінің себеп болғанын көрмейсің бе?!
Тұмадай тұнық Талаптан мен риясыз мінезді Ризаның өмірі де әдемі вальске ұқсайтын еді. Олардың тіршілік ағысымен тербелген вальсінде ешқандай фальш болмайтын. Қарым-қатынастары тым шынайы еді. Бір-бірін қас-қабағынан ұғатын. Қашан барсаң да, шаңырақтары шаттыққа толып тұратын. Мұхтар Шаханов ағамыз бір өлеңінде «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме» демеуші ме еді? Бұлардың әңгімесі ешқашан түгесілмейтін. Бір-бірін тыңдаудан жалықпайтын. Бірі айта білетін, екіншісі тыңдай білетін.
Олар Алматыға қоныс тепкен әдепкі жылдары қазақ жастарының қайрат-жігерінің арқасында елеулі елдімекенге айналған «Шаңырақта» тұрды. Жұрттың бәрі жоқтан бар құрап, қолына не түссе, соны жамап-жасқап, баспана салып жатқанда, Талаптан кәсіби құрылысшы ретінде іске кірісті. Тірлігінің бәрі тап-тұйнақтай. Сызды, жобалады, қалады, әрледі, сәндеді... Ақыры ұядай үй тұрғызды. «Шаңырақтың» тағы бір ширақ тұрғыны Әнуарбек Әуелбек екеуі көрші еді. Сол жылдарда бұл бір өзінің салт-дәстүрлері бар ерекше ауыл болған-ды. «Шаңырақтың» арыны қатты ақын-жазушылары кеудесін ешкімге бастырмайтын. Сол шайтан мінез шайырлардың ортасында томаға тұйық Талаптанның өзі ептеп ашылып, салиқалы сөз айтып отыратын. Шынында да «Шаңырақты» қарымы бөлек талантты қаламгерлер мекен етті. Еркін ойлы серілер мен перілер, ширығып тұрар шайырлар мен бақсылар Талаптанды тыңдайтын. Кейін қызмет орнынан үй алған Талаптан «Шаңырақтағы» «Кіші Жазушылар одағына» Әнуарбекті төрағалыққа тағайындап, өзі «Жетісу» жаққа көшіп кетті. Әнуарбек бәрібір Талаптаннан тамырын үзген жоқ. Ақпарат кеңістігінде аз уақыт самғаса да, айрықша із қалдырған «Әдебиет айдыны» газетінде бірі бас редактор, бірі орынбасар болып, тізе қосып еңбек етті.
Үйдегі бабы мен шығармашылық бағы Талаптанды қазақтың қабырғалы қаламгеріне айналдырды. Ол тек жазғанды білді. Әңгімелері мен повестері үздіксіз жарияланып жатты. Бірақ қаламын дамылсыз сілтейтін жайдақ жазарман болған жоқ. Аз жазды, саз жазды. Қазақтың қара сөзінің әр әрпін аялап отырып, ақ қағаздың бетіне көркем кестеледі. «Ақтотыны», «Қара күзді», «Қала мен қарияны», «Тұманы», «Төрт кәнденді», «Өң мен түсті», «Аяқталмаған хатты», «Тергеуді», «Махаббат әуенін» қазақ әдебиетінің қазыналы қорына қосты. Оның әңгіме-повестері жаппай оқылды.
Талаптан жан жарын театр сахнасында бекер кездестірмепті. Туындыгерлігінің бір бөлігі театрмен байланысты болды. Драма жанры оның қолайына жақты. «Екі жүрек», «Қараторғай», «Тазша бала», «Сұлу мен суретші» деген пьесалары көрерменді сахна алдына жіпсіз байлады. Жас драматургтің шығармалары М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында және Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында қойылды.
Талаптан Ахметжан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болып қызмет істеген жылдарында тағы бір қырынан танылды. Ол бірде-бір қаламгердің бетіне жел боп тимей-ақ, ақырын сөйлеп, жөн сөз айтып, бастарын біріктіре білді. Шабыт қысқанда от пен суға түсіп кете жаздап жүретін жын қуған жазушылар мен шәлкес шайырларды дегеніне көндіріп, тіл табыса алатын жайлы басшы болды.
Өлең өлкесінде өзіндік өрнек салған ақын Алмас Темірбай бір жинағына «Мың бір мұң» деп ғажайып ат қойып еді. Сол мың бір мұң біздің Талаптанның да болмыс-бітімін толық танытатын. Амал  не, тұнық тұма мен мағыналы мұң оның өзімен бірге кетті. Аман жүргенде алдағы аптада алпысқа толар еді...
Шүкір, баяғы Шығыста тіктеліп, «Шаңырақта» шыңдалған шаңырағының аясы кеңейген. Жазған-сызғанының бас-аяғын түгелдеп жүретін саналы ұрпағы өсті. Сүйкімді немерелері өмірге келді.
Тіршілік вальсі жалғасуда...
Бауыржан  ОМАРҰЛЫ
Пікірлер